Немцовты өлтірді деген күдікпен тұтқындалған солтүстіккавказдық бес азаматтың біреуі – Заур Дадаев ақпанның 27-сі күні Мәскеуде жасалған қылмысқа «қатысым бар» деп «мойындап» та үлгерді.
Қалған төртеуі тағылған айыпқа «қатысы жоқ» екендерін мәлімдеген. Мәскеу бұрын да көптеген қылмыстарды осы бір тұрақсыз аймақ өкілдеріне жапқан еді. «Мұның бәрін Кремль Немцов өлімін солтүстіккавказдықтарға жабу үшін қасақана ұйымдастырып отыр» дейтіндер бар.
Немцовқа қастандық жасалған соң Ресей билігі «мұсылмандар Мұхаммед пайғамбарды мазақ еткен Францияның Charlie Hebdo журналынан өш алуы мүмкін. Оларды Борис Немцовтың журналды қорғап сөйлегені ызаландыруы ғажап емес» деп мәлімдеді.
«ТЕРГЕУШІЛЕР СОНДАЙ ТАПСЫРМА АЛҒАН»
Бірақ Немцовтың жақтасы Илья Яшин «оның өліміне діни көзқарасы себеп болды» деген болжамды «мағынасыз теория» деп атайды. Оның пікірінше, «тергеушілерге Путиннің беделіне дақ түспейтіндей нұсқа табу жүктелген».
Бұған дейін де Бесландағы және «Норд-Ост» қойылымы кезінде кепілге алынған тұтқындарды жаппай өлтіруді, 2004 және 2010 жылдары болған Мәскеу метросындағы жарылыстарды, 2004 жылы екі ресейлік жолаушылар ұшағына шабуылдау тәрізді ауыр қылмыстарға Мәскеу солтүстіккавказдық содырларды айыпты етіп шығарған.
«Олар (солтүстіккавказдықтарды айтады – ред.) қылмысқа тапсырыс берген адамның айыбын көтеруге қолайлы» деп санайтындар да бар. Оған мынандай үш мысал келтіруге болады:
ПӘТЕРЛЕР ЖАРУ ІСІ
1999 жылдың қыркүйегінде Мәскеу, Волгодонск және Буйнанскідегі тұрғын үйлерде жарылыс болып, 300-ге жуық адам қаза тапты. Бірнеше күннен соң сол кездегі Ресей премьер-министрі Владимир Путин «қылмысты солтүстіккавказдық сепаратистер» жасады деп мәлімдеп, екінші шешен соғысын бастады.
Солтүстік Кавказ содырларының лидері Әл Хаттаб «сепаратистер бейбіт тұрғындарға тиіспейді» деп, тағылған айыпты мойындамады. Ресей мемлекеттік думасының бірнеше депутаты да ашық парламенттік тергеу өткізуді талап етіп, «жарылысты Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) әдейі ұйымдастыруы мүмкін» деген пікірлердің бар екенін» мәлімдеді.
Бірақ 2002 жылдың ақпан айында Кремль тергеушілері Солтүстік Кавказ содырларына ресми айып тағып, күдіктілердің жетеуін өлтірді. Қаза тапқандар ішінде Хаттаб та болды. Өңге алты адамды «террорлық әрекетке қатысты» деп айыптап, соттап жіберді. «Осы қылмысты ФСБ өзі ұйымдастырды» деп мәлімдеген төрт ресейлік азамат кейін құпия жағдайда опат болды, олардың ішінде журналист Анна Политковская мен ФСБ өкілі Александр Литвиненко да бар.
ПОЛ ХЛЕБНИКОВТІҢ ӨЛІМІ
Forbes журналының орыс бөлімінің алғашқы бас редакторы болып сайланғанына аз уақыт өткен соң, 2004 жылдың маусымында Пол Хлебниковты біреулер кеңсесінің алдында атып кетті. Билік «оның өліміне Борис Березовский мен шешен көтерілісшілері жетекшісі Хожа Ахмед Нухаев туралы жазған кітабы себеп болды» деп мәлімдеді.
Прокуратура кейіннен «қылмысты Нухаев ұйымдастырған» деп, үш шешен азаматын тұтқындады. Үш шешен кейін ақталды да, билік «Нухаевтың тапсырыс бермегеніне көз жеткізгендерін» хабарлады.
АННА ПОЛИТКОВСКАЯНЫҢ ӨЛІМІ
Журналист және белсенді Анна Политковская Шешенстандағы адам құқығын бұзу мәселесіне қатысты деректер жинап, оған Кремль мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты айыптады. 2006 жылы қазанның 7-сі күні, Путиннің туған күнінде оны біреулер үйінің алдында атып кетті.
Бір жылдан соң полиция 10 күдіктіні тұтқындады, олардың ішінде шешен ұйымдасқан қылмыстық тобы өкілдері де болды. Бас прокурор Юрий Чайка олар «Ресейдің ішіне іріткі салмақ болған» деп мәлімдеді. Тергеушілер кейін 30 жасар шешен азаматы Рустам Махмудовты қылмысқа айыпты деп таныды. Күдіктілердің ішінде Махмудовтың екі бауыры да болды.
Кейін Рустам Махмудов Еуропаға қашып кетті, оппозициялық журналистер «оның қашуына ФСБ көмектесті» деп жазды. 2008 жылы сотталған үш шешен жігіті кейін ақталып шықты. Оларға қатысты үкім күшін жойды.
Ал 2014 жылы бес Шешенстан азаматы сотталды. Сотталғандар ішінде бастапқы күдікті Рустам Махмудов пен оның ағасы Лом-Али Гайтукаев та болды. Бұрынғы полиция қызметкері, ресейлік Дмитрий Павлюченков қылмысты ұйымдастырушы ретінде бас бостандығынан айырылды. Тапсырыс берушінің аты-жөні аталмады, Политковскаяның отбасы «қылмыс әлі ашылған жоқ» деп санайды.
(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)