Accessibility links

Екатеринбургте билікке оппозиционер келді


Екатеринбург қаласының жаңадан сайланған мэрі Евгений Ройзман. 27 тамыз 2013 жыл.
Екатеринбург қаласының жаңадан сайланған мэрі Евгений Ройзман. 27 тамыз 2013 жыл.

Азаматтық белсенді Евгений Ройзман Ресейдегі төртінші үлкен қаланың мэрі болып сайланды. Саяси оппозициясының көш басындағы бұл адамның тұлғасы қарама-қайшылыққа толы.

Өзгеше ойлайтын қайраткер, кәсіпкер, тарихшы, спортшы және ақын Евгений Ройзман Екатерингбургтің мэрі қызметіне жету үшін саяси бәсекеде озып шықты. Қыркүйектің 8-і күні өткен сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша сайлаушылардың 33,25 пайызы Ройзманға дауыс берген. Ал «Біртұтас Ресей» партиясының үміткері Яков Силин шамамен 30 пайыз дауыс жинаған.

АЙМАҚТЫҚ «ПАТРИОТИЗМ»

Олигарх Михаил Прохоровтың «Гражданская платформа» партиясының атынан, 11 үміткердің ішінен Ройзман сайлауға түсуге лайықты деп танылған болатын.

Қазір Ресейде танымал оппозиционер болғанымен, Ройзман қарама-қайшылыққа толы тұлға – бетке айтып салатын мінезі бар орыс ұлтшылы тікелей іске көшкенді ұнатады. Екатерингбургтің қылмыстық топтарымен байланысы туралы да сыбыс бар.

Қыркүйектің 8-і өткен сайлау алдында Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбат берген Ройзман неліктен мэр болуға бел буған себебін түсіндірді. Оның айтуынша, президент Владимир Путиннің Урал өлкесіне басқа аймақтың адамдарын билікке тағайындайтыны шамына тиген.

Екатеринбургтің орталығындағы алаңда. Көрнекі сурет.
Екатеринбургтің орталығындағы алаңда. Көрнекі сурет.
– 1,5 миллион халқы бар мықты, жақсы қаланы сырттан келгендер басқарып отыр. Туған қаламызда өгей баланың күйін кешеміз. Сондықтан сайлауға түсуге бел будым, - деген ол.

Мәскеудің Карнеги орталығының сарапшысы Николай Петровтың пайымдауынша, Ройзман қатты қорланған «жергілікті патриотизмді» көтеретін тұлға ретінде танылды. «Сондықтан Ройзман бөгделердің билігін жақтырмаған сайлаушылардың басын біріктіретін үміткер. Олар (сайлаушылар) өзін іскер ретінде көрсеткен мықты көшбасшыға, өз ішінен шыққан адамға дауыс бергілері келді» дейді сарапшы.

АТЫШУЛЫ ОППОЗИЦИОНЕР

Ройзман алқам-салқам жүретін, бұлшық еттері ойнаған қайратты жігіт, бірақ сөйлегенде даусынан бәлсіну байқалатын, тәкаппарлау адам. Паңсынуына қолы тиген істің бәрінде сәттілікке жеткені де себеп болса керек: мемлекеттік думаның экс-депутаты, өнер академиясының мүшесі, жазушылар одағының мүшесі, православтық иконаларды жинаушы, Ресейдегі тұңғыш жекеменшік мұражайдың негізін қалаушы, үш поэтикалық жинақтың авторы.

Евгений Ройзман - Ресей мемлекеттік думасының депутаты. Мәскеу, 9 маусым 2007 жыл.
Евгений Ройзман - Ресей мемлекеттік думасының депутаты. Мәскеу, 9 маусым 2007 жыл.
Өмірінде тентектеу болған кезеңдері де бар, оның бәрі халық арасында өз адамы ретінде саналуына ықпал етеді. Өз айтуынша Ройзман 14 жасында үйінен кетіп, СССР-ді шарлап шыққан. Уралмаш зауытында машинист болып жұмыс істеген. 1981 жылы «алаяқтық жасап, ақша бопсалады, рұқсатсыз суық қару тақты» деген айыппен сотталған. Совет түрмесінде азғантай уақыт отырды, бірақ 1984 жылы үкім күшін жойды.

1990 жылдары Ройзманға әйгілі Уралмаш ұйымдасқан қылмыстық синдикатына қатысы бар деген айыптар тағылды. Мэрге дауыс жинау кампаниясы жүріп жатқан кезде, тамыздың соңында, мемлекеттік телеарна оны күдікті ретінде танытатын деректерді жариялады, кейін Свердловск облысының прокурорлары «істі тексереміз» деп мәлімдеді.

– Қазір ол Екатерингбург мэрі болу үшін Прохоровтың, «Гражданская платформа» партиясының атынан сайрап жүр. Бірақ оның артында тұрған бұл партия ғана емес. Бүгін әңгіме төбеден жай түскендей әсер етуі мүмкін. Мен өзімнің және осында келген қонақтардың сөзіне жауапты болғандықтан қобалжып отырмын, - деді «Момент истины» («Ақиқат сәті») телебағдарламасының жүргізушісі.

1999 жылы Ройзман өзін танымал еткен жобасы – «Есірткісіз қала» бағдарламасын құрды. Бағдарлама қатаң жолмен тәртіп орнатушы шара ретінде танылды: нашақорлар күштеп әкелініп, әбден сауыққанша сауықтыру орталығында жатты. 2011 жылы The New York Times газетінде бағдарлама қызметкері: «Полиция бұндай әрекетке бара алмайды, оның әрекеті заңға қайшы боп саналады» деп мәлімдеді.

РОЙЗМАН – УРАЛДЫҚ НАВАЛЬНЫЙ МА?

«Есірткісіз қала» бағдарламасы бойынша есірткі сатушылар да аңдуға алынды. Ройзман өз жобасы Екатеринбургтегі есірткі мәселесін шешуге көмектесті деп, ешкімнен кешірім сұрамады.

«Барлық тұрғындардың көңілін осы жұмысқа аудардық. Құқық қорғау органдары мен прокуратурамен байланыс орнаттық. Айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Есірткі сатушыларға қарсы 5500 сәтті операция жүргіздік».

«Есірткісіз қала» қорының жетекшісі, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Ройзман (оң жақта) нашақорлықтан емдеу орталығында жатқан адамдармен сөйлесіп тұр. Екатеринбург, 17 наурыз 2004 жыл.
«Есірткісіз қала» қорының жетекшісі, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Ройзман (оң жақта) нашақорлықтан емдеу орталығында жатқан адамдармен сөйлесіп тұр. Екатеринбург, 17 наурыз 2004 жыл.
2006 жылы Ройзманға Есірткімен күрес федералдық қызметінің мемлекеттік медалы берілді. Дегенмен сол кезде қордың атына «нашақорларды төсекке кісендеп байлаған» деген сияқты айыптар тағылды. Ройзман айтылған сынды «Есірткісіз қала» жобасын көре алмаушылардың шығарғаны» деді.

«Есірткісіз қала» бағдарламасында қолданылған суық махаббат әдісі Ройзманның мэрге сайлану кампаниясында да қылаң берді. Жергілікті тұрғындар қаладағы көп қабатты үйлерді жөндеу туралы сұрағанда, ол «халықтың өзі жөндеуі керек» деді.

The Moscow Times басылымының советтік түрмеде болған кезеңі жайлы сұрағына Ройзман: «Ресейде тұратын адамның түрмені де көргені дұрыс. Бұндай тәжірибең болмаса, Ресейдегі өмірді жете түсіне алмайсың» деп жауап берді.

Мэр болғаннан кейін Ройзман күрделі кедергілерге тап болуы мүмкін. Енді ол «Біртұтас Ресей» партиясы өкілдері басым қалалық кеңеспен жұмыс істеуге тиіс. Сол партияның сенімді өкілі Свердловск облысының губернаторы Евгений Куйвашевпен істес болады.

– Ройзман ымыраға келуі қиын және сынды дұрыс қабылдамайтын адам, - деп сипаттаған Екатеринбургтік сарапшы Анатолий Гагариннің сөзін келтіреді РИА-Новости агенттігі.

Петербургтік саясаттанушы Михаил Виноградов Ройзманды ұлттық деңгейдегі
Ройзман ымыраға келуі қиын және сынды дұрыс қабылдамайтын адам
сарапшы Анатолий Гагарин
оппозициялық тұлға ретінде көреді. Оны сайлау қорытындысын қайта қарауды талап етіп жатқан Мәскеу мэріне үміткер Алексей Навальныйға ұқсатады.

– Ройзман өзін Уралдық Навальный ретінде көрсетеді, ол – оппозициялық саясаткер, саяси оппозицияның көшбасшысы, - дейді саясаттанушы.

Соңғы келген ақпараттарға сәйкес, Екатеринбург қаласының мэрі болып сайланған Ройзманды қыркүйектің 10-ы күні қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде Тергеу комитетіне шақырған. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне Тергеу комитетінің Свердловск облысы бойынша өкілі Александр Шульга хабарлаған. Бірақ ол Ройзманның нақты қандай іс бойынша шақырылғанын айтпаған.

Роберт Коалсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG