Accessibility links

Ресейлік белсенділер Еуразия Одағын құруға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 9 қазан 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 9 қазан 2012 жыл.
Ресейлік еуразияшылдар "1991 жылы еркінен тыс ыдырап кеткен елдерді қайта біріктіруді" қалайды. Қазақстандық сарапшылар Кремль Назарбаевтың бұрынғы идеясын желеу етіп отыр деп санайды.

«Еуразия одағы» идеясын 1990 жылдары философ Александр Дугин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды» дейді ресейлік белсенділер. Ал қазақстандық саясаттанушының ойынша, «бұл идеяны Нұрсұлтан Назарбаев бастады деген – Ресейдің желеуі».

«Қараша айының 4-і күні Ресейде өткен «Халық бірлігі» мейрамы кезінде Еуразиялық жастар одағы мен «Еуразия» партиясы Еуразия одағын құру мәселесі бойынша референдум өткізу үшін ұйымдастыру комитеті құрылғанын хабарлады» деп жазады ресейлік referendumunion.ru сайты. Қарашаның 6-сы күні комитет референдумға қатысты жиын өткізді.

«ЕРІКТЕРІНЕН ТЫС АЙЫРЫЛЫСҚАН ХАЛЫҚТАР»

Аталған сайтта жарияланған ұйымдастыру комитетінің мәлімдемесіне қарағанда, «әуелі Ресей империясы, кейін Совет өкіметі тұсында біріккен бауырлас халықтар 1991 жылы өз еріктерінен тыс айырылысуына тура келген».

Олардың айтуынша, 1991 жылы өткізілген референдумда халықтың 76 пайызы СССР-ді сақтап қалуға дауыс берсе де, Ельцин мен Шушкевич және Кравчуктің қылмыстық әрекеттерінен кейін СССР жойылған.

«СССР-дің өмір сүруын тоқтатқан келісім-шарттардың күшін жою мүмкін емес екенін, Еуразия халықтарының одақтас мемлекет құруға ұмтылысын ескере отырып, қазіргі тарихи шарттарға сай келетін жаңа референдум өткізуді ұсынамыз. Референдумның негізгі сұрағы Еуразия құрлығындағы елдерді бір мемлекетке біріктіру мәселесіне арналады. Мемлекеттік құрылыс, астана, ортақ валюта, тағы да басқа мәселелер қосымша сауалдар ретінде беріледі» делінген мәлімдемеде.
Александр Дугин, ресейлік қоғам белсендісі. Грузия, 15 мамыр 2010 жыл
Александр Дугин, ресейлік қоғам белсендісі. Грузия, 15 мамыр 2010 жыл

Мәлімдеме авторларының пікірінше, 1990 жылдардан бастап неоеуразияшылдық идеясын философ Александр Дугин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған.

Ресей қоғамдық белсенділері Еуразия одағы идеясын 2011 жылдан бастап Ресей президенті Владимир Путин айтқанын, бірақ ол бастама әлі күнге Ресей азаматтары тарапынан қолдау таппай отырғанын жазады.

Мәлімдемеде қоғамдық белсенділер Ресей заңының талабы бойынша референдум өткізуге қажетті 2 миллион қол жинау үшін елдің барлық өңірлерінде бастамашыл топ құрылатынын айтады. Олар постсоветтік елдердегі барлық азаматтарды осындай референдум өткізуге шақырады.

«НАЗАРБАЕВ ОТПЕН ОЙНАП ОТЫР»

Ресей қоғамдық белсенділерінің Еуразия Одағы жөнінде референдум өткізуге шақыруы Қазақстанда қоғамдық белсенділердің Кеден одағына қарсы референдум өткізу жөнінде бастама көтеріп жүрген кезіне сай келді.

Арасында оппозициялық партия жетекшілері де бар қазақстандық белсенділер референдум өткізу жөніндегі ұсынысты биыл қыркүйек айының 11-і күні Алматы қаласындағы баспасөз орталығында айтқан. Олардың пікірінше, «Еуразия одағы Қазақстанды тәуелсіздігінен айыруды көздейді, ал Нұрсұлтан Назарбаев отпен ойнап отыр».

Бірақ олар көтерген бастамада Кеден одағы мәселесі референдумда қойылатын негізгі үш сауалдың бірі болды. Кейін арнайы отырыстарда талқыланған кезде де, әлеуметтік желідегі пікірталастарында да Ресеймен қандай да бір одақ құру жөніндегі сұрақты жеке-дара қою мәселесі сөз болған жоқ.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Александр Лукашенко ЕврАзЭҚ саммитінде. Душанбе, 6 қазан 2007 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Александр Лукашенко ЕврАзЭҚ саммитінде. Душанбе, 6 қазан 2007 жыл

Азаттық тілшісі Ресей белсенділерінің референдум өткізу туралы бастамасына орай Қазақстанда осыған ұқсас, яғни «тақырыбы бір, мақсаты бөлек» бастама көтеріп жүрген белсенділердің бірі Болат Әбілевпен сөйлесті.

– «Еуразия Одағын құрамыз» деген сөз – «ортақ мемлекет құрамыз» деген сөз. Экономикалық тұрғыдан алғанда Кеден одағы Қазақстанға зиян келтірмесе, пайдасын тигізіп отырған жоқ. Қазірдің өзінде өкілеттігіміздің бір бөлігін Ресейге беріп жатырмыз. Мен республика басшылығының, Назарбаевтың не ойлап отырғанын білмеймін. Тек әйтеуір амбиция, идеялар ғана бар. Ал Қазақстанның болашақта тәуелсіздігінен айырылатыны қазір көрініп тұрған факт, – деп жауап берді ол.

Тағы бір қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан референдум өткізу жөніндегі қазақстандық бастамашыл топ «Кеден одағы мен бірыңғай экономикалық кеңістіктен шығу» туралы сауалға тоқталғанын айтты.

– Егер Қазақстан Еуразия Одағына қосылса, тәуелсіздігінен айрылады. Кеден одағы да, бірыңғай экономикалық одақ та Қазақстанға тек зиян келтіреді. Қазірдің өзінде зиян келтіріп жатыр, – деді ол.

«ШЕШІМ ЖОҒАРЫДА ҚАБЫЛДАНАДЫ»

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, kazbei.org сайтының редакторы Қазбек Бейсебаевтың ойынша, «Еуразия Одағын қолдайтындар да, қарсы болатындар да көп».

– Сондықтан шешім референдумда қабылданғаны дұрыс. Бұл тұрғыдан келгенде ресейлік қоғамдық белсенділердің бастамасын теріс деуге де болмайды. Бірақ Қазақстан да, Ресей де – президенттік басқару тұрпатындағы елдер. Екеуінде де президенттік билік басқалардан жоғары тұр. Сондықтан негізгі шешім төменде емес, жоғарыда қабылданады, – деді ол.
Ресейлік белсенділердің бастамасына жауап ретінде дәл сондай сұрақпен Қазақстанда да референдум өткізу қажет.
Оның айтуынша, «Қазақстандағы бастамашыл топ ұсынып отырған референдум сауалдарының бірі – Кеден одағынан шығу мәселесі – Еуразия Одағына да қарсылық. Бұл бастама Астананың ресми саясатына қайшы».

– Еуразия Одағын құру жөнінде Қазақстанда да референдум өткізілуі мүмкін. Бірақ әкімшілік ресурстар арқылы халық тілегін қалай жеткізуді біздің билік жақсы біледі, – дейді Қазбек Бейсебаев.

«ПУТИННІҢ ИМИДЖІН КӨТЕРУ»

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, «Ресейде референдум туралы бастама көтергендер – тәуелсіз күштер емес, Кремльдің жетегінде жүріп, тапсырмасын орындайтын қолдан жасалған ұйымдар. Олардың мақсаты – постсоветтік елдерді біріктіру жөнінде идея арқылы құлдырап бара жатқан Путиннің имиджін көтеру».

– Өз басым бұдан нәтиже шығатынына сенбеймін. Өйткені Ресейдің прогресшіл күштері мұндай интеграцияларға көңіл бөлмейді. Олар үшін бірінші кезекте Ресейдің өзі ішіндегі демократия, адам құқығы тұр, – деді ол.

Расул Жұмалының айтуына қарағанда, «Қазақстандағы орыс тілді азаматтардың бір бөлігі мұндай интеграцияға келіспейді. Қазақстандық орыс тілді азаматтар мен ресейлік орыс тілді азаматтар арасында үлкен айырма бар».
Расул Жұмалы, саясаттанушы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.
Расул Жұмалы, саясаттанушы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.

Саясаттанушының пікірінше, «Еуразия Одағы» идеясын 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан кезде ортақ парламент пен ортақ валюта жайлы сөз қозғалмаған.

– Қазір Ресей «міне, өздеріңіз бастадыңыздар, Нұрсұлтан Назарбаев бастады» дегенді желеу ететін болды. Олай емес. Мәселен, Кеден одағы бекіткен тарифтердің 90 пайызға жуығы Ресейдің тарифі. Кеден одағын үйлестіруші кедендік комиссияның тағы да 90 пайызы – Ресейдің шенеуніктері. Яғни жан-жақты ынтымақтастық туралы сөз жүзінде айтқанымен, іс жүзінде Ресей баяғы өктем саясатына басып отыр, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Биыл қыркүйек айында Кеден одағы туралы кодекстің күшіне енгеніне екі жыл толды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 7 қазанда ресейлік «Бірінші арнаға» берген сұқбатында «өзім бастап көтерген Еуразиялық экономикалық одақ идеясы Қазақстанда да, Ресейде де, Беларусьте де, тіпті басқа ТМД елдерінде де жаппай қолдау тауып отыр» деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG