Accessibility links

«Шпиономания» құрбаны секемшіл жүйеге қарсы шықты


Ресейлік дипломат Валентин Моисеев Мәскеудегі жоғарғы сотта тұр. 9 қаңтар 2002 жыл.
Ресейлік дипломат Валентин Моисеев Мәскеудегі жоғарғы сотта тұр. 9 қаңтар 2002 жыл.
«Тыңшы» деген айыппен төрт жарым жылын түрмеде өткізген азамат, Ресейдің сыртқы істер министрлігінде жоғары шенді дипломат болған Валентин Моисеев өз ісіне қатысты жайттар мен секемшіл жүйе жайлы әңгімелеп берді.

«Оңтүстік Кореяның тыңшысы» деген айып тағылған Валентин Моисеевтің ісі 1998 жылы жария болды. Осы істің кесірінен Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі қызметінен кетті.

Моисеев Азаттықтың Орыс қызметіне өзіне тағылған айып жөнінде, жалған айыптан арылу үшін күрескені жайлы, Ресейдегі «тыңшыларды әшкерелеуге» деген құмарлық туралы айтып берді.

«ДОСЫҢ ЖОҚ БОЛСА, КӨЗІҢЕ ЖАУ ЕЛЕСТЕЙДІ»

Валентин Моисеевтің айтуынша, оған тағылған айыптар күлкілі болған.

- Олардың жорамалы бойынша, мен Ресей Федерациясының қауіпсіздігіне қатер төндіретін әлдебір құжаттарды Оңтүстік Кореялық дипломаттардың біріне бермек болыппын-мыс. Ол құжаттардың Ресей Федерациясына тікелей қатысы жоқ, Солтүстік Кореядағы жағдай мен ол елдің біздің елмен қарым-қатынасына қатысты құжаттар болса керек. Бір қызығы - мені екі жылдай сырттай бақылап, телефонымды тыңдаған Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) әлдебір құжатты әлгі дипломаттың қолына ұстатқанымды дәлелдеген емес, - дейді Валентин Моисеев.
Бір қызығы - мені екі жылдай сырттай бақылап, телефонымды тыңдаған Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) менің әлдебір құжатты әлгі дипломаттың қолына ұстатқанымды дәлелдеген емес

Валентин Моисеевтің әйелі адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына шағым берген. Еуропа соты 2009 жылы «Валентин Моисеевтің ісіне қатысты Ресейде өткен сотты әділетсіз және сот төрелігі жөніндегі стандарттарға сәйкес келмейді» деп шешім шығарды.

Өзінің неліктен бұл айыптардың құрбанына айналғаны туралы Валентин Моисеевтің бірнеше жорамалы бар. «Бәрі биліктің секемшілдігінен шығып жатыр» деген ол:

- Билік әуелі «біздің тыныштығымызды бұзып, тыңшылық жасап келе жатқан бірнеше дұшпанымыз бар» деп жар салды. Ұйымдарды «шетелдің агенттері» деп есептейтін халге жеттік. Досың жоқ болса, көзіңе жау елестейді емес пе?! Батыс пен АҚШ та дұшпан болып көрініп, олар бізге совет заманындағыдай тыныш өмір сүруге мұрсат бермейді деген қорқыныш күшейген, - дейді Валентин Моисеев.

«ДОСТАРЫҢ БАСЫҢА ІС ТҮСКЕНДЕ СЫНАЛАДЫ ЕКЕН»

Валентин Моисеев Ресей мен Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастарды реттеу саласында жұмыс істеген.

«Тыңшылық жасады» деген айып тағылған соң әріптестерінің көбі өзімен араласпай кеткенін айтқан Моисеев:

- Мені бірден Лефортово изоляторына қамады. Ол жерден қайтып келген соң бұрын араласқан адамдардың көбі менен сырт айналғанын байқадым. Бұрыннан араласып келе жатқан адамдар, әріптестерім әлі де бар. Бірақ көп адам менің бар екенімді бірден ұмытқан тәрізді, - дейді.

Ресей билігі өз өмірінің шырқын бұзғанын айтқан Моисеев:

- 25 жыл істеген жұмысымнан, қоғамдағы орнымнан айырды. Әділетсіздіктің құрбаны болдым. Жылап отырған жоқпын, бірақ істің жайы осы, - дейді.

ВИКТОР ДАНИЛОВТЫҢ ІСІ

«Қытайдың тыңшысы» деген айыппен 2004 жылы сотталған физик ғалым Виктор Даниловқа Ресей соты жақында рақымшылық жасады. Он күннен кейін еркіндікке шығатын Данилов өзі Қытайға берген спутниктік технология құпия болмағанын айтады.
Физик ғалым Виктор Данилов Краснояр аймағының сотынан шығып келеді. Ресей, 14 қыркүйек 2004 жыл.
Физик ғалым Виктор Данилов Краснояр аймағының сотынан шығып келеді. Ресей, 14 қыркүйек 2004 жыл.
Жұрттың көбі бұл істі «ғалымдарды қорқытып-үркітіп алу үшін басталған ресми науқанның бір бөлігі» деп есептейді.

2000 жылдардың басында Ресей ғалымдарының үстінен «тыңшылық жасады» деген айыппен ондаған іс қозғалды. Бұл істердің ақыры «тыңшылықпен айналысты, мемлекетке опасыздық жасады» деп айыпталған жеке тұлғаларды қорғау жөніндегі азаматтық қозғалыстарға ұласты.

Валентин Моисеев азаматтық қоғам, әсіресе Нобель сыйлығының лауреаты, қазір марқұм болып кеткен Виталий Гинзбург басқарған ғалымдарды қорғау комитетінің тарапынан үлкен қолдау көргенін айтты.

- Олар маған, "мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталған басқа адамдарға араша түсіп, қорғады. Меніңше, Даниловтың босауы да солардың еңбегінің нәтижесі. Құқық қорғау ұйымдарының маған да көп көмегі тиді, - дейді Моисеев.

Қуғын-сүргінге қарсы күрескен Валентин Моисеев енді «тыңшылық жасаған» деген сияқты негізсіз айыптарға қарсы азаматтық акциялар өткізіп жүр.

Қазір ол құқық қорғау ұйымдарының бірінде директор орынбасары болып жұмыс істейді. Ұйым заңгерлері адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотында Виктор Даниловтың ісін де жүргізіп жатыр.

ЖАУ ІЗДЕУ ЖҮЙЕСІ

Валентин Моисеев өз басынан өткен жағдайға Ресейде қалыптасқан жүйені кінәлайды.
Өзімізді жаһанда жоқ ерекше Ресей мемлекеті деп санамай, кәдімгі еуропалық ел болуға тиіспіз.


- Бізде әр бұрыштан жау сығалап тұрғандай көретін секемшіл жүйе қалыптасқан. Бұл - бірінші жағынан. Екінші жағынан, бұл – жарамсақтыққа негізделген жүйе. Тыңшыларды ұстау үшін құрылған ұйым әйтеу бір жансыздарды табуы тиіс, әйтпесе ол ұйымдарды таратып жібереді, - дейді Валентин Моисеев.

Валентин Моисеев «бұл жағдайды өзгерту Ресей ашық елге айналуы қажет» деген пікірін айтты.

- Өзімізді жаһанда жоқ ерекше Ресей мемлекеті деп санамай, басқа еуропалықтар сияқты болуымыз керек. Түп-тамырымызды қуып келгенде, біз де европалықпыз ғой. Басқа елдермен қатар өмір сүріп жатқан кәдімгі еуропалық ел болуға тиіспіз. Міне, сонда жоқ жерден жау іздемейміз, достарымыз көбейеді, - дейді Валентин Моисеев.
XS
SM
MD
LG