Accessibility links

Өшпенділікті «тәрбиелеудің» бес жолы


Ресейдегі қоғамдық пікірталастар Путин билікке келгелі саябыр тартты.
Ресейдегі қоғамдық пікірталастар Путин билікке келгелі саябыр тартты.

Мәскеуде қастандықтан қаза тапқан Борис Немцовтың жақтастары «Путин 15 жылда өшпенділік атты кірпіштен сарай соқты» дейді. Мұның кесірінен жұрттың дені зорлық-зомбылықты мақұлдайтын дәрежеге жетті. Азаттық тілшісі Путин мұны қалай жүзеге асырғанын талдайды.

Әуелгі тәсіл. Оппоненттің үнін өшіру. Кремль жақында балағат сөзге тыйым салатын заң қабылдады. Бірақ Путин президент болғалы мәлімдемелерінде түрлі бейәдеп сөздерді боратып келеді. Ол мұны оппоненттерін (шешен жауынгерлері, журналистер, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили) тұқырту мақсатында жасайды. Ол тіпті ТМД-ның елдерінің «жалқау басшыларын» «жыл өткен сайын маңқаларын жеп отырады» деп те балағаттап жіберген.

Мұндай сөкет сөздердің екі әсері бар. Біріншіден, президент тарапынан мұндай былапытты күптеген адам айтарға сөз таппай қалуы мүмкін. Екіншіден, Путиннің бұл қылығы Мәскеу физика-техника институты (Борис Немцовтың ұлы Антон оқиды) деканының орынбасары Владимир Талисманов тәрізді адамдарға жел береді. Олар да ғайбат пікірін жасырмай айтуды мақтан тұтады. Ол Немцовтың ажалы туралы естіген кезде Ресей «тағы бір оңбағаннан құтылды» деген.

Екінші амал - «Біз - ұлы халықпыз». Ол президент болғалы ұлы Ресей мемлекетін қалпына келтіруге тырысып, православ шіркеуінің ықпалын арттырып, бала санын көбейтуге үндеп келеді. Тіпті Иосиф Сталин сияқты қарғысқа лайық тұлғаларды қайтадан әспеттеді (Путин Сталинді ұлықтауға тролльдар армиясын жалдаған).

Бұған қоса, Кремль саны аз ұлттар мен жыныстық азшылық өкілдеріне, мигранттарға қырын қарайды, оларға ксенофобиялық және гомофобиялық сипаттағы шабуылдар жасайды. Баспалар еңбек мигранттарына арналған кітапшалар шығарып, «орыстарға ұқсау» жолдарын үйретеді.

Нәтижесі қандай? Жұрт «жаратылысы басқалардан» ақылға сыйымсыз дәрежеде үрейленетін жағдайға жетті. Осы аптада бір «ғалым» консервативтік сайтта: «Мен - орыспын! Ол үшін кешірім сұраудан жалықтым!» деп мәлімдеді.

Үшінші айла - шекараны кеңейту. Путин Совет Одағының ыдырауын «тарихи апаттар» тізімінің басына қояды. Ол жақын орналасқан Қырым сияқты аумақтарды Ресейге қосып алуға тырысады. Абхазия, Оңтүстік Осетия, Приднестеровье мен Донбастағы тұрғындар арасына іріткі салып, сепаратистік ниет тудырады.

Симферопольдегі ресейшілдер шеруі. Қырым, 15 наурыз 2014 жыл.
Симферопольдегі ресейшілдер шеруі. Қырым, 15 наурыз 2014 жыл.

Қомақты қаржылық шығын болғанына қарамастан, былтыр Қырымды аннексиялау арқылы Ресей көршісі Украинаға шабуыл жасады. Кремль «тарихи әділеттілік» орнаттық деп мәлімдеді.

Төртінші тәсіл - «жауға жабылайық». Өткен жылы Ресейдің тұрмысы орташа азаматтарының табысы біршама азайды. Оған Батыс санкциялары мен мұнай бағасының арзандауы әсер етті. Азық-түлік тапшылығы мен бағаның қымбаттауына ресейліктер наразы. Бірақ Кремль бұл құбылысты өз пайдасына шығарып, «санкцияға себепкер» деп Украинаны айыптап, оны қолдаған ел – АҚШ-ты қаралады.

Кремль бар пәлені Вашингтонға жауып, «Еуромайданнан» бастап, Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылға АҚШ айыпты болып шықты. Ең таң қаларлығы - олар тіпті «Немцовтың өліміне де АҚШ тапсырыс беруі мүмкін» дейді.

ВВС тілшісі Сара Рейнсфонд «Ресей телеарналарының «АҚШ-тың Немцов өліміне шапшаң реакция жасауы күдік тудырады» деген хабар таратқанын» айтып, Twitter парақшасына «мұның - оппозицияның «мемлекеттік баспасөз өшпенділік пен үрей таратады» деген пікіріне тағы бір мысал» екенін жазды.

Бесінші әдіс. ​«Жауларыңнан көз жазба». Еліңіздегі барлық ірі бұқаралық ақпарат құралдарын бақылап отырсаңыз, барлық радио толқындар сізге бағынышты болса – халықтың бойына үрей ұялатып, кімнен қорқу керек екенін үйрету қиын емес. Өткен жылы Ресей баспасөзінде Путиннің даусы бұрынғыдан да қатты шығып, сыртта ғана емес, ел ішінде де қауіп бар екенін ескертті.

Қырымды аннексиялауға қарсы болған ресейліктер «ұлтшыл сатқындар», «бесінші колонна» өкілдері болып шықты. «Антимайдан» қозғалысы мүшелері елдегі онсыз да аз либералдарды «фашистік хунта өкілдері» деп айыптады.

Қаланың көрнекті жерлеріне Борис Немцов, Алексей Навальный, музыкант Андрей Макаревичтердің портреттері ілініп, олар «сатқын» деп жарияланды.

Гарри Каспаров «Олар Борис пен басқа да танымал оппозиционерлерді қала ішінде және теледидардан жамандай бастағанда, осы адамдарды жазалауға шақыру әрекеті байқалды» дейді.

Қаза табардан бір күн бұрын Борис Немцов Facebook-тегі парақшасына «Кремль адамдардың ішіндегі айуандық түйсігін оятып, өшпенділік пен ұрысқа итермелейді. Адамдарды бір-біріне қарсы қояды. Бұның ақыры жақсылықпен бітпейді» деп жазды.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG