Мәскеу ИМ әрекетін заңсыз деп тауып, олардың Ресейде жұмыс істеуіне тыйым салса да, олар Ресейдегі электрондық төлем құралын пайдаланып, ашықтан-ашық қаржы жинап жатыр.
Қаржы жинауға қатысатын әскерилер - негізінен Солтүстік Кавказдан шыққан, Сирия мен Иракта соғысып жүрген орыс тілді ShamToday тобының өкілдері. ShamToday-дің ИМ-нің этникалық шешендерден құрылған «Катибат әл-Акса» тобымен тығыз байланысы бар. Бұл топ ИМ-нің Сириядағы әскери командирі Умар әл-Шишаниге қарайды.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ НАСИХАТ
ShamToday тобының негізгі өкілдерінің бірі – Ильяс Дениев есімді этникалық шешен өткен айда Ирактағы Байджиде ұрыста қаза тапты.
Топтың тағы бір белгілі өкілі Мурад Атажев деген есіммен танылған. Ол әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Түркиядан тысқары аймақтағы топтың Facebook және «ВКонтакте» парақшаларын жүргізетін осы Атажев болса керек.
ShamToday алғаш рет 2013 жылы ресейлік «ВКонтакте» желісінде жеке парақшасын ашты. Кейін «ВКонтакте» әкімшілігі ИМ идеяларын насихаттағаны үшін ол бетті жауып тастаған еді. Содан бері ShamToday осы әлеуметтік желідегі әртүрлі аккаунттар мен арнайы хэштегтер қолданып, өз идеясын таратып келеді.
ИМ-нің басқа әлеуметтік желідегі топтарынан бір ерекшелігі - ShamToday видео-үндеулер жарияламайды. Олардың негізгі жұмысы – Ресейдегі ИМ-ді қолдайтындар үшін ақпараттық-насихаттық жаңалықтар дайындау, көбіне Сирия мен Ирактағы әрекеттер жайлы хабар тарату.
Олар ИМ үгітшілерінің аудио жазбаларын жариялап, Zello әлеуметтік желісінің қосымшасы арқылы онлайн-семинарлар өткізеді. ShamToday құрамында ИМ-нің солтүстіккавказдық танымал үгітшілері бар.
Мысалы, Муса Әбу Юсуф Шишани атты этникалық шешен өткенде «еуропалық шешендер бейбіт азаматтарды қырсын» деген үндеу жариялаған еді. Умар әл-Шишанидің сенімді өкілі, этникалық қарашай Әбу Жихад та осы топтың мүшесі.
ShamToday жақында QIWI әмиян жүйесі арқылы «садақа беруге» шақырды. «Қайырымдылық акциясына» шақырушылар қаржының қандай мақсатқа жұмсалатынын айтпайды, бірақ Ресей мен Орталық Азиядағы жақтастарын үгіттеу үшін қызық тәсіл қолданған.
Олар Құрандағы «әл-Тәуба» сүресін мысал етіп, «Мүшріктер сендермен түгел соғысқандай сендер де олармен түгелдей соғысыңдар» деген жолдарды нұсқаулық ретінде пайдаланады. Садақа беруді талап етушілер ShamToday-дің Zello-дағы екі арнасын қолданады, оның бірі «Халифат жаңалықтары» аталады. Оны топ Сирия мен Ирактағы ИМ-нің орыс тілді аудиториясына арнап ашқан.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ ТӨЛЕМ
ИМ-ге қатысы бар басқа орыс тілді әскерилер де қаржы жинау үшін QIWI әмиянды пайдаланады. «ВКонтакте» бетіндегі «Халифаттың ресми парақшасы» аккаунты ИМ туралы жазбалар жариялап тұрады, онда садақа берушілерге арналған электрондық әмиянның есепшоттары көрсетілген.
Бір қызығы, ShamToday әскерилері QIWI әмиянды басқа да миллиондаған ресейліктер тәрізді қауіпсіздік мақсатында қолданады. Өйткені, электрондық ақша аударуға банк шотын ашу қажет емес.
ShamToday-ге садақа бергісі келетін ИМ қолдаушылары QIWI арнайы дүңгіршегін де пайдалана алады (Ресейде 2013 жылдан бері осындай 169 мыңнан астам дүңгіршек бар) немесе смартфон арқылы ShamToday шотына ақша аударады. QIWI әмиян Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда да жұмыс істеп тұр.
ShamToday ұсынған нөмір шоты – ресейлік ұялы телефон нөмірі, бұл нөмірдің кімге тиесілі екені белгісіз.
Тыйым салынған топтың QIWI тәрізді электрондық төлем жүйесін қолдануы бірінші рет емес. Ресей депутаттары терроршыларды қаржыландыру үшін электрондық төлем жүйелерін пайдалануға тыйым салуға тырысып көрді. 2014 жылдың қаңтарында «Біртұтас Ресей» және оңшыл ЛДПР партияларының депутаттары электрондық төлем туралы заңға түзетулер енгізуді ұсынды.
Олар 5 мың рубльден асатын барлық белгісіз төлемге тыйым салуды талап етті, солайша 2014 жылы қаңтардың 15-і күні QIWI акциялары құлдырап кетті. Кейін, 2015 жылы қаңтардың 5-і күні заң қабылданғанда құпия төлем мөлшері 15 мың рубльден аспасын деп бекітілді. ShamToday-дің электрондық әмиянды қолданғанына қарағанда, заң жобасы оларға кедергі бола алмаған тәрізді.
Азаттық радиосының ShamToday тобының қызметтерін пайдалану туралы сауалына QIWI өкілдері «террорлық, экстремистік және басқа да заңсыз қызмет түрлерін қолдамайтындарын» білдірді. Электрондық пошта арқылы келген компания жауабында «Компания қылмыстық жолмен тасымалданатын қаржыларға кедергі жасау үшін барлық амалдарды жасайды» деп жазылған.
(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)