Accessibility links

Кремль, Қырым және «жақсы Гитлер»


Украин демонстрант Ресей президенті Владимир Путиннің сыртқы саясатына наразылық танытып плакат ұстап тұр. Киев, 11 наурыз 2014 жыл.
Украин демонстрант Ресей президенті Владимир Путиннің сыртқы саясатына наразылық танытып плакат ұстап тұр. Киев, 11 наурыз 2014 жыл.

Кремль үшін нацистердің барлығы бірдей зұлым емес сияқты. Азаттық тілшісі блогында «жақсы және жаман Гитлерді» ажырата білуіміз керек» дейтін Кремль жақтасы жайлы жазады.

Соңғы кездері Мәскеуден «Киевті нацистер мен фашистер басып алғаны» жайлы тым көп естідік. Шынында, нацистер жайлы Ресейдің мемлекет бақылауындағы ақпарат құралдарынан көбірек әңгімелейтін жалғыз БАҚ «History» («Тарих») телеарнасы ғана болар.

Қалай дегенмен, «Известия» газеті Кремльдің позициясын қорғаудың жаңа деңгейіне көтерілген сияқты.

Газетте сәуірдің 3-і күні Демократия және ынтымақтастық институтының Нью-Йорктегі бөлімшесінің жетекшісі Андраник Мигранян мақала жариялады. Аталмыш үкіметтік емес ұйым 2007 жылы президент Владимир Путин үкімімен құрылған. Мақсаты – Батыс елдеріндегі адам құқықтарының қорғалуын бақылау.
Андраник Мигранянның мақаласы – тарихшы Андрей Зубовтың мақаласына қарсы жазылған жұмыс. Зубов Путиннің Қырымды аннексиялауын Адольф Гитлердің 1938 жылы Чехословакиядағы Судет облысын басып алуымен теңестірген мақаласынан кейін, Мәскеу Мемлекеттік институтындағы қызметінен кетуге мәжбүр болған.

«ЖАҚСЫ ГИТЛЕР» КІМ?

Мигранян Зубовтың тұжырымына мүлде қарсы шығып отырған жоқ. Оның орнына – аң-таң қалмаңыздар – «жақсы Гитлер» мен «жаман Гитлерді» ажырата білуіміз керек дейді.

Сонда Мигранян меңзеген «жақсы Гитлер» кім болды дейсіздер ғой?

«Біз 1939 жылға дейінгі және 1939 жылдан кейінгі Гитлерді және ақ пен қараны ажырата білуіміз керек» деп жазады ол.

«Шындығы Гитлер немістің жерлерін – Германия, Австрия, Судет облысы мен Мемельді біріктіргенде қасық қан тамызған жоқ. Егер Гитлер осымен тоқтағанда, ол елінің тарихында ең беделді саясаткер ретінде қалар еді» деп жалғастырады Мигранян.
Владимир Кара-Мурза
Владимир Кара-Мурза

World Affairs Journal журналындағы блогында мақалаға қатысты пікірін білдірген Кара-Мурза жағасын ұстағанын жазған.

«Владимир Путиннің пропагандасы өзінің төменгі шегіне жетті дегенде, ол бұрынғыдан бетер төмендей түсе алады екен» дейді Владимир Кара-Мурза.
«Андраник Мигранян мен оның Кремльдегі қожайындарының есіне «ең беделді саясаткер, әрі неміс жерлерін біріктіруші» 1939 жылға дейін де концентрациялық лагерьлер ашып, көпшілік алдында кітап өртегенін, «арий еместерді» қудалағаны мен Гестапоны құрғанын, газеттер мен саяси партияларды жойғанын, бір кісінің диктатурасын орнатқанын, Нюрнберг нәсілшіл заңдарын қабылдатып, «Хрусталь түнін» (еврейлерге қарсы ұйымдастырылған погром – ред.) ұйымдастырғанын салатын біреу бар ма екен? Бірақ олар бұны онсыз да біледі ғой» деп жазады ресейлік публицист.

ФАШИСТЕРДІ АҚТАУҒА ҚАРСЫ ЗАҢ

Мигранянның мақаласы мемлекеттік Думада жаңа заң жобасына қатысты пікірталастар қызып жатқанда басылып шықты. Ол заң жобасы нацизмді жария түрде ақтағандарға қомақты айыппұл салып, бас бостандығынан айыруды қарастырады. Жуырда заң жобасының бірінші оқылымы өтті. Заң мамырдың 9-ы – «Жеңіс күні» қабылданып қалуы мүмкін.

Gazeta.ru бұны мысқылсыз қалдырған жоқ. Сәуірдің 4-і күні редактор жазбасында «Дума фашистердің қайсысынан үрейлі?» деген сауалды алға тартты. Бұл – Кремль нацистердің барлығын бірдей жаман деп санамайды дегенге меңзегені.

«Заң жобасы президенттің курсымен келіспейтін «ұлт сатқындарына» қарсы жазылған. Пропагандистер бүгін оларға «фашистер» деген айдарды оп-оңай тағып отыр. Алайда кез келген құрықтың, тіпті полиция таяқшасының да екі ұшы бар. Сондықтан бұл заңды «Известия» газетінде «Жақсы Гитлер 1939 жылдан кейін ғана жаманға айналды» дегендерге де қарсы қолдануға болады» деп жазады онлайн басылым.

(Блогты ағылшын тілінен аударған - Әзина Мақұлжан).
XS
SM
MD
LG