Accessibility links

Ресей телеарналары ұшақ апатына Киевті айыптады


Көрермен көзілдірігіне шағылысқан Ресей президенті Владимир Путиннің телевизордағы бейнесі. Севастополь, 17 сәуір 2014 жыл.
Көрермен көзілдірігіне шағылысқан Ресей президенті Владимир Путиннің телевизордағы бейнесі. Севастополь, 17 сәуір 2014 жыл.

Ресейліктердің көбі әлем жаңалықтарын мемлекеттік телеарналардан біледі. Шілденің 17-сі күні Украинаның шығысында құлаған Малайзияның жолаушылар ұшағы туралы оларға не айтылды?

Malaysia Airlines компаниясы ұшағының құлағаны туралы дерек тараған бетте Ресей мемлекеттік телеарнасы апат себебінің барлық болжамдарын тізіп шықты, бірақ апатқа Украинаның шығыс аймақтарында соғысып жатқан ресейшіл сепаратистер мен Мәскеудің қатысы болуы мүмкін деген жорамалға мүлде жоламады.

«НТВ» БОЛЖАМДАРЫ

Әлемдік БАҚ «ұшақты ресейлік «Бук» зениттік зымыран кешенімен атқан» деп шуласып жатыр. Бірақ Ресей мемлекеттік телеарналары көрерменге өзгеше болжамдарын тықпалап әлек.

«НТВ» телеарнасының қорытынды жаңалықтарының жүргізушісі «Реактивті снаряд тиді ме, әлде бұл жазатайым оқиға ма? Бәлкім ұшақ ішінде терроршы болған шығар. Украинаның шығысында құлаған Малайзия авиалайнеріне қатысты осындай сауалдар туындайды» дейді.

Апат аймағынан хабар жасаған «НТВ» тілшісі «шындықты білмей жатып, сепаратистерді айыптаған» Украина билігін сөкті. Содан кейін өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» екі лауазымды өкілімен сұхбаттасты. Олар мұндай ұшақты атып түсіруге «техникалық мүмкіндігіміз жетпейді» деп ант-су ішті.

«НТВ» тілшісі «Апат себебін Малайзия мен Украина үкіметтері құрған комиссия анықтайды. Қайғылы жағдайдан кейін «ұшақты атқан» деген ақпарат тарады. Украина билігі жағдайдың анық-қанығын білмей жатып, «ұшақты сепаратистер «Бук» зениттік кешенімен атты» деп мәлімдеді. Қазір «Донецк халық республикасы» басшыларына телефон арқылы хабарласамыз. Олардың пікірі мынандай...» деп, сепаратистер пікірін береді.

«НТВ» ұшақ апатына жаңалықтарының 14 минутын арнады, оның ішінде Ресей президенті Владимир Путиннің «оқиға қай елдің аумағында болса, сол ел жауап береді» деген мәлімдемесін де келтірді.

Шілденің 17-сі күні кешкі жаңалықта Ресей телеарналарының көбі «ұшақ маршрутынан шығып кеткендіктен, украиналық билік оны атып түсірген болар» деп тұспалдады. Ал «НТВ» «Киев Украина әскерінде ондай биіктікте (10 километр) ұшатын лайнерді атып түсіретін қару жоқ деген уәж айтады» деп мысқылдайды.

«ВЕСТИ» НЕ ДЕДІ?

«Россия 1» арнасындағы «Вести» хабарын дайындаушылар Украина бас прокурорының «Донецкідегі сепаратистер «Бук» зениттік кешенін украиналық жауынгерлерден тартып ала алмады» деген пікірін келтіріп, сепаратистерде ондай қарудың жоқ екенін «дәлелдеді». Бірақ дәл осы бағдарлама маусымның 29-ы күні «сепаратистердің «Бук» зениттік кешенін тартып алғанын, оның енді «Донецк аспанын күзететінін» хабарлаған еді.

«Вести» мен басқа да «ақпараттық» бағдарламалар «2001 жылы Қара теңіздегі жаттығу кезінде Украина әскерінің ресейлік жолаушылар ұшағын кездейсоқ атып түсіргенін» ескертіп жатты. «Вести» «Еске сала кетейік, Украина аумағында жолаушылар ұшағы бірінші рет апатқа ұшырап отырған жоқ. 13 жыл бұрын украиналық зениттік зымыран кешені «Сибирь» әуе компаниясының Ту-154 ұшағын Тель-Авивтен Новосибирскіге ұшып бара жатқан жерінен атып түсірген. Борттағылардың бәрі қаза тапқан еді» дейді.

«Вести» 35 минутқа созылған «сараптамасында» «қару-жарақ сарапшысы» Андрей Клинцевичтің пікірін береді. Ол - «Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясының мүшесі, дума депутаты Франц Клинцевичтің ұлы. Клинцевич маусымның 12-сі күні «Россия 24» телеарнасына «Славянскідегі соғыста украиналық жауынгерлер фосфор қаруын қолданды» деген болатын.

Клинцевич жауынгерлердің мұндай биіктікте (10 мың метр - ред.) жылдам ұшып бара жатқан лайнерді ата алмайтынын «дәлелдеуге» тырысты. Ол «Ұшақтың жылдамдығы өте жоғары болған, оны атып түсіру үшін бір минутқа жетер-жетпес уақыт ішінде шешім қабылдау керек. Алдын ала дайындалмаған топ ондай әрекетке бара алмайды» дейді.

Азаттық мәскеуліктерден ұшақ апаты туралы БАҚ-тан не естігендерін сұрап шықты (орыс тілінде):

Мәскеуліктер ұшақ апаты туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:29 0:00

«ШЫНАЙЫ ДЕРЕКТІ ҚАЙДАН АЛАМЫЗ?»

Ол апаттың себебіне үш болжам айтты. Біріншісі - ұшақта техникалық ақау болуы мүмкін немесе ішінде жанкешті террор отырған. Екіншісі – ұшақты біреулер басып алып, лайнер маршрутынан ауытқыған - тыйым салынған кеңістікке кіріп кеткен. Осы себепті оны жойғыш ұшақ атып түсірген. Үшіншісі – «ең сенімсіз нұсқа» - оны зениттік зымыранмен атқан.

«Левада» орталығы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, «ресейліктердің 94 пайызы Ресей мен әлемдегі жаңалықтарды теледидардан көреді». Респонденттердің 9 пайызы ғана ақпаратты интернеттен алатынын айтқан. Сауалнамаға жауап берген жұрттың 50 пайыздан астамы тек бір дереккөзге сенеміз десе, 60 пайызы Украинаға қатысты деректі мемлекеттік телеарналар «шынайы береді» деп ойлайды.

Бірақ Мәскеу мен басқа ірі қалалардың тұрғындары Ресей мемлекеттік телеарналарына толық сенбейді. 32 жастағы мәскеулік Илья Немец Азаттыққа «Бірінші» телеарна ұшақты «украиналық зымыран атты» деп мәлімдегенде таңғалдым. Ешқандай дәлел келтірмеді. Сұмдық қой, шынайы ақпаратты қайдан аларымызды білмейміз» дейді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG