Ресей әділет министрлігі тағы бес үкіметтік емес ұйымды «шетел агенттері» деген «қара тізімге» қосты. Сонымен олардың саны 11-ге жетті. Ішіндегі ең ірісі - «Мемориал». Ұйым өкілдері «Бұл – үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектейтін сорақы әрекет» деген мәлімдеме жасады.
ТІЗІМ ҰЗАРЫП БАРАДЫ
«Мемориал» мәлімдемесінде «Бұл тізімге ұйымдарды сырттарынан енгізіп отыр. Бірақ біз оларды Ресей мүддесіне жұмыс істеп жатыр деп санаймыз, себебі олар азаматтарды мемлекеттік органдардың зорлық-зомбылығынан қорғап келеді» дейді.
2013 жылы Ресейде шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың барлығын «шетел агентіне» жатқызатын даулы заң қабылданды.
Ресей әділет министрлігі осы заңға сүйеніп шілденің 21-і күні «Мемориал», «Агора», «Общественный вердикт», «Юрикс» және «Экозащита» ұйымдарын «қара тізімге» жаңадан қосты.
Енді үкіметтік емес ұйымдар бұл заңға қарсы шығып, сотқа жүгініп жатыр. Ал әділет министрлігі қара тізімді ұзартып келеді. Үкіметтік емес ұйымдардың құқығын қорғап жүрген заңгер Фуркат Тишаевтың айтуынша, «бұл заң қоғамдық ұйымдардың белсенді түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді». Ол Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында:
- Бұл шаралардың зияны көп. Бұдан былай тізімге енген ұйымдар қандай да бір мәлімдеме немесе есеп жариялар алдында он мәрте ойланатын болады. Бұл тізімге кіргендердің әсіресе халықпен жұмысы шектеледі, - деді.
БІТПЕЙТІН ЕСЕП ПЕН ТЕКСЕРІСТЕР
Жаңа заң бойынша «қара тізімдегі» ұйымның өкілі жазбаша не ауызша мәлімдеме жасағанда өзінің «шетел агенті екенін ескертуге» міндетті. Заңгер Кирилл Каратаев:
- Бұл – олар жұрт алдына шықпасын деген сөзбен бірдей. Ел алдына шыға қалған жағдайда олар «шетел агенті» екендерін бадырайтып көрсетуі керек, - дейді.
Азаттық тілшісі осы тізімге енген үкіметтік емес ұйымдарға хабарласып, сұхбат берулерін сұраған еді. Алайда олар алдымен жария мәлімдеме даярлап жатқандарын айтып, пікір білдіруден бас тартты.
Жаңа заң әлгі тізімдегі мекемелерге жылына екі рет үкіметке атқарған жұмыстары туралы есеп беруді міндеттейді. Оның сыртында, бұл ұйымдар жылына төрт мәрте шетелден келген қаржының есеп-қисабы мен құжаттарын тапсырып отырулары керек. Оған қоса, ұйымдар ақпарат құралдары арқылы жылына екі рет қандай жұмыс атқарғандарын хабарлап отыруы керек. Үкімет жыл сайын олардың жұмысына аудит жүргізіп отырады.
Каратаевтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар осыншама көп есепті әзірлеу үшін бұрынғыға қарағанда адам және қаржы ресурстарын молырақ жұмсауға мәжбүр болады. Тиісті талаптарды орындай алмаған мекемелерге үлкен айыппұл салынады. Ресейде ондай қомақты айыппұлды төлей алатын қоғамдық ұйым кемде-кем. Заңгер «сондықтан, мұндай әдіспен кез келген үкіметтік емес ұйымды жауып тастауға болады» дейді.
ПУТИН «ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДАН ҚОЛДАУ КҮТЕДІ»
Кирилл Каратаев «Әрине, жұрт жұмысын жалғастыра беруге тырысады, бірақ жаңа талаптармен жұмыс істеу қиын» дейді.
Әділет министрлігінің «қара тізімі» жарияланған күннің ертеңінде Ресей президенті Владимир Путин төрағалық еткен Ресей қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысында азаматтық қоғамның дамуы ұзақ талқыланды.
Путин азаматтық қоғамға «қысымды күшейтпеу» туралы айтып алды да, артынша «шетелдердің құпия қызметтері Ресей егемендігіне нұқсан келтіру үшін астыртын әрекет етіп жатыр» деп мәлімдеді. Ол «үкімет азаматтық қоғамның қолдауына үміт артады» дегенімен, оның нақты қандай қолдау екенін айтпады.
Путин теледидардан берілген мәлімдемесінде «Ел басқару ісінде біз әсіресе, азаматтық қоғамның белсенді қолдауына үміт артамыз. Осы тұрғыдан ең маңыздысы – жастардың отан алдындағы жауапкершілігін сезінетіндей патриоттық рухта тәрбиеленуі» деді. Ол бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдар «экстремизм және радикализммен күреске көмектесуі керек» деп мәлімдеді.
Заңгер Тишаевтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар құқықтарын сот арқылы қорғауды жалғастыра бермек. Ресейдегі барлық инстанциялардан өткеннен кейін ғана олар Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары сотына арыздануға мүмкіндік алады.
(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)