Accessibility links

«Ресей көктемі» әуелі Ярославльде туа ма?


Евгений Урлашов - Ярославьдің жаңадан сайланған, еш партияға мүше емес мэрі. Мәскеу, 2 сәуір 2012 жыл
Евгений Урлашов - Ярославьдің жаңадан сайланған, еш партияға мүше емес мэрі. Мәскеу, 2 сәуір 2012 жыл

Ярославль қаласы мэрі сайлауының екінші кезеңінде оппозиция қолдаған Евгений Урлашов биліктегі «Единая Россия» партиясының кандидатын шаң қаптырып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.


Ресейдің бергі тарихында мұндайды көрмеген халық таң қалды. Бұл шынымен де елдегі демократиялық өзгерістердің басы ма, әлде керісінше оның тұяқ серпуі ме?

ТМД-ДАҒЫ ЕРЕКШЕ ОҚИҒА

Барлық бюллетеньдерді санап біткеннен кейінгі нәтиже бойынша, Евгений Урлашов сайлаушылардың 69,7 пайызының дауысын жинаған. Ал оның қарсыласы, «Единая Россия» партиясының өкілі Яков Якушев бар болғаны 27,78 пайыз дауыс алған. Сайлауға дауыс берушілердің 45,45 пайызы қатысқан.

Жергілікті заң шығарушы органның депутаты болып қызмет ететін Урлашов ресми түрде ешқандай партияның құрамында жоқ, бірақ сайлаудың екінші кезеңінде оған КПРФ, «Яблоко» және «Справедливая Россия» партияларының жергілікті филиалдары, тіпті президенттікке кандидат болған миллиардер Михаил Прохоровтың өзі қолдау білдірген.
Ярославль қаласының мэрі қызметіне кандидат Яков Якушевтің веб-сайты
Ярославль қаласының мэрі қызметіне кандидат Яков Якушевтің веб-сайты

Іс басында отырған, билік партиясы қолдаған кандидаттың жеңіліс табуы Ресей ғана емес, бүкіл ТМД аумағындағы ерекше оқиға болды.

Урлашовтың қарсыласы – Яков Якушев Ярославль облыстық дума депутаты. Оны облыс басшысы Сергей Вахруковтың өзі жақтаған болатын. Мұнымен қоса, ол қалталы олигарх, оның үстіне барлық әкімшілік, ақпараттық ресурстар және құқық қорғау органдары осы кандидаттың мүддесі үшін жұмылдырылған еді.

«ЕДИНАЯ РОССИЯҒА» СЕС КӨРСЕТУ

Оппозиция тек Ярославльде ғана емес, автоөнеркәсіп орталығы – Тольяттиде де, сонымен бірге Мәскеу облысындағы Черноголовка қаласында жеңіске жетті. Ал наурыздың 2-сінде Солтүстік Кавказдағы Лермонтов қалалық кеңесіне депутат сайлау кейінге қалдырылды. Себебі оппозиция белсенділері екі кандидаты сайлауға қатыстырылмағанына наразылық ретінде аштық жариялаған еді.

Бұл орыс демократиясының бас көтере бастағанынан хабар бере ме?

Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Маша Липманның айтуынша, бұл - ауыз толтырып айтуға тұратын жеңіс.
Евгений Урлашов сайлаушылармен кездесіп тұр. Ярославль, наурыз 2012 жыл
Евгений Урлашов сайлаушылармен кездесіп тұр. Ярославль, наурыз 2012 жыл

- Аталған аймақтардың кем дегенде екеуі – Тольятти мен Ярославль кәдімгідей үлкен қалалар. Бұл үкімет күштеріне, әсіресе «Единая Россияға» деген қарсылықтың, оларға сес көрсетудің, әрі үкіметтің билікті пайдаланып, сайлауды қалауынша өткізуіне кедергі жасаудың үлгісі болды, - деп санайды Липман.

«Кремльге жол Ярославльден басталады» деп жазды блогында «Демократический выбор» қозғалысының жетекшісі Владимир Милов.

Карнеги орталығындағы аймақтық саясат бойынша маман Николай Петровтың айтуынша, бұл оппозицияға жігер берген оқиға болды.

- Билікке қарсы топтар үшін бұл үміт сәулесі іспетті көрінді. Себебі президент сайлауынан соң олар келесі сайлауға дейін істейтін іс жоқ деп төменшіктеп қалған еді. Ал қазір аймақтық сайлаудың өзі қозғаушы күш рөлін ойнап, саяси модернизацияға жол бастай алады деген ой қалыптасып келеді, - дейді Петров.

БАҚЫЛАУШЫЛАР ДА, ОППОЗИЦИЯ ДА КҮШ БІРІКТІРДІ

Ярославльде оппозицияның бірлігі де маңызды рөл ойнады. Урлашовты коммунистер де, либерал-демократиялық бағыттағы «Яблоко» да, солшыл-орта бағытты қолдайтын «Справедливая Россия» да жақтады. «Яблоко» партиясының жетекшісі Сергей Митрошкиннің айтуынша, оппозицияның Ярославльде күш біріктіруі кездейсоқтық емес, бірақ бұл жағдай оларға үлкен сабақ болыпты.

- Қазіргідей жағдайда сайлауда үкімет өкілін жеңіп шығуға болады деген ойдың өзі бізге қанат бітіреді. Әрине, біз үлкен қалалардағы мэр сайлауына баса назар аударуымыз керек, - деді Митрошкин.

Оппозиция өкілдері Мәскеуден 270 шақырым қашықтықтағы бұл қалада сайлау күні заң бұзушылық көп болатынын сезіп, Ярославльге топ-тобымен бақылаушы жіберген. Бұған қоса «Голос» тәуелсіз бақылау тобы қалада өте белсенді түрде жұмыс істеді - бюллетендерді топтау тастау, дауысты сатып алу жайттарын қырағы қадағалап отырған.
Сайлаудың өту барысын қадағалап отырған "Голос" ұйымының еріктілері. Ярославль, 1 сәуір 2012 жыл
Сайлаудың өту барысын қадағалап отырған "Голос" ұйымының еріктілері. Ярославль, 1 сәуір 2012 жыл

Оппозицияның қайта бақ сынайтын кезі алыс емес. Аймақтық және муниципалдық сайлаулардың келесі кезеңі күзде басталады. Қазанның 14-інде Ресейдің біраз өңірінде жергілікті парламенттерге, қалалық кеңестерге және мэрияларға сайлау өтеді.

Сарапшылардың айтуынша, Якушев ең болмағанда «Единая Россияның» Ярославль облысында алған дауыс санына жете алмауы - оның беделінің құлдырағанының айғағы. Былтыр желтоқсанның 4-інде өткен Дума сайлауында билік партиясы мұнда 29 пайыз дауыс алған еді. Ал Якушев сайлаудың екі кезеңінде де бұл межеге жете алмады. Маша Липманның сөзімен айтсақ, «Единая Россияның» бренді жоғалып барады.

Евгений Урлашовтың жеңіске жетуіне оның сайлауалды штабтарын тінткен полиция да, тікелей эфирде айтқан әңгімесін естіртпеу үшін Ярославльде «Эхо Москвы» радиосының сигналын өшіру әрекеті де кедергі бола алмады.

Николай Петровтың айтуынша, Ярославльде оппозицияның жеңіске жетуіне ықпал еткен басты күш – саналы түрде сайлау учаскелеріне келіп дауыс берген қарапайым Ресей азаматтары.

(Мақаланы қазақ тіліне тәржімелеген – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG