Accessibility links

«Путиннен қашып құтылу»


Ресей премьер-министрі Владимир Путин "Единая Россия" партиясының конгресінде. Мәскеу, 23 қыркүйек 2011 жыл.
Ресей премьер-министрі Владимир Путин "Единая Россия" партиясының конгресінде. Мәскеу, 23 қыркүйек 2011 жыл.

Путиннің үшінші мерзімге президент болып сайлануы Ресей қоғамында «елден кетеміз бе, әлде қаламыз ба» деген мәселені қайта көтерді. Ал slon.ru сайты «Путиндік жүйе құрбандарына Ресейден артық ел жоқ» деген ой айтады.


Интернет беттерінде «бұл елде енді біраз уақытқа дейін ешқандай жақсылық болмайды, сондықтан кету керек», «әйтеуір Путинмен бірге болмасақ болғаны» деген сияқты үндеулердің көбейіп кеткеніне орай мақала авторы «Жарайды, елден кеткенде қайда баруға болады?» деген сұрақ қояды.

ҰЛЫБРИТАНИЯҒА КІРУДІҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Мақала авторы Дмитрий Гололобов ресейліктер өмір сүргісі келетін елдердің тізімін Ұлыбритания бастап тұрғанын айтады. Алайда «алып-ұшып келген эмигранттардың арманы бұл жерге келген соң су сепкендей басылып, «біз осы дұрыс жерге келдік пе?» деп ойланып қалады» деп мысқылдайды автор.

Тұманды Альбион елінің артықшылығы жайлы көп жазылған. Ал кемшілік ретінде тек ыңғайсыз ауа райын, британдық тәкаппарлықты, көлік қозғалысының оң жақтан басқарылатынын ғана айтады. Ресейліктер жақсы көретін бұл елдің ХХІ ғасырдағы шын келбеті қандай?

Қазіргі Ұлыбритания – демалуға, бизнеске арналған ел. Бірақ саяхатшы да, бизнесмен де де британ елшілігі 2-3 апта бойы саусақ табын түсіруден бастап барлық анықтама қағаздарын жинағанша төзімділік танытуы керек. Ал бұл елде тұрақтап қалу үшін ел экономикасына қыруар қаржы салуың керек.

«4-5 жылдан кейін ғана салған ақшаңа қарай осында тұрақты өмір сүруіңе болады (онда да эмигранттарға арналған британ заңдарының талабына
Путинге қарсы шеру. Мәскеу, 25 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

көнетін болсаң). Сондықтан Ұлыбритания визасын алуға уақытыңыз бар ма, жоқ па – соны ойланыңыз. Бәлкім, одан гөрі Кипрге барғаныңыз дұрыс шығар?» деп қыжыртады автор.

«Ұлыбританиялық шенеуніктер шаруаңызды жылдам тындырып бере алмайды» деген автор ресейліктерге бұл елдегі бюрократиялық жағдайды баяндайды. Ұлыбритания бюрократтарының пара алмайтынын бәрі біледі. Бірақ ол жерде барлығы тек өз құзыреті шеңберінде және жалақысы орта деңгейде өмір сүретін орыс тұрғынының табысынан аспайтын жалақыға ғана жұмыс істейтінін естен шығарады. Ал шағымдарды, хаттарды қарау мерзімін қысқартудың заң бойынша тетіктері жоқтығы хат иесін тығырыққа тірейді.

Тағы бір мәселе – заңгердің ақы мөлшері сіздің шаруаңызды қаншалықты жылдам және оңтайлы шешкендігімен емес, қалай айналысқандығына байланысты болмақ. «Қатардағы шенеуніктің жылдам, тез, шынайы сүйіспеншілікпен қызмет көрсеткенін қаласаңыз, Ұлыбританияға бармай-ақ қойыңыз» дейді мақала авторы.

Ұлыбританияға барудан бас тартуға үгіттеп отырған автор ол елде полицейлерге сенім жоқ екенін жазады. Бұрындары полицейлерді Лондондағы Жаңа Скотланд-Ярдтан өзге тек АҚШ елшілігінің алдынан ғана көруге болатын еді. Ұлыбританиялықтардың айтуынша, полицейлері түгелдей сыбайлас жемқорлыққа батқан. «Төмен шенділер тәркіленген есірткілерді саудаласа, жоғары шенділері Руперт Мердокты ақпаратпен қамтамасыз ететін көрінеді. Яғни, ұлыбританиялық полицейлерге сенім жоқ» дейді автор.

«БАЛАҢЫЗДЫ МӘСКЕУДЕ-АҚ ОҚЫТА БЕРІҢІЗ»

«Жұмыс істейтін жастарға Кембридждің қажеті бар ма?» деп сауал қойған мақала авторы ағылшындардың өздері британ университеттерін орыстар сияқты ұната бермейтінін айтады. «Балаңыз Ұлыбританияның тәуір университетінде оқымайтын болса, онда мектепте де оқымай-ақ қойған жақсы. Егер олай болса, балаңыз өмір бойы «әлеуметтік жарымжан» болып қалатындай күй кешесіз. Ал сауалнамаға қатысқан он ата-ананың тоғызы балалары мұндай бағасы қымбат университеттерді бітіргеннен кейін жұмысқа қайда орналасатынын білмейді. Егер сүйікті балаңызды жұмысқа бәрібір «қоңырау шалып» кіргізетін болсаңыз, оданда Мәскеуде оқытқаныңыз жөн емес пе?» дейді автор.

«Лондон қауіпсіз қала» деген – миф» деп жазады автор. Ұлыбритания қоғамы қандай да бір аудан, аймақтағы қылмыстық ахуал жайлы жиі
Ресей премьер-министрі Владимир Путин (сол жақта) және Ресей президенті Дмитрий Медведев "Единая Россия" партиясының конгресінде. Мәскеу, 24 қыркүйек 2001 жыл.

хабарлап отырады. Үкімет мүшелері ақпарат құралдарына: «Есесіне бізде кісі өлімінің деңгейі өте төмен. Жылына жеті жүздей ғана өлім тіркеледі» дейді. Ұлыбритания заңы мен бүкіл құқық қорғау жүйесі адам өлімінің деңгейін кәдімгідей азайтқанымен, ұйымдасқан топ, мүлік жымқыру, ұрлық сияқты қылмыстар заңды табыс көзіне айналып отыр. Сырттан жақсы басқарылатын қоғамнан ажырап қалған он мыңға жуық адамның не істей алатынын таяуда Лондонда болған тәртіпсіздіктер көрсетіп берді. Бұл еуропалық «қылмыстық экономиканың» жаңа бір түрі секілді. Себебі адамға тек қарын тойғызу жеткіліксіз, оларға күнделікті айналысатын іс керек.

Ұлыбритания – тек оффшорлық инвестицияның кірісі есебінен күн көретін байларға, я мемлекеттің есебінен жәрдемақы алатын кедейлерге арналған ел. Онда жұмыс істеу тиімсіз. Себебі Ұлыбритания үкіметі дағдарыс пен сараңдығы кесірінен сырттан келетін ақшадан табыс салығын ұстамайтын жеңілдікті алып тастады (бұл «тандемократия» жүйесінің құрбандарын осы елге тартатын саяси тұрақтылық пен тәуелсіз соттан өзге тағы бір қызығарлық нәрсе болды).

Сосын үкімет шетелдіктердің табысынан алынатын салық жеңілдіктерін алып тастап, байлардан алынатын салық мөлшерін өсіру арқылы путиндік жүйенің құрбандары үшін ғана емес, қалтасы қалың адамдар үшін де қолайлы салық жүйесін бұзды дейді мақала авторы: «Енді сіз жан басына салынатын салық мөлшерін өзгертпеуге уәде берген Владимир Путинге сенетініңізді, не байларға жаңа салық төлемін енгізбеуге уәде берген Ұлыбритания үкіметіне сенетініңізді өзіңіз айқындаңыз».

САЛЫҚТЫ КІМГЕ ТӨЛЕГЕН ПАЙДАЛЫ?

Автордың айтуынша, қарапайым ағылшын азаматы «толерантты емес» тақырыпта әңгіме айтуды ұнатпайды. Бірақ Ұлыбританияда не бір күн жұмыс істемеген, не бюджетке бір тиын салық төлемеген адам барынша көп жәрдемақы талап ететін болса, онда ең сабырлы деген ағылшынның өзі ондайға төзіп тұра алмайды. Хемстедтегі құны екі миллион фунт-стерлинг қазыналық үйде тұрып жатқан жұмыссыз эмигранттың отбасы жайлы «Дейли Мейл» жариялаған мақала отқа май құя түсті. «Өзіңіз ойлап көріңізші, егер төлеген салығыңызбен британ полициясының ардагері күн көрсе – оның жөні бір бөлек. Ал сіздің табысыңыз көшеде жүрген жасөспірім қылмыскерді асыраса – ол басқа әңгіме» дейді мақала авторы

«Бәлкім, табысыңыздың 50 пайызын сомалилік босқындарға беріп, түнімен дөңбекшіп жатқанша, билікке 13 пайызын төлеп қойып, тыныш ұйықтағаныңыз артық емес пе?» деп сұрайды автор.

«Ұлыбритания – әдемі, мәдениетті және тамаша ел. Бірақ ол да жалпы еуропалық және өзіндік «ауруларға» шалдыққан. Кім де кім «Ресей галереяларынан тапқан» ақшаларына Ұлыбританиядан жайлы өмір іздесе, онда қатты қателесуі мүмкін. Тіпті Владимир Путиннің өзі де!» деген кекесінмен түйіндейді автор мақаласын.
XS
SM
MD
LG