Accessibility links

«Метродағы жарылысты билік қысым күшейтуге пайдаланады»


Метроның "Сенная площадь" станциясындағы полицей. Санкт-Петербург, 4 сәуір 2017 жыл.
Метроның "Сенная площадь" станциясындағы полицей. Санкт-Петербург, 4 сәуір 2017 жыл.

Ресейде көп адам опат болған теракт оқиғасынан кейін әркез саяси өзгерістер болып, заңды қатайтады – қылмыстық кодекс қана өзгермейді. Ең белгілі жағдай – 2004 жылы Бесланда содырлар мектепті басып алған соң сайлау болмай қалған еді.

Ол кезде 333 адам қаза тапты, олардың көбі – балалар. Шабуыл болған күннің кешінде Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеу жасады. Ол «Мұндай жағдайда бұрынғыдай қамсыз өмір сүре алмаймыз. Енді ел бірлігін нығайтатын бірқатар шаралар қабылданады» мәлімдеген еді.

10 күннен соң, 2004 жылы қыркүйектің 13-і күні, Путин саяси реформалар бағдарламасын жария етті. Ең басты ұсыныс террорлық қауіпке тиімді түрде қарсы тұру үшін әрі «билік вертикалін нығайту қажеттігіне орай» губернаторларды сайлаудан бас тарту болды. Сонымен бірге Путин арнайы қызметті күшейтуді қолға алды.

2013 жылы Волгоградтағы террорлық шабуылдан және 2015 жылдың күзінде «Кагалымавиа» компаниясының ұшағы жарылғаннан кейін Ресей парламенті терроризммен байланысты қылмыстарды жазалау шараларын күшейтті.

ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) өкілдерінің өкілеттіліктері күшейтілді, интернетте мемлекеттік бақылау қатайды – блогерлерді БАҚ ретінде тіркелуге мәжбүрледі, жеке тұлғаларға интернет-әмиян қолдану арқылы аты-жөнін көрсетпей қаржы аударуға тыйым салынды.

Шетелден қаржы алатын коммерциялық емес ұйымдарға қосымша бақылау орнатылды. Қылмысты хабарламағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңдар шықты.

Осы жолы биліктің қандай шара қабылдауы мүмкін екенін «Настоящие время» сайтына саясаттанушы Станислав Белковский айтып берді.

- Санкт-Петербургтегі қайғылы оқиға – метродағы жарылыстың саяси салдары бола ма, қалай ойлайсыз?

- Біріншіден, жапа шеккендердің жақындары мен туыстарының және өздерінің көңіліне келетін сөз айтқым келмейді, себебі қазір қолымда жеткілікті мәлімет жоқ, дегенмен де терактінің Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургке келген күні болғаны таңғаларлық. Әдетте мұндай кезде қауіпсіздік шаралары қатты күшейтілетін.

- Дегенмен де, ол метрода жүрмейтін шығар.

- Владимир Путин Санкт-Петербург қаласының «Технологиялық институт» метросының станциясы қасынан өтуі керек деген ақпарат болды, ол Орыс географиялық қоғамының жиынына барады деген еді. Путин - бұл географиялық қоғамның қамқоршысы, бірақ соңғы сәтте Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесуіне байланысты кестесінде өзгерістер болды. Бәрібір де жарылыс Путин жүрген маңға жақын жерде болды.

- АҚШ және Канада институтының сараптама департаменті директоры Александр Шумилин біздің эфирде терактіні басқалар ойлағандай ИМ («Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы) емес (олар жарылысты мойнына алған жоқ), «Примор партизандары» тәрізді радикал оппозиционерлер жасаған болар деген болжам айтты. Бұған не дейсіз?

- Бұл логикалық тұрғыда Кремльдің наурыздың 26-сы болған оқиғаға қатысты әрекетімен байланысады. Яғни, Ресейдің түрлі қалаларында рұқсат етілмеген наразылық акциясына өте көп адам шықты, наразылар әсіресе Мәскеуде көп болды. Полиция Мәскеудегі митингіге 7-8 мың адам қатысты деген ақпарат таратты, шын мәнінде 25 мың болған сияқты, ал сәуірдің 2-сі күнгі жаттығу шараларын рұқсат етілмеген шеруді таратуға құқық қорғау мекемелерін дайындау деп есептеймін.

ВИДЕО: Терактілер Ресей саясатын қалай өзгертті? (видео - орыс тілінде)

Теракты и реакция: как атаки меняли политику в России
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Сондықтан да, метрода болған жарылыстан соң биліктің бақылауы күшеюі әбден мүмкін, жарылыс соған жақсы сылтау, бүгін Бүкілресейлік халық майданы медиафорумында аймақ журналистерімен кездесуінде Владимир Путин «интернеттегі бетімен кетушілікті доғаратын сәт жетті» деп бекер мәлімдеген жоқ.

- Демек, мемлекет азаматтық құқықты шектеу үшін енді интернетке шүйліге ме?

- Интернет – жүйеден тыс оппозиция, адамдарды рұқсат етілмеген шеруге шығаруға жұмылдыра алатын күш, сондықтан да наурыздың 26-сы күнгі наразылық митингісі өте сәтті ұйымдастырылды. 2011-2012 жылдары Болотныйда, Сахаров даңғылында болған қарсылық акцияларына да өте көп адам шыққан еді. Бірақ оларға рұқсат берілген, сондықтан наурыздағы наразылық шеруі олардан қатты ерекшеленеді.

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургтегі жарылыстан кейін құрбандар рухына арнап гүл қойып тұр. 3 сәуір 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургтегі жарылыстан кейін құрбандар рухына арнап гүл қойып тұр. 3 сәуір 2017 жыл.

- Санкт-Петербург метросындағы жарылыстан соң қаншалықты тез шара қабылданады деп ойлайсыз?

- Оны болжай алмаймын, арнайы қызметтерде орта деңгейдегі кадрларды алмастырар, мүмкін бұрыннан жағдайы шатқаяқтап тұрған Санкт-Петербург мэрі Георгий Полтавченко орнынан кетер.

- Осыны сұрағым келген еді.

- Исаакиев соборын Мәскеу патриархының Орыс православ шіркеуіне жылдам беру туралы шешімін кейбір сарапшылар мен бақылаушылар Георгий Полтавченконың губернатор қызметінен кетер кездегі есікті тарс жапқаны деп санайды. Жағдайдың қаншалықты тез өрбитінін көреміз, бірақ қазір елдегі ірі телеарналарды жаулап алған мемлекеттік үгіт-насихаттан еш жақсы сөз күтпеймін.

- Ресей Федерациясы арнайы қызметі және қарулы күш құрылымдарын бақылайтын сарапшылар саяси оппозицияға қарсы күресетін департаменттер мен адамдар терроризммен де күреседі дейді. Олар оппозициямен айналысып жатқанда террорға көңіл бөлуге уақыттары жетпейді ғой. Путин оны түсінуі керек. Мүмкін Путин азаматтардың құқықтарына қатысты емес, арнайы қызмет арасындағы кадрларға қатысты шешім қабылдар?

- Жоқ, мен оппозиция және терроризммен бір адамдар күреседі деп ойламаймын, олар екі бөлек адамдар деп санаймын.

- Қолдары бос болды, бірақ террорға жол беріп қойды дейсіз бе?

- Жоқ. Теракт оқиғасын саяси оппозициямен күресті күшейту мақсатында қолдану бір бөлек. Арнайы қызметтің басында отырған шенеуніктер отставкаға кетеді, жаппай кадр алмасу болады деп ойламаймын, орта буында ғана ауыс-түйіс болуы мүмкін.

- Ресей азаматтарына теракт туралы қалай түсіндіреді екен, олар жаңалықтан біліп отыр ғой.

- Екіұшты етіп түсіндіреді. Біріншіден, «Ресейге сыртқы қысым барған сайын күшейіп келеді, себебі ол басын имей отыр, Ресейді қайтадан тізерлету үшін батысшыл компрадорлық оппозиция бұл іске араласып отыр, олар наурыздың 26-сы күні түрлі қалалардағы халықты, әсіресе оқушылар мен студенттерді алаңға шығарды» деп түсіндіреді. Екіншіден, «Сирияда бекер соғысып жатқанымыз жоқ, исламшыл терроризмді тоқтату керек, олай істемесек, ол соғыс Ресейге жақындай береді» деп Петербург метросындағы жарылысты мысалға келтіреді.

- Украинаның қатысы туралы сыбыс жоқ, федералдық БАҚ ондай ештеңе жазбай жатыр...

- Украинаның қатысы да қаралады, бірақ ол бастапқы екі себепке қосымша ретінде айтылады. Себебі Украина – Батыстың Ресейге «қысым жасау» жүйесінің құрама бөлігі, сондықтан да «украиналық арнайы қызметтің әрекеті» дегендей бір болжам қосылуы мүмкін. Бірақ украиналық арнайы қызмет Ресейдегідей нашар екенін біз нақты білеміз бе? Жоқ.

- Онда тіпті күлкілі сұрақ қояйын: әзірге ондай жағдай болған жоқ, мысалы Владимир Путин немесе арнайы қызмет Санкт-Петербургтегі терактіге оппозицияның қатысы бар деп мәлімдесе және интернетке қатаң бақылау орнатса, азаматтық қоғам не істемек?

- Жұрт қазір Кремльдің насихатына сенбейді деп ойлаймын, сенетіндер наурыздың 26-сы күні үйлерінде отырды. Ондай сылтауды естіген халықтың ызасы келер, бұл сау адамды ауру етіп көрсеткенмен бірдей. Қоғам Кремльге «терактінің алдын ала алмай қалдыңдар, қауіпсіздік жүйесі сендер айтқандай сенімді емес немесе оны ұйымдастыруға өздерің қатыстыңдар, солайша біреуге бәле жаппақсыңдар» деген уәжді іштей айтып отыр.

Тимур Олевский мен Андрей Цыгановтың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG