Accessibility links

Ресей еңбек мигранттарын "реттей" бастады


Мәскеудегі миграция патрулі. (Көрнекі сурет)
Мәскеудегі миграция патрулі. (Көрнекі сурет)

Ресей үкіметі еңбек миграциясын «басқаруға көнетін процесс» ететін ниеттерін мәлімдеді. Ал Мәскеу мэрі Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарының Ресейде қалуына қарсы екенін айтты.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин «Московские новости» газетіне берген сұхбатында «Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары Ресейде қалмауы керек, елдеріне қайтуға тиіс» деген ойын айтты.

«Ол адамдардың әншейін қалып қоюына қарсымын. Біреу-міреуді қалдыру керек болса, әуелі дәстүрімізге, мәдениетімізге жақын орыстілді адамды қалдыру керек. Оларды отандастар дейміз ғой. Орысшасы нашар, мәдени танымы басқа адамдар өз елдерінде өмір сүргені дұрыс. Сондықтан оларды Мәскеуге бейімдеуді мақұлдамаймыз. Менің ойымша, олар – жұмысын істеп, одан соң еліне, үйіне, отбасына қайтатын маусымдық жұмыскерлер» деген Сергей Собянин.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин.
Күллі Ресей сияқты Мәскеу де еңбек мигранттарына тәуелді. «Московские новости» газеті «Бірақ елде гастарбайтерлердің келгеніне қарсы адам көп» деп жазады. Қарсылардың айтуынша, еңбек мигранттарынан түсетін экономикалық пайда жоқ – олар тапқан ақшаларын үйлеріне жібереді, ресейлік мәдениетке жат геттолар пайда болады.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин «Московские новости» газетіне берген сұхбатында гетто құруға қарсы екенін айтты. «Мәскеу – Ресейдің қаласы. Солай болып қала беруі керек. Қытайдың, тәжіктің, өзбектің қаласы емес. Қонаққа қуанамыз. Ресей – ұлттар мен дәстүрлер араласып жатқан көпұлтты ел. Оларды бір-бірінен бөліп алып, басқа мәдениетке қарсы қою – әсіресе біздің қала үшін, өте қауіпті» дейді ол.

СТАТИСТИКА

Ресейдің федералдық миграция қызметінің дерегінше, ол елде 5 миллиондай еңбек мигранты бар. Оның 3 миллионы елде заңсыз жүр. Экономикалық даму және әріптестік ұйымының 2012 жылғы есебіне қарағанда, Ресей – әлемдегі заңсыз мигранттары ең көп ел. «Олар елдегі еңбекке қабілетті халықтың жеті пайызы» деп жазады «Московские новости» газеті.
Қонаққа қуанамыз. Бірақ Мәскеу қытайдың, тәжіктің, өзбектің қаласы емес.
Сергей Собянин, Мәскеу мэрі

Ресейлік «РБК» газеті былтыр Ресейдің федералдық миграция қызметінің директоры Константин Ромодановскийдің мәлімдемесін басты. Онда шенеунік «Ресейдегі мигранттардың ішінде 1 миллион 200 мың адамның заңды түрде еңбек етіп жатқанын, 3 миллион 700 мың адамның келу мақсаты ретінде еңбек етуді көрсетпегенін, 4 миллион 300 мың адамның жұмыс істеуге келгенін көрсеткенін, бірақ оған рұқсат алмағанын» айтқан.

РЕТТЕУ ШАРАЛАРЫ

Ресей миграцияны түрлі тәсілдермен реттеуге тырысып жатыр. 2012 жылдың желтоқсан айында Ресей қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге келген мигранттардан орыс тілінен тест алуды міндеттейтін заң қабылдады.

Одан бөлек полиция рейдтері болып тұрады. BBC агенттігінің жазуынша, Мәскеу полициясы мамыр айының ортасында 236 адамды ұстады. Олардың көбі - заңсыз жүр деген күдікпен тұтқындалған Орталық Азия елдерінің өкілдері. Жеке рейдте 154 адам тағы ұсталып, олардың да Орталық Азиядан келген мигранттар екені хабарланды. Миграция қызметі өкілінің сөзіне қарағанда, 100 адам Ресейде заңсыз жүрген.

Мәскеу полициясы ұстаған қырғыз мигранттар. Ресей, 7 шілде 2011жыл.
Мәскеу полициясы ұстаған қырғыз мигранттар. Ресей, 7 шілде 2011жыл.
Миграцияны реттеудің тағы бір шарасы – жұмыс істеуге берілетін рұқсатты квотамен шектеу. БҰҰ Даму бағдарламасында 2012 жылы бұл квота 1 миллион 745 мың 584 адам деп белгіленгені айтылған. Бұл арғы жылға қарағанда 56 пайызға аз.

БҰҰ Даму бағдарламасында бұл шаралардың жұмыс істеуге рұқсат ала алмаған заңсыз мигранттардың көбеюіне әсер етіп, жемқорлыққа себеп болып отырғаны, елдің салық түсімін де азайтатыны айтылған.

Өткен аптада бұл мәселеге қатысты Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев мәлімдеме жасады. «Новости» агенттігі Медведевтің «Миграцияны біз бақыланатын процеске айналдыруымыз керек. Еңбек мигранттарының келуі – жағымды да, жағымсыз да құбылыс емес, бұл - өмірдің бір бөлшегі» деген сөзін келтірген.
XS
SM
MD
LG