Accessibility links

«Путин президент болғысы келмеген»


Сергей Пугачев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. 2000 жыл.
Сергей Пугачев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. 2000 жыл.

Ресейде «қаржылық алаяқтық жасады» деп айыпталып, елден кетуге мәжбүр болған, ал бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған Сергей Пугачев «әу баста Владимир Путиннің президент болуға келіспегенін» айтады. Бірақ ол «Путин кейін сұмдық клептократиялық билік қалыптастырды» дейді.

1999 жылы сол кездегі Ресей президенті Борис Ельциннің билігі әлсіреп, оның орнын басатын адам іздегенде Кремльдегі ықпалды тұлғалардың назары Владимир Путин атты көпшілік біле бермейтін бюрократқа ауады.

Бір жылдан соң ел билігін қолына алған Путин әлі күнге дейін автократиялық режиммен ел басқарып келеді. Бірақ сол кездегі оқиғаның куәсі болған адам «Владимир Путиннің өзі басында бұған келіспеген еді» дейді.

Ресейлік олигарх, Ельцин мен Путин сайлау кампаниясының кеңесшісі болған Пугачев «Оның президент болғысы келмеді, үкімет қызметінен кетсем деп жүрді» дейді. Азаттық радиосына сұхбат берген 52 жастағы Пугачев қазір Францияда тұрады. Оның айтуынша, «Ресей билігі бизнесін құртпақ болған, тіпті өміріне қауіп төндірген, сондықтан шетелге қоныс аударған».

Ресейде Пугачевке қарсы «өзі басқарған банкті тонады» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Пугачевтің өзі бұл айыптарды мойындамайды.

Соңғы аптада бірнеше Батыс басылымдарына сұхбат берген банкир «Ресейдің қазіргі басшысының өз мүмкіндігіне сенбегенін, бизнеспен айналысуды, тіпті шетелге кетуді армандағанын» айтады.

«ӘЗІЛ ШЫҒАР»

Бұрын Ресейдің ең бай адамдарының бірі һәм «Кремльдің кассирі» деген лақап аты болған Пугачев «Ельцин кеңсесіне Путинді алғаш таныстырған адам – өзі» екенін айтады. Ол «мұндай қадамға Ресейдің қауіпсіздік құрылымдарындағы ықпалды топтардың Ельциннен билікті тартып алу қаупі артқан соң барғандарын» айтады.

Собчактың қасында жүрген Путин (оң жақта). 1990-жылдар.
Собчактың қасында жүрген Путин (оң жақта). 1990-жылдар.

Сол кезде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бұрынғы офицері болған Путин Санкт-Петербург мэрі Анатолий Собчактың көмегімен мансап жолында өрлеп, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметін (ФСБ, бұрынғы КГБ орнына құрылған) басқарып отырған еді.

«Ельцин күн санап билік жүргізуден қалып бара жатты, себебі қауіпсіздік мекемесіндегі адамдар президенттің маңындағы либералдарға қарсы шықты. Путиннің сол кезде ФСБ директоры болғанын ескеріп, оны болуы мүмкін төңкерістің алдын алатын адам деп шештік» дейді Пугачев.

Пугачев Путинді Собчактың қол астында қызмет етіп жүрген кезінен, 1990 жылдардан бері танитынын айтады. Собчактың өзі Ресей либералдары арасында демократияшыл реформатор саналатын. Пугачев сол кезде Путинді «премьер-министр болуға лайық тұлға» деп таныған себебін түсіндіреді.

«Оның бойынан бізге қажетті екі сипатты таптық. Собчактың қол астында істегендіктен және ФСБ-ге арқа сүйегендіктен, либералдық әрі демократиялық негізі бар адам болып көрінді» дейді ол. Оның үстіне, Собчактың қасында Санкт-Петербургтің халықаралық байланыстар комитетін басқарғанын ескеріп, «либерал ғана емес, Батысқа бүйрегі бұратын шенеунік деген үмітіміз де болды» дейді Пугачев.

Пугачевтің сөзіне сенсек, Санкт-Петербург мэрі Собчактың өзі Путиннің Кремльдегі жұмысына күмәнмен қарапты. Мэр дүние салардан бір жыл бұрын Пугачев онымен (Собчакпен) кездесіп, «жаңа президенттің қол астында қызмет етуге қалай қарайтынын сұрағанын» айтады. Сол кезде Собчак «Путиннің Ресей президенті болуы мүмкін емес. Бұл әзіл шығар» деп жауап берген екен.

«ТҮРЛІ ҚИЯЛДАРЫ БАР ЕДІ»

Пугачевтің айтуынша, саяси болашағына Собчакты былай қойып, Путиннің өзі де сенбеген екен. Бұрынғы банкир Азаттыққа «1999 жылы премьер-министр болғанға дейін ол үкімет басқарғысы келмеді, биліктен кетуге тырысты. Путин өзінің қолынан мұндай істің келетініне сенбеді. Өзін Ресей президенті ретінде елестете алмады» дейді.

Журналист Сергей Доренко. 9 сәуір 2009 жыл.
Журналист Сергей Доренко. 9 сәуір 2009 жыл.

Сол кездегі теле және радио жүргізуші Сергей Доренко да эфирде Путинге көп тиісіп, оның күмәнін күшейте түсті. Доренко 2013 жылы қаза тапқан, Путиннің қарсыласы, олигарх Березовскийдің сөзін сөйлейтін.

Доренко 2011 жылы Мәскеу университетінде студенттерге дәріс оқыған кезінде «Путин ұзақ уақыт қарсыласты, «бұл ойынға араласпай-ақ қойсам» деді. Олар Путинді үгіттеп көндірді» деген еді.

Ал «Путинмен күн сайын сөйлесіп, туған күн, мерекелерді бірге тойладым» деген Пугачев оның «бизнеспен айналыспақ болғанын, шетелге кеткісі келгенін» айтады. «Түрлі қиялдары көп еді» дейді ол.

«ПУТИН МЕНІ ТАҢҒАЛДЫРДЫ»

Ресей Пугачевті «мемлекет қаржысын заңсыз иеленіп, жұмсаған» деген айыппен Халықаралық қылмыстық полиция - Интерполға іздеуге берді. Ресейдің салымдарды сақтандыру агенттігінің сұрауымен Лондон жоғарғы соты Пугачевтің 2 миллиард доллар активін тәркілеуге үкім шығарды. Агенттік «Пугачев өзі құрған «Межпромбанктің» 1 миллиард доллар қаржысын иеленіп, банкті банкрот деп жариялады» деген айып тақты.

2011 жылы Лондон соты Ресейден қашып келіп, Лондонда тұрып жатқан Пугачевтің елден кетуіне тыйым салып, оның Ресей және Франциядан алған төлқұжаттарын тәркіледі. Дегенмен де, ол осы жылдың басында Англиядан кетіп, Францияны паналады. Пугачев «өзімнің және отбасымның қауіпсіздігіне алаңдағандықтан, осында келдім» дейді.

Азаттыққа Сергей Пугачев «Мен ол жақтан заңды түрде кеттім» деді. Кейбір сыншылар – олардың ішінде Кремльді сынаушылар да бар – «Пугачев пен басқа да дәулетті қашқындар «жемқорлыққа белшесінен батқан ресейлік жүйенің құрбанымыз» дейді, бірақ өздері сол жүйенің пайдасын көріп, жағдайларын жасап алды» деген уәж айтады.

Сергей Пугачевтің Интерпол жариялаған суреті.
Сергей Пугачевтің Интерпол жариялаған суреті.

Бірақ Пугачев «15 миллиард доллар қаржысы бар бизнес-империясын ресейлік шенеуніктердің талап алғанын» айтады. «Путин ықпалды шенеуніктер арасындағы төреші тәрізді, олар Ресей мемлекетінің байлығына таласып жүр» дейді ол. Оның ойынша, «Путиннің маңайындағы адамдар оған жақын жүргендерін арқаланып, пайда табуға тырысады».

Сергей Пугачев «Путин маңайындағы топтың ықпалынан шыға алмайды» дейді. Ал «өзінің Ресей басшысымен қарым-қатынасы 1996 жылдан бері нашарлап, қазіргі жағдайға жеткен». Ол екеуінің қарым-қатынасын «Арамызда ашық жаулық жоқ. Мен диссидент емеспін, режимді сынамаймын, саяси оппозиционер емеспін» деп сипаттайды.

Ол 2013 жылы Путинмен Амстердамда кездескенде «Ресей президентінің қуанып, өзімен ашық сөйлескенін» айтады. «Мен оған таңғалдым. Ресей мені тонап жіберді, ал Путин маған «Болған жағдайды естідім. Сізге кімнің қарсы шығып жүргенін білмеймін. Бұл істі шешемін» деген еді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ» дейді Пугачев.

Наталья Голицына мен Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG