Accessibility links

Путин АҚШ-тың Сирия әуе базасына шабуылын «арандату» деп біледі


Путин "химиялық арандату" туралы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:46 0:00

ВИДЕО: Путин тағы бір "химиялық арандату" туралы айтты

Батыс елдері Сирия үкіметін «халыққа химиялық шабуыл жасады» деп айыптап отыр. Өткен апта АҚШ президенті Трамп «ондай жантүршігерлік қылмысқа төзбейтінін» білдіріп, Сирия президенті Башар Асадты жазалау шарасы ретінде осы елдегі Шайрат әуе базасын зымырандармен атқылатқан. Оқиғадан кейін Путин сәуірдің 11-і тұңғыш рет мәлімдеме жасады. Ол «Мәскеудің ресми түрде халықаралық тергеуді талап ететінін» айтты.

Сәуірдің 11-і күні Сирияға қатысты көпшілік алдында алғаш пікір білдірген Путин сес көрсете сөйледі. Оның сөз ләміне қарағанда, Сирия үкіметін «халыққа химиялық шабуыл жасады» деп айыптап отырған Батыстың әрекетін тексеру керек.

Путин осындай пікір білдірген күні Ресейге АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон келді, ол сәуірдің 12-сі күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездеспек. Путиннің сөзі Ресей мен Батыс арасындағы қайшылықты ширықтыра түскендей.

Путин Ресейдің Гаагадағы БҰҰ агенттігіне өтініш білдіріп, химиялық қаруларды бақылайтын - Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымнан (OPCW - Organization for the Prohibition of Chemical Weapons) тергеу жүргізуді сұрайтынын айтты. Ол «Бұндай жағдайды ресми тексеру керек» дейді.

«Гаагадағы БҰҰ мекемесіне өтініш айтамыз және әлемдік қауымдастықты бұл оқиғаны мұқият зерттеп, зерттеу нәтижесіне негізделген орнықты шешім қабылдауға шақырамыз» деді ол.

Ресей мен Сирия мәлімдемелеріне қарағанда, сәуірдің 4-і күні Идлиб қаласында ондаған бейбіт тұрғынды өлтірген улы газ үкімет жасақтары бүлікшілер бақылайтын химиялық қару қоймасын атқылаған кезде шыққан. Батыс мұндай пікірмен келіспейді. Тиллерсон бұл мәлімдеменің «шындыққа жанаспайтынын» айтқан.

«МҰНДАЙДЫ БҰРЫН ДА КӨРГЕНБІЗ»

Путиннің айтуынша, Ресей химиялық қару қолдануға қатысты «арандату жоспары» дайындалып жатқаны туралы ақпарат алғанын айтты. Ол «енді сол арандату жоспарының нәтижесінде Сирия үкіметін айыптамақ» дейді. Бірақ Путин сөзін растайтын ешқандай дәлел ұсынбады.

Путин телеарнадан көрсетілген баспасөз мәслихатында «Әртүрлі дереккөздерден ақпарат алып отырмыз, оларды атай алмаймын, Сирияның басқа аудандарында да осындай арандатулар болмақ, оның ішінде Дамаскінің оңтүстік аудандары да бар, олар тағы бір затты лақтырып, Сирияның ресми билігін айыпты етіп көрсетпек» деді. Путин АҚШ-тың Дамаск қаласының оңтүстік жағалауын атқылағалы жатқаны туралы естігенін де айтты. Бірақ бұл сөзіне де еш дәлел келтірмеді.

300 мың адам опат болған, тағы көптеген бейбіт тұрғын баспанасыз қалған Сириядағы соғыста Ресей Асадқа маңызды дипломатиялық қолдау көрсетті. Путин «Батыстың Асадқа таққан айыбы 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кірер кездегі талаптарды еске түсіреді, сол кезде Саддам Хусейнді химиялық қару жасады деп айыптаған еді» деді. СССР кезіндегі сатиралық романнан мысал келтірген Путин Батыс елдері мәлімдемелерін «көңілсіз» деп атап, «ондайды бұрын да көргенбіз» деді.

ВИДЕО: АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон "Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдауын доғарса, дағдарыс шешімін табар еді" деген пікірін айтып отыр.

Tillerson Says Russia Should Question Syrian Alliance
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

Мәскеуге келер алдында Италияға барған сапарында Тиллерсон Ресейді химиялық қару қолданған Асадты қолдаудан бас тартуға және Сирияның бейбіт болашағы үшін АҚШ саясатын құптауға шақырды.

Тиллерсон журналистерге берген сұхбатында «Ресей үкіметі Башар Асад тәрізді сенімсіз серіктес таңдағанын түсінер» деп мәлімдеді. Ол жүйкені зақымдайтын химиялық уды қолдануды «тағылық» деп атады.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Тиллерсонның сапары алдында Путиннің онымен кездесуді әзірге жоспарлап отырмағанын айтты. Ресей басылымдары аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп, «Путин мен Тиллерсон кездеседі» деп жазды. Ал ресейлік СІМ осы аптада Лавров Сирия мен Иранның сыртқы істер министрлерімен кездесетінін хабарлады.

Азаттық радиосының мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG