Владимир Путиннің серігі болған Сергей Колесников онымен соңғы рет алты жыл бұрын бетпе-бет кездескен. Оның айтуынша, сол кездің өзінде-ақ Ресейдегі ең ықпалды адамның бет-әлпетінен қатты шаршағаны байқалып тұрған.
1990-жылдары Путиннің Санкт-Петербургтегі жақын серігі болған бұрынғы кәсіпкер, қазіргі биофизик Колесников: «Сол кездің өзінде маңайындағылар оның мойнына барлық шешімдерді қабылдау жүгін артып қоюға тырысқан, мұны қазір түсіндім» дейді.
«Бір адам шектеулі уақыт ішінде көп шешім қабылдай алмайды. Путиннің билігі жоғарыдан төмен ғана жүреді, ондай басқарудың кемшілігі бар. Биліктің төменгі сатысында тұрған, қабылданған шешімдерге жауапты адамдар ол жүкті мойнына алмайды. Бұл - олардың өздері құрған жүйелерінің жемісі» дейді Колесников .
66 жастағы Колесников бұл жүйе мен оның қазіргі халін жақсы біледі. Ол 2010 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведевке ашық хат жазып, Путиннің тапсырысымен миллиардтаған доллар заңсыз ақшаға Қара теңіз жағалауынан салтанатты сарай салынып жатқанын әшкерелеген еді. Осы ашық хаты жарияланғаннан кейін ол Ресейден кетіп қалды.
Азаттық тілшісіне жасырын жерде сұхбат берген Колесников қазіргі мекенжайын құпия сақтайды. Бірақ ол Путиннің маңайындағы коррупцияны кәсіп еткен адамдарды әлі де бақылап отыр. Колесников «байығандары соншалық, қазір олар үшін ақшаның мән-мағынасы қалмаған» дейді.
«МИХАИЛ ИВАНОВИЧТІҢ» АҚШАСЫ
Сергей Колесников «Россия» банкінде болып жатқан оқиғаларды да жіті бақылап отырады. Бұл банкті АҚШ қаржы министрлігі «Ресей жоғары лауазымды шенеуніктерінің жеке қазынасы» деп сипаттаған еді. Банк те, оның акционерлері де Мәскеудің Украинадағы әрекеттеріне байланысты АҚШ пен ЕО санкцияларына ілінді.
Колесниковтің өзі де кезінде бұл банктен «Петромед» медициналық компаниясының (медициналық жабдықтар сатқан – ред.) ортақ иегері ретінде есепшот ашқан. Путин сол тұста Санкт-Петербург мэрі Анатолий Собчакпен бірге жұмыс істеп, мэрияның сыртқы байланыстар бөлімінің бастығы болған. Осы кездері «Петромед» көптеген мемлекеттік шарттарды ұтып алған.
«Петромед» заңды міндетін атқарды – өте қажетті медициналық жабдықтарды дайындап, аудан ауруханаларының операция жасалатын бөлмелерін қайта жөндеуден өткізді.
Бірақ Сергей Колесников пен оның әріптесі Николай Шамалов («Россия» банкінің екінші үлкен акционері, санкция тізіміне ілінген) серіктес компаниялардың күрделі желісі және оффшорлық есепшоттар арқылы «Михаил Ивановичтің» (Путинді іскер әріптестері осылай атайды) атындағы шоттарға қаражат аударуға тиіс болады.
Бұл ақшаның бір бөлігі Шамаловтың «Россия» банкіндегі акциясын сатып алуға кетеді. Ал жүздеген миллион доллар Қара теңіздің Геленджик курортындағы «Путин сарайы» деп аталатын ғимаратты салуға жұмсалады.
Кейін оны кәсіпкер Александр Пономаренко сатып алды деген ақпарат тарады. Геленджиктегі сарайға қандай да бір қатысы барын Путин жоққа шығарып келеді. Колесниковтің айтуынша, мүлік Кипрдегі компания атына тіркелген, ол компания Британиялық Виргин аралындағы фирмаға қарайды. «Ол сарайдың соңғы бенефициары кім екенін ешкім білмейді» дейді Путиннің бұрынғы серігі.
АМАН ҚАЛУ ӘДІСІ
Сонымен Путин Қара теңіздегі салтанатты сарайының немесе басқа да жемқорлықпен тапты деген дүние-мүлкінің қызығын зейнетке шыққанда көре ала ма?
Сергей Колесниковтің айтуынша, Путин мен оның маңайындағылар өте бай, әлеуетті бола тұра тығырыққа тірелген. Бұл тығырықтан шығу Кремльдегілер үшін басты мәселеге айналған.
Колесников 2012 жылы «Ведомости» басылымына «Путин - мәңгі» деген мақала жариялады. Оның пікірінше, Ресей басшысының үшінші рет қайта сайлауға түсуі (үшінші мерзімінің заңды екеніне күмән айтушылар бар – ред.) - жемқорлықпен байығаны үшін жауапқа тартылмауға жасаған әрекеті.
«Путин билігі жемқорлыққа сүйенеді. Билік басқа партияның немесе басқа адамдардың қолына тисе, ол міндетті түрде жауапқа тартылып, жазаланатын еді» дейді Сергей Колесников.
Ол Владимир Путиннің жақында өмір бойы президент болудан бас тартатынын мәлімдегенін ескере отырып: «Енді Путин мен оның одақтастары тығырықтан шығар жол іздеп жатыр. Қазір оларды ақша, дүние-мүлік қызықтырмайды, олар бастарын аман алып шығуды ойлап отыр» дейді.
Колесниковтің пікіріне қарағанда, «Ресейдің Украинаға шабуылдауы – империялық дәуренді аңсау емес, Путин бұл арқылы ел назарын коррупциядан басқа нәрсеге бұрғысы келеді».
«Ресей басшысы шын қауіп төне қалса, ядролық қарудың көмегіне жүгінуден тайынбайды» дейді Сергей Колесников.
«Екі жыл бұрын Еуропаның қақ ортасында соғыс болады, мыңдаған адам қаза табады деп ешкім ойлаған жоқ. Қазір бұл шындыққа айналды. Ядролық қаруды қолдану туралы да осыны айтуға болады. Қазір ондай зұлматқа ешкім сенбейді, бірақ бұрынғыша оны сенімді түрде «сандырақ» деп те ешкім айта алмайды» дейді Сергей Колесников.
(Анастасия Кириленко мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).