Ресей президенті Владимир Путин соңғы мәлімдемесінде Қазақстанның мемлекет ретіндегі рөліне күмән келтіре сөйледі. Оның Украинаға қатысты айтқан пікірлері де осыған саяды.
ПУТИННІҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ ЖАЙЛЫ ПІКІРІ
Ресей президенті тамыздың 29-ында кремльшіл «Селигер» жастар форумына жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуде жастардың бірі Қазақстандағы «ұлтшылдықтың өршуінен» қорқатынын айта келе: «Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетсе Қазақстанда Украина сценариі қайталануы мүмкін бе? [Қазақстанның Ресеймен интеграциялануының] заңдық мүмкіндіктері қандай?» деп сұрады.
Владимир Путин Қазақстанның одақтас ел ретіндегі маңызын сөз етіп, «өз елінің өркендеуі үшін өлшеусіз еңбек еткен» президент Нұрсұлтан Назарбаевты мақтады. Ол Қазақстан президентін «постсоветтік елдердің басшылары арасындағы ең мықты саясаткер» деп атады. Алайда Путиннің жауабының келесі бөлігі Қазақстан халқын біраз қобалжытты.
– [Назарбаев] ерекше жетістікке қол жеткізді. Ол бұрын ешқашан мемлекет болмаған жерде мемлекет құрды. Қазақтардың ешқашан өз мемлекеті болмаған. Ол соны құрды. Осы тұрғыдан қарағанда, постсоветтік кеңістікте ол – шын мәнінде ерекше тұлға, – деді Владимир Путин.
Ресей президенті «Еуразиялық идеяны» мақтай келе, қазақстандықтардың бұл идеяны қолдайтынын әрі «ірі орыс әлемінде қалудың» артықшылықтарын түсінетінін айтты.
Путиннің бұл пікірі Ресейдің Кеден Одағындағы маңызды одақтасы Қазақстан жұртшылығын қатты қобалжытты. Ел халқының 20 пайыздан астамы – орыстар және олар елдің солтүстігінде тығыз қоныстанған.
«РЕСЕЙДІ ҚАЙТА ҚҰРУ» АРМАНЫ
Ресей жайлы жазатын сарапшы Мириам Элдер BuzzFeed сайтында жарық көрген мақаласында Путиннің бұл пікірі және мұның алдындағы Украинаға қатысты мәлімдемелері Нобель сыйлығының иегері Александр Солженицынның 1990 жылғы «Ресейді қалай орнықты етеміз?» деп аталатын эссесіндегі идеялармен астасып жатыр деген пікір айтты.
«Солженицынның православиеге негізделген ұлы орыс национализмі идеясы кезінде орынсыз нәрсе көрінетін, ал қазір біртіндеп сәнге айналып келе жатқандай» жазады Элдер.
Солженицын коммунизмге қарсы шыққаны үшін қудаланса да, 1999 жылы Путиннің билікке келуін құптап, оны Ресейдің ұлттық рухын көтеретін тұлға деп атаған. 2007 жылы Путин науқастанып жатқан Солженицынға арнайы барып халін сұрап, оған мемлекеттік сыйлықты өз қолымен табыс еткен.
Александр Солженицын Совет Одағының соңғы жылдары жарық көрген еңбегінде ежелгі Русьтің шекарасын өзгертті деп Совет үкіметінің жүйесіз шекара саясатын сынаған. Оның жазуынша, Украина, Беларусь, Ресей және Қазақстанның орыстар тұратын аймақтарында «Ресей одағы» құрылуы тиіс.
Ол кезінде «моңғол шапқыншылығы мен поляктардың отарлауы кесірінен» бөлініп кеткен беларусь, украин және орыс халықтарының бірлігіне шүбә келтірмейді.
«Біз бәріміз орыс елі бастау алатын Киевтен шықтық» деп жазады Солженицын. Оның пікірінше, Литва мен Польшада «беларусьтар мен кіші орыстар өздерінің орыс екендіктерін түсініп, поляктандыруға және католицизмге қарсы күресті».
«Бұл жерлердің Ресейге қайтарылуын кезінде жұрттың бәрі «қайта қосылу» деп түсінді» деп жазады ол.
Солженицын Совет өкіметі тұсында украиндардың көп жапа шеккенін мойындай келе: «Украинаны, әсіресе ежелгі Украина құрамына кірмеген бөлігін – Новороссия мен Қырымды және Донбасты, одан әрі Каспий теңізіне дейінгі аймақта орналасқан аумақты бөлуге ешқандай себеп болған жоқ» деп жазды. «Украина тәуелсіз ел болған күннің өзінде бұл аймақтарға «өз мәртебесін өзі айқындау құқығы берілуі керек» деген Солженицынның пікірі Ресей басшылығының қазіргі ұстанымымен дәлме-дәл келіп отыр.
Солженицын Ресей мен Украинаның бір одақта өмір сүруі қажет екенін айтқан.
«Украинаның бөлу дегеніміз – миллиондаған отбасылар мен адамдарды бір-бірінен ажырату деген сөз. Халық араласып-құраласып кеткен; көп аймақтарда орыстардың саны басым; көп жұрт екі ұлттың қайсысына жататынын ажырата алмайды; көпшілігінің бойында екі ұлттың қаны бар; осы кезге дейін аралас неке деп саналмай келген екі ұлттың өкілінен құралған қаншама ерлі-зайыпты бар. Көпшілік жұрт арасында украиндар мен орыстардың бір-бірін түсініспеуі деген мүлде жоқ. Мұның барлығы Беларуське да толық қатысты» деп жазған Солженицын.
Александр Солженицын орыс ұлтының Совет Одағының өзге ұлттарға үстемдігін жүргізу саясатына қарсылық білдіреді. Оның айтуынша, бұл «орыстың ұлттық болмысын жояды».
Солженицын Балтық бойындағы үш елмен, Молдовамен, Оңтүстік Кавказдағы үш мемлекетпен, Орталық Азиядағы Қазақстаннан басқа елдердің барлығымен арадағы байланысты үзіп, оларды бостандыққа жіберу керек деген ой айтқан. «Ресейдің империяны ұстап тұруға қауқары жетпейді, бұлай тыраштану біздің өзімізді құрдымға жібереді» деген еді ол.
Ол Орталық Еуропадағы бұрынғы Совет блогы құрамында болған елдерге де бостандық беруі керегін, Ресей оларды табиғи ресурстармен қанымдап отырмасын айтқан.
«Біз Шығыс Еуропа елдері үшін қуанамыз – олар бостандықта өсіп-өркендесін. Әрі олар әлемдік нарық бағасымен барлығының ақысын төлесін» деп жазған еді Александр Солженицын 1990 жылғы эссесінде.
Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.