Ресейлік «Премьер» газетінің редакторы Роман Романенко президент Владимир Путинге өзінің қаласы Вологданы «құтқару» үшін, Қырымдағыдай әскери жасақтар жіберуін сұрап жазған хатын өзінің Facebook парақшасында жариялап, көпшілікті күлкіге қарық қылған. Алайда оның әзіліне езу тартпай, қабақ түйгендер де бар. Романенко «экстремистік мазмұндағы хаты» үшін тергеліп жатыр.
Наурыздың 4-і күні Ресейдің солтүстік-батысындағы Вологда қаласында тұратын журналист әрі баспагер Роман Романенко Қырымдағы оқиғалар туралы жаңалық жазудан қолы қалт еткенде, Ресей президенті Владимир Путинге хат жазып жіберді.
«Біз сіздің орыстілді халықтың құқықтарын қорғау үшін, Қырымға әскер жіберетініңізді естідік» деп жазды Романенко. «Осыған орай, біздің үлкен өтінішіміз бар – Вологда облысына да жасақ жіберіңізші. Бұл қалада тұратын біздің бәріміз орыстілдіміз және біздің де құқықтарымыз қатты тапталып жатыр».
Романенко әрі қарай Вологда тұрғындарының басындағы қиындықтың кейбірін, соның ішінде сапасыз медициналық қызмет, нашарлап бара жатқан білім беру стандарттары мен ауыл шаруашылығының тоқырауын сипаттап шығады.
«Егер Путин Қырым сияқты шет елді дәл осындай жоқтықтан құтқармақ болса, өз елін де жарылқағысы келетін шығар» деп ойын сабақтайды Романенко.
«Тағы білгеніміз – сіз Қырымның жағдайын жақсарту үшін, қыруар ақша жұмсамақ екенсіз» деп жалғастырады ол. «Сұрауға ыңғайсызданып отырғанымыз: осы қаражатты Вологда облысының жайын жақсарту үшін жұмсауға болмас па екен?» дейді Романенко.
Бұл хат, әрине, поштамен жіберу үшін жазылмаған. Вологда қаласындағы «Премьер медиа» компаниясының басшысы және «Премьер» газетінің баспагері Романенко бұл жолдауды достарының көңілін көтермек болып, өзінің Facebook парақшасында жариялаған.
Сол уақыттан бері ол хатты үш жарым мыңнан астам адам өз парақшаларына көшіріп қойып, Вологданы Тверь, Ярославль және Пермьге алмастырып, көшірме әзілдер пайда болған.
Романенко өз еліндегі инфрақұрылым қирап, кедейшілік жайлағанда Путиннің өзге елде ешқашан көмек сұрамай өмір сүріп жатқан орыстілділерді құтқармақ болуы – көпшіліктің күлкісін келтіретін жағдай деп санайды.
«Біз «Премьер» радиосы арқылы сауалнама жүргізген едік. Тыңдаушыларымыздан «Осындай хатқа қол қояр ма едіңіздер?» деп сұрадық. Мыңнан астам жауар берушілердің 82 пайызы «иә» деді. Сол себепті мен бұл хатта провокациялық сипат бар деп санамаймын. Шындығында, оның тез тарауының себебі – халықтың жанды мәселесін қозғап отыр» дейді Романенко.
Қалай дегенмен, әзіл хатты ұнатпағандар да бар. Осы аптада демалыстан оралған Романенконы жергілікті прокурорлар кездесуге шақырған. Қушыкеш күлкісін салбыраңқы, қалың мұрты жауып тұратын журналист кездесу мақсатын білмекке қызыққан. Облыс губернаторы Олег Кувшинниковтың сұранысы бойынша әзіл хатында экстремистік мазмұнның бар-жоғы тексеріліп жатқанын біліп жағасын ұстаған.
«Бір жарым сағат бойы әзілімнің мәнін түсіндіре алмай шаршадым: кімді меңзедім, жергілікті денсаулық сақтау мен ауылшаруалығы салалары нашар деңгейде дегенде қандай фактілер мен құжаттарды негізге алдым, тағы сол сияқты. Прокуратура қызметкерлері саналы, әрі мәдениетті жандар деген пікірде қалдым. Олардың тарапынан еш агрессия байқағам жоқ» дейді Романенко.
Алайда Романенконың тыныштығы ұзаққа созылмапты. Үйіне оралғанда, ол сыртқы есігіне свастика мен «Майданды доғар!» деген ұрандар жазылғанын айтады. Соңғысы – Украинаның демократияшыл шерулеріне меңзеу.
«Олар «Майданды доғар!» деп жазып, свастиканың суретін салып кетіпті. Біз полицияны шақырдық, олар менің көршілерімнің пошта жәшіктерінен парақшалар тапты. Онда былай деп жазылған: «Осы үйдің түрғындарының назарына: бұнда Батысты және Украинаның қирауын қолдайтын львовтық сілімтік тұрады». Тағы осы сияқты бірдеңелер. Сосын: «Украиналық еврей Романенконың пәтері Украина «патриоттарының» жасырын штабы ретінде пайдаланылуы мүмкін» делінген» дейді ол.
Ресейдің «СеверИнформ» жаңалықтар агенттігі бұл шабуылға «Вологда тұрғындары Путиннің Украинаға қатысты саясатын бірауыздан қолдайды. Ал мына граффити Романенконың «арсыз әрекетіне» тікелей жауап болды» деп түсініктеме берді.
Романенко қысымның халықтан емес, Кувшинников тарапынан жасалып отырғанын айтады. «Бұл – «Премьер» газетінде жарияланған бірқатар сыни мақалаларға жасалған жауап» дейді ол.
Facebook желісінде жарияланған хатта жергілікті шенеуніктер жайлы «жалған сайлаулар арқылы билікті басып алған оккупанттар» деген сөздер бар. Бұған қоса, «Біз өзіміздің азат етушілерімізге қарсы ешқандай партизандық соғысқа бармайтынымызға кепілміз және шексіз алғысымызды білдірер едік» деген. Хатта «өз өңірін азат еткені» үшін Ресейге ешбір халықтаралық санкциялар жарияланбайтыны да жазылған.
Прокурорлар тергеудің нәтижесін бір ай ішінде жарияламақшы.
(Дейзи Синделардың материалын аударған – Әзина Мақұлжан)