Accessibility links

"Біздің ауылдың картада бар екенін Кремль білмейді ғой"


Лощинка ауылы.
Лощинка ауылы.

Азаттықтың "Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі Ресейдің Красноярск өлкесінде бірауыздан Путинге дауыс берген Лощинка ауылына барып, жағдайымен танысып қайтты.

Лощинка - Ресейдің Красноярск қаласынан 170 километр жерде елеусіз жатқан шағын ауылдың бірі. Наурыздың 18-і күні өткен президент сайлауында лощинкалықтар бірауыздан Владимир Путинге дауыс берген болатын. Ауылда 25 адам тұрады.

Федералдық күре жолдан бұрылатын асфальті әбден тозған ескі жол біртіндеп қара жолға ұласады. Ойдым-ойдым үлкен шұңқырларға түсіп кетпес үшін көлікті еппен жүргізуге тура келді. 17-километрден кейінгі бұрылыстан соң үй саны 10-нан сәл асатын Лощинка ауылы көрінді. Үйлердің шарбақтары қисайып кеткен. Жол үстінен бұлақ ағып жатыр. Ауылда бар-жоғы төрт көше бар. Онда да тірі жан көрінбейді. Тыныштықты иттердің үргені ғана бұзып тұр. Мұнда тіршілік барын кей үйлердің мұржасынан шығып жатқан түтініне қарап қана білуге болады.

Евгений Александрович
Евгений Александрович

Туғаннан бері Лощинкада тұратын Евгений Александрович жұрттың бәрі Бородино совхозында жұмыс істеген заманды сағына еске алады.

- Жұрттың бәрінде жұмыс болған, бәріне жұмыс жететін. Бұрын басқа үйде тұрғанбыз. Кейін совхоз пәтер беріп, сонда көштік. Трактор айдайтынмын. Ал қазір ауылда мүлде мал ұстамайды. Кейбіреулер шошқа ұстайды. Жазда тауық, қаз өсіреді. Сиыр ұстайық десек қиын, жем-шөп қымбат, оны бірдеңе етіп жаю керек қой. Көлігім жоқ. Баяғыда тракторым болған... Проблема біреу – арақ ішетіндер көп.

2000 жылдардың басында совхоз жабылып, Лощинкада тіршілік те қожырай бастаған.

- Бульдозерде жұмыс істеу үшін мына үйден Бородино разрезіне кеткен болатынмын. Ал совхоз 1990 жылдардың басында қожырай бастады, - дейді Андрей Егоров. – Адамдар жұмыс істеді, бірақ ақша төлемеді, күн сайын құр барып, тегін істеп жүрдік. Сонда отбасыммен барып, Бородино қаласындағы бес қабатты үйден пәтер жалға алып тұрдық. Бірақ жалға алу ақысы қымбатқа түсіп, Бородино ауылынан (екі елдімекен - Бородино қаласы мен Бородино ауылы қатар орналасқан – ред.) үйшік сияқты кішкентай үй сатып алдым. Содан кейін әйеліммен ажырастым, оған бәрін қалдырып, өзім Лощинкаға келдім. Екі бала бар ғой деп ештеңені бөліске салған жоқпын. Бір қызым - Канскіде, екіншісі Красноярскіде тұрады. Бәрі қыздарыма қалсын, өзім мына жақта бірдеңе етіп күнімді көрермін деп ойладым.

Андрей Егоров
Андрей Егоров

Қазір Лощинкада үш адамның ғана тұрақты жұмысы бар. Билік медициналық пунктті де әзірше жаба қойған жоқ. Өйткені тұрғындарға укол салып, жарасын таңатын да біреу болуы керек қой. Ауыл тұрғындарының сөзінше, Раиса Мышкина күн-түн демей көмек көрсетуге әзір тұрады. Бірақ жуырда ол да зейнетке шығады. Ал фельдшерлік пункттің тағдыры не болатынын ешкім білмейді.

​Кенттегі балабақшаның жабылып қалғанына 10 жылдан асқан. Мектепті де жауып, жұрт кірпішін үйіне тасып алған. Мектепте оқытатын бала жоқ - жас отбасылар бұл жақтан баяғыда көшіп кеткен. Ауыл клубынан да естеліктен өзге ештеңе қалмаған. Айтпақшы, картада жергілікті №1841 сайлау учаскесі ретінде клуб көрсетілген. Бірақ дауыс беру қараусыз қалған үйлердің бірінде өткен.

Қоғамдық моншаның орыны
Қоғамдық моншаның орыны

Бір кездері Лощинкада дүкен де болған. Кейін қоғамдық монша сияқты оны да бұзып әкеткен. Қазір ауылға айына екі рет "автолавка" келіп тұрады. Ассортименті жұтаң, бірақ әйтеуір жоқтан гөрі жақсы. "Ең бастысы, қажет тауарларды әкеледі" дейді Вера Шкудина.

Аялдама
Аялдама

- Көршілес Бородино ауылында тұратын кәсіпкер тауарды зейнетақыдан зейнетақыға дейін қарызға әкеліп тұрады. Бағасы арзан ба, қымбат па - білмеймін, оны қалай салыстырамыз? Зейнетақымызды берген кезде азық-түлік әкеліп тұрады, алдыңғы сатып алғанымыз үшін есеп айырысамыз, ол бізге тағы қарызға береді. Зейнетақымыз мардымсыз, өзім 8300 рубль аламын. Өмір бойы сауыншы болып жұмыс істегенімді қайтейін, ең аз көлемдегі зейнетақы берді. Немеремді асырап жеткізуім керек, әкесі мас болып, бұлғақтап жүреді. Олар бізден бөлек - жолдың арғы шетінде тұрады, оны жөргектегі кезінен мен асырап келемін, - дейді Вера Шкудина.

Ауылға аптасына бір рет нан әкеледі. Жұрт оны молынан сатып алады. Өйткені келесі жолы бір аптадан кейін ғана келеді. Өздерінен артылғанды тауық, қазға үгітіп беруге болады. Егер өзге бірдеңе алғың келсе, немесе аяқ астынан бірдеңе қажет болып қалса, автобус бар. Ол аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері қатынайды. Бірақ Вера Шкудинаның айтуынша, сол автобустың да сынып қалатын кездері де болады. Ондайда амал жоқ, күтесің..

- Бірде диспансеризациядан өтпек болып, жолға жиналдым. Автобус келмей қалды. Ал сенбі күні еш жер жұмыс істемейді ғой, қайда барасың? Келесі аптаны күттім. Таңертең кетсең, кешке қайтасың. Күні бойы салақтап сол жақта жүргенің. Егер автобус көпке дейін жөнделмесе, онда ешқайда шыға алмайсың. Ұялы байланыс ғана бар, оның өзінде де жұрттың кейбірінде ғана.

Как живет деревня в Красноярском крае, где 100% жителей голосуют за Путина
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Қалаға қатынаудың бұдан өзге амалы да бар. Мысалы, Бородино қаласынан 600 рубльге такси шақырсаң, қалаған жағыңа апарады.

Вера Шкудинаның немересі Максим - ауылдағы жалғыз бала. Бесінші сыныпта оқитын оны сабаққа апару үшін арнайы автобус келеді. Әлгі автобус маңайдағы ауылдарда тұратын балаларды жол-жөнекей жинап, Бородинодағы мектепке тасиды. Бірақ Вера Шкудина оның да сынып қалатын кездері болады дейді.

- Өткенде сәл бұрқасын жүріп еді, автобусты шығармай қойды. Немерем сабақтан көп қалып қойды. Олар тіпті алдыңғы жылы немеремді сабаққа автобуспен тасудан бас тартқылары келген. Содан аудандық білім бөліміндегі Татьяна Николаевна Сизоваға барып шағымдандым. Ол "уайымдамаңыз, бәрібір таситын болады" деді. Ал қыста күн сәл борандатса болды, механик сол автобусты да рейске шығармай қояды дейтін. Кейін білсем, автобус Низинка ауылына дейін келіп, балаларды жинап әкетеді екен де, мына жаққа соқпай кетіп жүр екен. "Мұның не, ол жақтың балаларын тасып жүрсің ғой" дедім. Тағы барып ұрсысуға тура келді. Қазір тасып жүр әйтеуір. Бесінші сыныпта бес бала оқиды, - дейді ол.

Лощинкаға поштаны да аптасына бір рет көлікпен тасиды. Зейнетақыны да сол көлікпен әкеліп таратады. Бұл жақта суды да кесте бойынша тасиды - айына екі рет іргедегі су тартқыштан трактор келіп, аулаларды аралап, құйып кетеді. Валентина Егорованың айтуынша, ауылда құдық жоқ.

Валентина Егорова
Валентина Егорова

- Бірақ жер астынан су тартатын жабдық тұр. Былтыр өрт шалып сынып қалғаны рас. Шлангысы да, бағаны да өртеніп кетті. Жарты жыл су болған жоқ. Сосын құбырын тот басып үлгерді. Кейін ескісін суырып алып, жаңасын салды. Күзден бері су шығып тұр. Ал оған дейін суды көрші Низинка ауылынан тасып беретін. Бірақ 12 километр ойқы-шойқы жолмен әрең жеткізетін де, қажетінше құйып алуға да рұқсат бермейтін, - дейді Валентина Егорова.

Валентина Егорованың үйінің ауласы
Валентина Егорованың үйінің ауласы

Жазға салым осы маңда өрт жиілеп кетеді. Үйлері өртенген адамдар, үйдің қаңқасын тастап көшіп кетіп жатыр. Маңайдың бәрін қурай басып кеткен. Бұрын сол маңда мал жайылатын.

Өрт бола қалса, оны сөндіруге тұрғындардың шамасы жетпейді. Өрт сөндірушілерді көрші қалалардан шақырады. Олар өрт шыға салған бетте келіп үлгермейді.

Ауылдың ескі жұртын жыртып тастауға да тұрғындардың шамасы жетпейді - техника жоқ. Қолмен қазып шығу да қиын – күші бар ер адамдар жоқтың қасы. Вера Шкудина "алда-жалда қыста өліп қалсаң, қабір қазатын да ешкім жоқ" дейді. Айтпақшы, тұрғын әйелдердің біріне қайтыс болған шешесін осындай себеппен Бородино қаласына апарып жерлеуіне тура келген.

Лощинка
Лощинка

Лощинка халқының көбі - зейнеткерлер. Кей үйлерді маңайдағы қала тұрғындары саяжай немесе бал араларын өсіретін омарта ретінде сатып алған. Көбі мардымсыз зейнетақы алады.

​ - 40 жыл сегіз ай стажбен 8500 рубль зейнетақы аламын, - дейді Валентина Егорова. – Стаж үшін тіпті бес тиын да қоспайды. Отағасым ғана совхозда өмір бойы бір орында жұмыс істеген. Ол федералдық деңгейдегі ардагер ретінде 15 мың рубль алады. Ал менікі мардымсыз... бірақ күн көруге болады.

Бұл жақта кеңсесі Бородино ауылында орналасқан жергілікті билікті ғана сөгіп, жазғырады. Тұрғындардың пікірінше, тіпті Центральная көшесіндегі шамның екі жылдан бері өшіп тұрғанына да жергілікті билік кінәлі.

- Әлгі фонарь мәселесін айту үшін Бородиноға барып едім, олар көшедегі шамдарды мүлде өшіріп, бағандарын алып тастаймыз деді, - деп шағынады Вера Шкудина. – Сендерден де нашар тұратын адамдар бар деп өзімді сөкті. Жергілікті билік бізге сайлау кезінде ғана келеді.

Биылғы президент сайлауында Лощинканың 25 тұрғыны Владимир Путинге бірауыздан дауыс берген.

- Өзім Путинге дауыс бердім. Сол басқара берсін. – дейді Андрей Егоров. – Одан басқа кім бар? Мысалы Грудининге дауыс бергеннен не шығады, ол ештеңе істемес еді. Ал Путин қалай басқаруды біледі. Таңдайтын несі бар? Ал бізде – Лощинкада мынадай жағдайды кім біліп жатыр, картада біздің бар екенімізді Кремльдегілер білмейді де ғой.

Вера Шкудина уәдесіне сенгендіктен, Путинге дауыс бергенін айтады.

- Путин бізге 11 мың зейнетақы беруге уәде еткен. Соған сендік, ал енді 200 рубльден ғана қосты, сонымен бітті. Қазір 8500 рубль алып жүрмін, - дейді ол.

Дауыс беруге сайлаушылардың бәрі келгеніне сайлау комиссиясы қызметкерлерінің өздері қайран қалған.

- Жұрттың бәрі неге Путинге дауыс бергенін білмеймін. Бірақ басқа кімге дауыс бересің? Мен де, әрине, Путинге дауыс бердім. Өйткені... сонда әлгі Собчакқа дауыс беруіміз керек пе еді? Оның қолынан не келеді? Путинді сайлау керек, Путин бола берсін. Қалай айтсам екен... оны бүкіл әлем біледі, ол да бәрін біледі дегендей... Сондықтан басқара берсін, - дейді дауыс беру күні сайлау учаскесінде жұмыс істеген Валентина Егорова. – Мардымсыз болса да зейнетақымызды ай сайын үзбей беріп тұр. Сондықтан бәріміз Путинге дауыс бердік. Айтпақшы, сайлау алдында өткен дебаттарды көрдім. Кешкісін Соловьевтің хабарын да көремін. Түнгі сағат 11-ден 15 минут кеткенде басталады. Олардың қалай керілдескендерін, айқайлағандарын тыңдасаң қызық. Собчакты да, басқаларын да көрдім. Бірақ Путинге дауыс беру керек. Ксюшаның түрі ұнамағандықтан емес, әрине. Қаншама жылдан бері Путин басқарып келе жатыр ғой әрі бәрін - қайда барып, не істеу керектігін біледі... Қазір Путинге де қиын болып тұр, әне Кемеровода қандай трагедия болды, бәріне төлеу керек, сұмдық енді. Ал сыртқы саясаттан онша хабарым жоқ. Аздап құлақ түргенім болмаса, онша түсінбеймін. Ал жаңалықтарды қалт жібермей тыңдаймыз. Әйтеуір тіршілік етіп, өмір сүріп жатырмыз. Ештеңеге селт етпейміз, соған қарағанда, мына тіршілігімізге үйреніп кеткен шығармыз.

("Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі Татьяна Лапрадтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG