Accessibility links

Татарстандағы тіл дауы


Қазан қаласы Вахитов аудандық сотында отырған Ольга Зиятдинова.
Қазан қаласы Вахитов аудандық сотында отырған Ольга Зиятдинова.

Шілде айында Ресей президенті Владимир Путин ел аймақтарында жергілікті тілдерді оқуға мәжбүрлеуге рұқсат жоқ деп мәлімдеген еді. Президенттің осы сөзінен шабыттанған татарстандық әйел ұлын татар тілін оқуға «мәжбүрлегендерді» сотқа беріп, моральдық өтемақы талап етіп отыр.

Ресейге қарайтын Татарстан астанасының аудандық соты ұлына орта мектепте «татар тілін мәжбүрлеп оқытқаны үшін» моральдық шығынның өтемақысы ретінде 2,75 миллион рубль (47 мың АҚШ доллары) талап еткен әйелдің шағым-арызын қанағаттандырмай тастады.

Қазан қаласы Вахитов аудандық сотының судьясы Евгений Зыбунов қарашаның 7-сінде Ольга Зиятдинованың арызын «негізсіз» деп тапты. Сот отырысынан соң Азаттық радиосының Татар-башқұрт қызметіне сұхбат берген Зиятдинова апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Ольга Зиятдинова қарашаның 7-сі өткен сот қарсаңында:

- Ұлым «НТВ» телеарнасына шығып, «президентінің де, конституциясының да, мемлекеттік тілінің де жалғыз екенін, басқа тілді оқығысы келмейтінін» айтып, жеке пікірін білдірді. Сондықтан ол қазір принципті түрде татар тілі сабағына қатысып жүрген жоқ. Мен оның пікіріне ықпал ете алмаймын, - деген.

Ұлым «НТВ» телеарнасына шығып, «президентінің де, конституциясының да, мемлекеттік тілінің де жалғыз екенін, басқа тілді оқығысы келмейтінін» айтып, жеке пікірін білдірді. Сондықтан ол қазір принципті түрде татар тілі сабағына қатысып жүрген жоқ.

Көп талқыға түскен бұл сот ісі – Путиннің тілге қатысты сөзінен соң басталған пікірталастың бір мысалы. Шілдеде Ресей құрамындағы Мари Эл республикасына барған Путин «адамды өз ана тілінен басқа тілді мәжбүрлеп оқытуға және Ресейдің этникалық республикаларында [мектептерде] орыс тілі сағаттарын азайтуға жол берілмейді» деп мәлімдеген еді.

Сотқа жазған арызында Зиятдинова Татарстан мектептерінде бір оқу жылында орыс тіліне 700 сағат қана бөлінетінін айтқан. Ал жалпы Ресейде орыс тілін жылына орта есеппен 1200 сағат оқытады.

- Бұл менің ұлыма [оқу сағаты жағынан] үлкен шығын әкелді, - дейді ол Азаттыққа.

Тамыз айында Владимир Путин Бас прокуратураға Ресей республикаларындағы оқушыларға жергілікті тілдерді мәжбүрлеп оқыту фактілерін тексеруді тапсырған. Бұл мектептерде орыстан өзге жергілікті ұлт өкілдері де көп оқиды. Осыдан кейін татардан өзге ұлт өкілдері балаларына татар тілін міндеттеп оқытуға тыйым салуды талап етіп, жаппай шерулер өткізген. Татар тілін оқытуды талап еткен қарсы топ та жаппай наразылық танытқан.

Татарстанның 4 миллионға жуық халқының 53 пайызы – түркі тілдес татарлар болса, 43 пайызы – орыстар, ал қалған 5 пайызы – чуваштар.

Татарстан конституциясы бойынша орыс және татар тілдері мемлекеттік тіл саналады және мектептерде екеуі қатар оқытылады. Ресей конституциясы құрамдас республикаларға өздерінің мемлекеттік тілдерін анықтауға мүмкіндік береді.

Республика мектептерінде татар тілі міндетті түрде оқытыла береді.

Қазан айында Татарстан Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметов «республика мектептерінде татар тілі міндетті түрде оқытыла беретінін» айтқан. Ол «Біз тек [тілді] оқытудың әдістері мен ұзақтығын ғана талқылаймыз» деген еді.

Татарстан президенті Рустам Минниханов та жұртты сабырға шақырып, прокурорлардан мектеп директорларына «шабуылдамауды» сұрады. Қазанның 26-сы күні Минниханов «[Ресми] тіл қалайша ерікті түрде оқытылады? Әлемнің ешбір елінде мұндай жоқ» деген болатын.

Қарашаның 5-і күні прокурорлар Татарстандағы білім беру бағдарламасы федералдық заңдарға қайшы келеді деп мәлімдеді. «Республиканың мемлекеттік тілін міндеттеп оқыту тәртібі федералдық білім беру стандарттарына сай келмейді» дейді олар.

Жаңа ұсыныс бойынша, оқушылар аптасына екі сағат татар тілін оқиды, қосымша үш сағатта «өз ана тілін» оқуға рұқсат беріледі.

Прокуратураның мәлімдемесінен соң, қарашаның 7-сі күні Татарстанның Білім министрі оқу жоспарын бекітуді кейінге қалдырды.

Тамыз айында федералдық үкімет пен Татарстан үкіметі арасындағы билік бөлінісі жөніндегі 2007 жылы қол қойылған келісімнің мерзімі біткен. Татарстан парламенті депутаттары келісімді жаңарту туралы ұсыныс айтып жатқанымен, Мәскеу асығар емес. Бұл жағдай Қазан мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты қиындатыңқырап отыр.

Оқи отырыңыз: Мәскеу Қазанмен билік бөлінісі келісімін неге жасамай отыр?

Вадим Мещеряков мен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG