Accessibility links

Тәуелсіз арна жабылу себебін Кремльден көреді


Хабар таратуға тыйым салынғаннан кейінгі эфирдегі жазу
Хабар таратуға тыйым салынғаннан кейінгі эфирдегі жазу

Ресейдің Томск қаласында хабар таратып, 2015 жылы жабылып қалған ТВ-2 телекомпаниясы туралы деректі фильм жарыққа шықты. Онда арнаның жабылуына биліктің себепші болғаны айтылады.

«Аномалия» фильмі Томск телекомпаниясының тәуелсіздік символы – мысықты бөлшектеп бұзудан басталады. ТВ-2 арнасын бір кездері «Томск медиалық аномалиясы» деп атайтын. Телекомпанияға қатысты жағдайды да қалыпты құбылысқа жатқызу қиын.

МЕДИАЛЫҚ АНОМАЛИЯ

Деректі фильм сібірлік шағын ТВ-2 телекомпаниясының тарихын баяндайды. Ол Ресейдегі ең танымал әрі атақты аймақтық арналардың бірі болатын. Телекомпанияны 2015 жылы жауып тастады. Жаңа жылдық куранттар соғып жатқанда байланысшылар (РТРС) ТВ-2 арнасын эфирден ажыратты. Бір жарым айдан соң кабельдік желідегі лицензияның мерзімі аяқталды.

Роскомнадзор лицензиясын созбады, солайша ТВ-2 хабар таратуды толықтай тоқтатты. Жүзден астам адам жұмыссыз қалды. Компанияда ешқандай заңдық немесе қаржылық проблема болмады.

Түрлі бақылау органдары тарабынан да ешқандай заңдық немесе қаржылық шағымдар болған емес. РТРС мен Роскомнадзор сияқты мемлекеттік құрылымдардан телекомпанияны не үшін эфирден ажыратқаны туралы түсініктеме болмады.

«Аномалия» - ТВ-2 телекомпаниясының тарихы ғана емес, Ресейдегі тәуелсіз медианың пайда болуы, өркендеп дамуы мен жойылуының тарихы. ТВ-2 жабылардың алдында Ресейде бірнеше журналист қаза тапты, тәуелсіз БАҚ еркіндігін тұншықтырды.

Фильм Ресейдегі сөз еркіндігі мен БАҚ тәуелсіздігі құндылығын баяндайды.

Аймақтық шағын компанияны жабу туралы шешімнің жоғарғы жақтан қабылданғанын ТВ-2 басшылығы мен қызметкерлері дереу түсінді. Іс саяси болғандықтан, аман қалмайтындарын білді. Томскіде бұқаралық митингілер өтті. Бірнеше мың адам аязды күні телекомпанияны қолдау үшін көшеге шықты. Президентке хат жазып, қол қойды. Көпшілік акцияға мыңдаған адам шықса билік райынан қайтар, ТВ-2 эфирге оралар деп үміттеніп еді, ақталмады.

ТВ-2 арнасын қолдау акциясы. Желтоқсан, 2014 жыл
ТВ-2 арнасын қолдау акциясы. Желтоқсан, 2014 жыл

Бірақ ТВ-2 арнасына бүйрегі бұратындардың өздері қайтар жолдың жоқтығын айтты. ТВ-2 ымыраға келмегені үшін сыбағасын алды десті. «Журналистер елдегі өзгерісті сезінбеді, реакция танытпады, заман өзгерісіне бейімделмеді, қазіргідей жұмыс істеуге болмайтынын түсінбеді» деген пікірлер бар. Олар биліктің қысымына қарамастан редакцияның саясатын өзгертпеді.

«АБЫРОЙМЕН КЕТТІК»

ТВ-2 арнасының негізін қалаушы Аркадий Майофис телекомпанияның тағдыры әлдеқашан шешіліп қойғанын айтады

Аркадий Майофис
Аркадий Майофис

​«Уақытын көрсетпей, жұмыстан шығару туралы өтініш бар. Яғни, өтініш жазасың, бастығың оны үстелге қояды, күнін өзі қалаған кезде көрсетеді. Бізді құрту туралы пәрмен баяғыда түскен деп ойлаймын, бірақ уақытын күтіп келген, заман басқа болды, кері реакция туады, қарсылық болады деп қорықты. Жылдар бойы бізді құртуға қажетті себептер жинала берді. Бастысы – біз басқамыз, ерекшеміз. Қаржылық тұрғыда тәуелсіз болдық. Жылдар бойы тіршілік етудің жарнамалық моделін жасадық. Ресей үшін жарты миллион халық – шағын нарық. Билікте, олигархтар мен партиялар арасында демеушілеріміз болмады. Бюджеті компанияның жалпы табысынан бірнеше пайызға көп бірде-бір жарнама берушіміз болған жоқ. Сондықтан қандай да бір мемлекеттік құрылымнан немесе қаржы корпорациясынан жарнама түсіруді сұрауға болатын еді. Біз өздігімізден күн көрдік.Редакция бойынша тәуелсіз саясат орнады, соны бағаладық. Оны қандай да бір принциптің бір бөлігі, шектен шығу деп санамадық, мамандығымыздың негізі деп қарадық. Осындай мамандық бар, оның өз принциптері бар, одан бас тарту – мамандықтан бас тарту деп ойладық. Бұл тұрғыда толық сенімді болдық. Әлемнің түрлі елдерінде біз сияқты медиа ұйымдардың қалай жұмыс істейтінін білдік, олардың мысалын зерттедік. Ресей ғана емес, ТМД аумағында кәсіби ортада ТВ-2 арнасын бәрі білетін. Бастамашыл болдық, немқұрайлық танытпадық, өзіміз айналысқан істі жақсы көрдік, әркез жаңа бірдеңе ойлап табумен болдық. «Ажалсыз полкты» да біз ойлап таптық, сол бізге бәле болып жабысты. Өздерін нағыз патриот санайтын жауларымыздың ойынша біз басты «біріктіргішті» жекешелеп алыппыз... Бізге үкімді әлдеқашан шығарып қойған, әлденені өзгерту еш мүмкін емес. «Единая Россия» сияқты партияға жағынып, тағы біраз уақыт тіршілік етуге болар еді, бірақ соңы осылай аяқталар еді. Біз абыроймен кеттік. Көп нәрсені жоғалттық, өміріміздің бір бөлігін, ақшамызды, кәсібімізді жоғалттық, бірақ абыройымызды сақтап қалдық. Уақыт үкім шығарды, біз оның қалыбына сыймадық» дейді Аркадий Майофис.

Владимир Познер
Владимир Познер

«ТВ-2 арнасының басындағы жағдай тұтас елімізде болып жатыр. Өте маңызды аймақтық телеарнаны құртты. Қауіпті деп таныса керек. Бүкіл әлемдегі адамдар журналистерге сенеді, оларды күн сайын көшеде, автобуста көреді. Авторитарлық билігіміз онымен келіспейді. ТВ-2 нені қалай істеу керектігін көрсетіп келді. Қазіргі кезде ондай үлгі ешкімге керек емес» дейді ресейлік танымал журналист Владимир Познер. Ол ТВ-2 арнасын жабу саяси іс екеніне күмәнданбайды.

Светлана Сорокина да ТВ-2-ның жабылуына саяси себеп ықпал еткенін айтады. 2000 жылдардың басында ол Ресейдің 90-жылдардағы ең мықты компанияларының бірі НТВ-де жұмыс істеді. Билік телеарнаға өз адамын басшы етіп қойғанда Сорокина жұмыстан кетті.

«Аудиториясы шағын болғанымен ТВ-2 қала үшін маңызды компания болатын. Сол қаланың көңіл-күйіне ықпал ететін. Сондықтан да оны құртын тынды» дейді ол. Сорокинаның пікірінше, бәрі бір қалыпқа түскен, бір позицияны ұстанған ортада бұндай телеарналардың аман қалуы мүмкін емес.

«Зейнетақы реформасындағы жаңалықтар талқыланып жатыр, орталық арналар бірауыздан бақытты зейнеткерлерді көрсетеді... Бұдан басқа сюжет жоқ. Соған қарайсың да: «бұның шегі бар ма?» деп ойлайсың. Қазіргі билік жергілікті мекеменің тәуелсіздігінен қорқады. ТВ-2 – соның үлгісі болды» деп түсіндірді ТВ-2 арнасының бас редакторы Виктор Мучник.

Виктор Мучник
Виктор Мучник

«Шешімді Ресей Федерациясы президентінің әкімшілігі деңгейінде қабылдаған. 2014-2015 жылдың басында үстімізден жазылған бір баяндаманың мазмұнын да білеміз, онда үш нәрсе бойынша айыпты етіп көрсетіпті. Біріншісі - Михаил Ходорковскийдің ақшасына спутниктік хабар таратпақ екенбіз. Екіншісі – сол спутниктік телеарна аясында федералды арналардағы негізгі тақырыптарға балама ақпарат бермек болыппыз. Үшіншісі – «Ажалсыз полк», Ресей Федерациясының тарихи саясатына рұқсатсыз араласу. Бұл жазбаның мазмұнын бір дереккөзден алдым, әдетте біз екі-үш дереккөзге сүйенеміз. Бірақ оған сенемін, оның үстіне басқа дереккөзден түскен мәліметтер де осыған үйлеседі. Бір-біріне тәуелсіз бірнеше дереккөз шешімнің президент әкімшілігі деңгейінде қабылданғанын растады» дейді бас редактор Виктор Мучник.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG