Accessibility links

«Вагнер» жасағын мемлекет құрған»


Григорий Цуркану (сол жақта) мен Роман Заболотний ИМ содырларының тұтқынында отыр.
Григорий Цуркану (сол жақта) мен Роман Заболотний ИМ содырларының тұтқынында отыр.

Азаттық радиосы Сирияда тұтқынға түскен ресейлік Григорий Цурканудың ағасы Роман Цурканумен сөйлесті.

Григорий Цуркану мен тағы бір ресейлік Роман Заболотнийдің «Ислам мемлекеті» жасағының тұтқынына түскені туралы бейнебаянды ИМ-ге жақын «Амак» агенттігі қазанның 3-і күні жариялады. Роман Цуркану інісінің «ЧВК Вагнера» (ЧВК – жекеменшік әскери компания, бұдан ары - «Вагнер» жасағы) жасағы құрамында Таяу Шығыста соғысқанын растады, оның «Сирияға жасаған іссапары» мен Украинаның шығысында соғысқаны туралы әңгімеледі.

Григорий Цурканудың ағасымен таныспын деген адам бізге байланыс желісі арқылы хат жіберіпті. Онда тіркелген фотодағы адам сириялық тұтқынға, яғни Роман Цурканудың ағасына ұқсайды.

Хатта «Амансыздар ма! Ютубтен Сириядағы екі орыс солдатының тұтқынға түскені туралы ролик көрдім. Олардың бірі менің досым Григорий Цуркану екенін таныдым. Оның ағасы Романмен сөйлестім, ол інісінің Сирияға әскери қызметпен жіберілгенін растады. Қазір [Ресей] қорғаныс министрлігі Григорий Цуркану мен Роман Заболотнийден жалтарып отыр. Путин билігі жігіттерді құтқаруға тырыспайтын сияқты» деп жазылған.

Мүмкін бұл хабарламаны Роман Цурканудың өзі жіберген шығар. Әйтеуір, қоңырау шалған кезде ол дереу жауап беріп, сұхбаттасуға дайын екенін білдірді. Ол тілшімен әңгімелескен кезінде інісінің Сирияда ғана емес, Украинаның шығысындағы ұрыстарға да қатысуға жіберілгенін айтты.

– Видеодағы адам сіздің бауырыңыз ба?

Оларды ақшамен арбайды, сосын жалтарып кетеді.

– Иә, інім. Мен жалтармаймын. Оларды ақшамен арбайды, сосын жалтарып кетеді. Себебі келісімшартпен қызмет ететін әскерилер олар сияқты соғыса алмайды.

– Яғни, бауырыңыз әскери қызметте емес пе?

– Жоқ, олар - жалдамалы әскер. Мемлекеттің «Вагнер» аталатын жекеменшік негізінде құрылған жасағы бар. Соған кіреді.

Ол Сирияға әскери қызметкер емес, жалдамалы ретінде кеткенін жасырды ма?

– Бәріміз әскери қызметкер болдық, белгілі бір жасақта борышымызды өтедік. Ол әуе десанты әскері құрамында, барлауда болды. 1978 жылы туған, қазір 38 жаста. Қазіргі жастар автоматты бұзып, қайта құрай алмайды, сондықтан, оның бір өзі бір ротаға татиды.

– Ініңіз Вагнер жасағына қашан қосылды?

– 2012 жылдан бері сонда.

–"Славянский корпус" деген сол емес пе?

– Иә, «Вагнер» сол кезде пайда болды.

– Ал ініңіз Сирияға қашан кетті?

– Мамырда кетіпті, мен оны бір жарым айдан соң білдім. Қандай тапсырма берілгенін, оны қалай орындағандарын білмеймін. Күзет пе, әлде қарсыласты тықсырып шығару ма - мүмкін тәжірибелі сарбаз ретінде негізгі жасақтың алдында жүрген шығар.

Бұған дейін де Сирияға барды ғой?

– Иә, барды.

Ол жаққа неге барғанын айтпады ма?

– Өмірден орнын таба алмады. Отбасын асырау үшін барды деп ойлаймын, оның екі баласы бар.

– Facebook-тегі суреттеріңізді қарадым, егіздер сияқты қатты ұқсайсыздар.

– Иә, ол қараторылау, мен ашаңдаумын.

Жылдарыңыз бір ме?

– Жоқ, мен 1974 жылғымын.

– Бауырыңыз Сириядан оралғанда қандай жағдайда соғысқандарын айтты ма? Әскери қызметкерлердің жағдайы түсінікті, қаза тапса – ресми түрде жерлеп, марапаттайды, туыстарына өтемақы береді. Ал «Вагнер» жауынгерлері ше?

– Келісімшарт болған күнде де оны ешкім көрмейді, қайда сақталатынын ешкім білмейді. Олар жария етпеу туралы құжатқа қол қояды. Бір білетінім: қаза тапса медалі мен ақшасын туыстарына қайтарады.

– Демек, олар опат болса, өлгендерін ресми мойындамайды, аты-жөнін атамайды, соны өздері біледі ғой?

– Ол жағын білмеймін. Жауапты адамдармен сөйлескенде «ешкімге жария қылма» деді.

– Ініңіз қанша ақша алып жүрді?

– Ол жағын да білмеймін.

– Екінші тұтқын – Заболотнийді танисыз ба?

– Жоқ. Ол жерде Ресейдің барлық аймағынан барған адамдар бар.

– Сирияда кадрлық әскерилер мен «вагнершілердің» қатар соғысып жүргені әділетті деп ойлайсыз ба? Соңғыларынан [Ресей] қорғаныс министрлігі дереу бас тартады ғой.

– Келісімшартпен баратындардың не керегі бар екенін түсінбеймін, әскери қасиеті бар нағыз жауынгерлерден элиталық жасақ құру керек қой. Неге нағыз жауынгерлерді заңсыз түрде ажалға айдайтындарын ұқпаймын.

– «Вагнер» жасағы Барлау басқармасы базасында жаттығады, элиталық жасақ деседі ғой.

– Иә, бірақ олардың бәрі қазір әскери емес, азаматтық тұлғалар.

– Бауырыңыз Югославияда соғысты ма? Facebook парақшаңызда Боснияда, Серб Республикасында түскен суреттеріңіз бар екен.

– Жоқ, соғыспады, ол 1978 жылғы ғой, ол кезде 15 жаста ғана. Боснияға 2014 жылы Скупщинадағы сайлауда бардық.

– Турист ретінде ме?

– Иә.

Роман Цуркану (сол жақ шетте) мен Григорий Цурканудың (оң жақ шетте) Боснияның (Серб Республикасы) Банья-Лука қаласында 2014 жылы түскен суреті. Бұл фотоны Роман Цуркану Facebook парақшасынан алып тастаған, бірақ оның көшірмесі бар. Оның Facebook-тегі парағы ашылмай тұр.

– Сіз немесе ата-анаңыз қорғаныс министрлігіне хабарласып көрдіңіздер ме?

Ол бір жерлерге барып жүретін, Донбастағы әскери қызметі үшін жиі-жиі медаль алды.

– Оған берген медальдары бар. Ол бір жерлерге барып жүретін, Донбастағы әскери қызметі үшін жиі-жиі медаль алды. Ресми түрде ештеңе айтпайды, бірақ бір жерге шақырып, медаль, орден береді. Бірақ енді оның басына күн туса, лақтыра салады.

Ол сонда Донбаста да болды ма?

– Иә, екі рет.

Қай жылы?

– 2014 жылы.

– 2014 жылы екі рет барды ма?

– Иә, басында барды. Укроптарды (Украина азаматтарын қорлап атау - жаргон) тысқыртып қуды, бірақ қырсық болғанда жолдас Путин бітімге келе салды. Інім ол жақта біздің мыңдаған жігіттер қырылғанын айтты.

– Ол жаққа да «Вагнер» жасағы атынан барды ма?

– Қалай барғанын білмеймін. «Вагнер» атынан да барды. Оларға Барлау басқармасының бір маманын командир ретінде ұсынды. Кейін өзі тікелей кірді, «Луганск халық респбуликасы» басшылары шақырды. Кейін оларды қуып шықты. Бұның бәрі лас жұмыс, ФСБ бәрін ақшамен шешеді, ақша жымқырады, бұзақыларға қорған болады. Өте лас жұмыс.

– Оның Донбасс туралы әңгімесі сізді қапаландырды ма?

– Олардың бәрі патриоттық рухпен барды ғой. Ал артынан бәрі ақшаның билігіне айналып кетті.

– Ініңіздің ақша үшін соғысқанын айтып отырсыз ғой.

-Иә, ол рас. Олар соғыса алады, мемлекет жеке әскери компания құрды, ақша төлейді. Бірақ оны жасырады. Алайда федералдық арналар көрсетті ғой, Путиннің өзі Вагнерге Кремльде медаль тақты ғой.

– Вагнер ғана емес, оның жақын көмекшілері мен орынбасарларына да берді.

– Иә, иә. Осы «жекеменшік әскери компанияны» басқаратын адамдар сый-құрметке бөленді, ал оның құрамында соғысқандарды танымаймыз дейді. Вагнер өз адамдарын білмей ме? Жарты жыл бойы сонда соғысты.

– Ондай кезде жасақтағы шығын туралы да ресми айту керек болады, халыққа ол ұнамауы мүмкін.

– Шығын әлдеқайда көп, маған тағы бір адам хабарласты, ол «бұл істі тоқтатамын, әбден былғанып біттім» деді. Олар ақша табу үшін барды, игілікті іске араласып жатырмыз деп те ойлады. Бір жылдан астам уақыт бұрын Сирияда тұтас рота минаға түсіп жарылып кетіпті.

– Шамамен қанша адам?

– 60 шақты деді. Қарадан қарап қырылып қалған.

– Ата-анаңыз Григорийдің Сирияда екенін біле ме?

– Біледі, барма деп үгіттеді.

– Бейнебаян шыққан кезде туыстарыңызбен хабарластыңыз ба?

– Иә, кеше ол жақта болдым, қыздары бар, бәрі уайымдап отыр.

– "Ол жақта" дегеніңіз Домодедова ма?

– Иә.

– Олар жоғары жаққа арыз түсіре ме?

– Мен айтамын. Мұның бәрін жариялау керек. «Олар ресейлік пе, жоқ па - анықтаймын» деген әңгімелер маған ұнамайды. Билік екіжүзділік жасап отыр. Адамдарды жаппай қырып, сосын олардан теріс айналуға болмайды. Біз өзіміздің емес, биліктің мүддесін қорғап отырмыз.

Азаттық радиосының тілшісі мен түсіру тобы күндіз Домодедоводағы Цурканудың отбасына келді. Роман Цуркану таңертең журналиспен кездесуге дайынмын деген, түстен кейін телефонын көтермеді. Роман мен Григорийдің ата-анасы қарапайым зейнеткерлер – өздеріне біреулердің қоңырау шалып, «Григорийді босатамыз, шу көтермеңдер» деп айтқанын баяндады. Кейін олар қоңырау шалған ФСБ екенін мойындады. «Біраз күтеміз, босатпаса сіздерге – журналистерге хабарласамыз» деді олар.

Цуркану әулетінің Домодедово қаласының маңындағы үйлері:

Екінші тұтқын Роман Заболотнийдің де өмірбаяны «қызыққа» толы екен. Ашық дереккөздерден сириялық тұтқындар туралы білгенін Conflict Intelligence Team зерттеу тобының сарапшысы Кирилл Михайлов та айтып берді.

– Роман Заболотний мен Григорий Цурканудың тұтқынға алынуы туралы не білесіз? Заболотний бейнебаянда «Шуля» деген елдімекенді атайды, контршабуыл болды дейді.

– Шуля немесе эш-Шола – негізгі тасжолда орналасқан елдімекендердің бірі. Ресейдің әскери ғарыш күштері қолдап отырған асадшыл жасақтар мен Вагнер жауынгерлеріне керекті жабдықтармен осы жолмен жеткізіледі. Олар Дейр эз-Зор қаласына шабуылдап жатыр. Бұл қаланы бірнеше жылдан бері «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының (ИМ) содырлары қоршауға алған, жақында шөл далаға әскер тастау арқылы ИМ қоршауын бұзды. Бірақ қыркүйектің соңында ИМ содырлары қарсы шабуыл жасап, эш-Шолуды қайтарып алғандарын айтты. «Амак» агенттігі ондаған сириялық әскери қарсы шабуылдан қаза тапты деп жазды, қыркүйектің 28-і күні екі ресейліктің тұтқынға түскені айтылды.

– Әлеуметтік желі қолданушылардың айтуынша Роман Заболотний биыл сәуірде Алексей Навальныйдың Дондағы Ростовтағы штабын жабу науқанына қатысыпты және казак ұйымына қатысы бар екен. Ол туралы не білесіз?

Роман Заболотнийдің (сол жақта) Ресей казак жасағының формасымен түскен суреті. Фото Заболотнийдің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

Error rendering VK.

​– Иә, ол суреттерде Роман Заболотний бар. Ол казактардың белсендісі болса керек, содан кейін Сирияға аттанған. Ол жаққа кеткеніне көп болмаған. Білетініміз, Заболотнийдің мамандығы аспаз, туған ауылы Рассветте жұмысқа орналаса алмаған. «Вагнер» жасағына өте көп ақша төлейтіні үшін қызыққан шығар. Оның Украинадағы бақылаусыз аумаққа гуманитарлық көмек апарғаны белгілі, Донбастағы соғысқа қатысқан-қатыспағанын білмейміз.

– Ресей қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлерге қатысы жоқ деп тұтқындардан жалтарды. Соған қарап сіз сияқты сарапшылар Заболотний мен Цуркануды «Вагнер» жасағына кірді деп болжады. Тағы қандай ақпарат бар?

Цуркану «Боевое братство» ардагерлер ұйымына мүше болған, ал Сирияға әскер жалдаумен Александр Бородай басқаратын «Союз добровольцев Донбасса» ұйымы айналысқан. Олар осы ұйымдар арқылы «Вагнер» құрамына өтуі мүмкін.

– Қорғаныс министрлігі «Вагнер» жасағына кіретін жауынгерлердің өлімін ешқашан растамайды. Вагнердің рекрутерлері казактар мен ардагерлер ұйымдарын жиі көздейді. Ол жерде әскери тәжірибесі бар адамдар көп. Цуркану «Боевое братство» ардагерлер ұйымына мүше болған, ал Сирияға әскер жалдаумен Александр Бородай басқаратын «Союз добровольцев Донбасса» ұйымы айналысқан. Олар осы ұйымдар арқылы «Вагнер» құрамына өтуі мүмкін. Заболотний мен Цуркану 40-қа кеп қалған адамдар, ресейлік келісімшартпен істейтін әскерилер үшін бұл өте егде жас.

– Цурканудың "Боевое братство" ғана емес, "Славянский корпус" жекеменшік әскери компаниясына да қатысы болыпты. Оның қазіргі «Вагнер» жасағына не қатысы бар?

– 2015 жылдың ақпанында "Боевое братство. Домодедово" паблигінде оның «Югославия мен Сирия әскери іс-қимылдарына» қатысқаны туралы пост жарияланды. Ресей ресми түрде қимылын қыркүйектің 30-ы бастады. Демек, «Вагнер» жасағы Сирияда бірнеше ай бойы жариялаусыз әрекет еткен немесе ол «Славянский корпус» ұйымына мүше болған. «Славянский корпус» 2013 жылы құрылды, Башар Асадқа көмектеспек болды, бірақ тек бір-екі соғысқа қатысты. Оның ізбасары «Вагнер» жасағы тиімді әрекет етіп жатыр. Яғни, «Славянский корпустың» мұнай кеніштерін қорғау, майданның күрделі шебінде әскери операциялар жүргізу сияқты қызметтерін 2015 жылдан бері «Вагнер» атқарып жатыр.

– Ресейлік генерал мен полковник қаза тапты, апта сайын «Вагнер» жауынгерлерінің өлгені немесе тұтқынға түскені айтылады - қазір өзі Сирия майданында не болып жатыр?

Генерал-лейтенант Валерий Асапов.
Генерал-лейтенант Валерий Асапов.

– Қазір Сирияның шығысында ИМ террористеріне қарсы соғыс соңғы сатысына шықты, Дейр эз-Зор провинциясын енді кім бақылауда ұстайды деген мәселе шешіліп жатыр. Осы кезге дейін провинцияны ИМ толық бақылауда ұстап келді. Қаланың сол жағалауында кен орындары көп. Оған қазір халықаралық коалиция мен АҚШ жасақтары қолдайтын «Сирия демократиялық күштері» жақындап келеді. Ресей-Сирия-Иран жағы да олардан қалысар емес. Ресей Дейр эз-Зораға тез жетіп, қаланы басып алып, Ефраттан өтуді көздейді. Ефраттан өтуге қаза тапқан генерал Асаповтың өзі қатысқанын көрдік, демек, штабтар қауіпті жерде жүр, жабдықтау жолын күзету де нашар, Заболотний мен Цуркану сондықтан қолға түсті, - дейді Conflict Intelligence Team тобының зерттеушісі Кирилл Михайлов.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сәрсенбі күні ТАСС агенттігіне «Мәскеу ИМ тұтқынға алды деген әскерилер туралы деректерді тексереді. Олардың біздің елдің азаматтары екенін тексеруіміз керек» деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG