Accessibility links

Коррупция дауынан арылмаған «Восточный» ғарыш айлағы


Ресейдің Қиыр Шығысында (Амур аймағы) салынып жатқан "Восточный" ғарыш айлағындағы ұшыру алаңы. 2015 жылдың жазы.
Ресейдің Қиыр Шығысында (Амур аймағы) салынып жатқан "Восточный" ғарыш айлағындағы ұшыру алаңы. 2015 жылдың жазы.

Шығыны еселеп өсіп, іске қосылуы шегеріліп келген Ресейдің «Восточный» ғарыш айлағы бірер аптада алғашқы зымыран ұшырып, сынап көрмек. Бірақ айлақтың толық жұмыс істейтін күні алыс.

Қиыр Шығыстағы «Восточный» ғарыш айлағынан пилоттық режимде «Союз» зымыранын ұшырған күні Ресей үкіметінің «ғарыш державасы жаңа даму кезеңіне аяқ басты» деп мақтанатыны анық.

Айлақтың құрылысындағы жемқорлық пен қателіктердің кесірінен жоба қайта-қайта түзетіліп, кейінге қалдырыла бергенінен зәрезап болғандар үшін «жаңа даму кезеңінің» ауылы әлі алыс сияқты.

Наурыздың 29-ы күні Якутскіде журналистермен сұхбаттасқан «Роскосмос» ғарыш агенттігінің жердегі инфрақұрылым бойынша директоры Андрей Мазурин жауапкершіліктен қашып тұрғандай әсер қалдырды.

- Сәуірде сынақ түрінде зымыран ұшырып, ғарыш айлағын ашамыз деген үміт бар. Ал 2017 жылы ешқандай зымыран ұшырылмайды. 2018 жылы бағдарламаға байланысты аздаған ұшырылымдар болады, - деді ол.

Мұның ертесінде «Роскосмос» басшысы Игорь Комаров «Восточныйдың» ішінде адамы бар ғарыш кемелерін ұшыруға тек 2023 жылдың соңына қарай дайын болады деді.

Демек 2007 жылы алғаш іргесі қаланғанда Ресей ғарыш бағдарламасының үміті болады деген ірі жоба әлі біраз жылдар бойы «бітпейтін құрылыс» болып қала береді деген сөз. Жоба бойынша «Восточный» Ресейдің негізгі азаматтық ғарыш айлағына айналып, олар 1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстандағы Совет заманынан келе жатқан Байқоңыр айлағынан біртіндеп кетуі тиіс болған.

Ресейде қазір әскери мақсатқа зымырандар ұшыратын Плесецк айлағы жұмыс істеп тұр. Ол қиыр солтүстікте орналасқандықтан, көп миссияны орындауға ыңғайлы емес.

«Восточный» құрылысы қызу жүріп жатқан 2012 жылы «Известия» газеті Ресей ғалымы, зымыран жасау саласы маманы Юрий Семеновтің жобаға қатысты пікірін сұраған еді. Сонда ол «Бұл – шенеуніктердің құлқынын тойдыратын жоба болары анық. Әрі бұл экономикаға да үлкен салмақ салады» деген болатын.

АЙҒА АДАМ ҰШЫРУ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫ

Құрылыстың бюджетке қаншалық салмақ түсіретіні енді айқындалып келеді.

«Восточный» ғарыш айлағы Ресей президенті Владимир Путиннің 2007 жылғы қарашадағы жарлығына сәйкес салына бастаған. Еш жерде жарияланбаған жарлық негізінде жасалған сметалық жобаға сәйкес оған 170 миллиард рубль (сол кездегі бағаммен 4,8 миллиард АҚШ доллары) жұмсалады деп жоспарланған. 2011 жылы «Роскосмос» ғарыш агенттігі құрылысқа үкіметтен қосымша 493 миллиард рубль (17 миллиард доллар) қаржы сұрады. Ал былтыр «Роскосмостың» бұрынғы директоры Юрий Коптев «Восточный» құрылысына тағы 560 миллиард рубль (9,6 миллиард доллар) қажет» деп мәлімдеді.

Бұған қоса, құрылыс төңірегінде қаржылық дау-дамай, жемқорлыққа қатысты айыптаулар көбейіп кетті. Құрылысты жүргізіп жатқан «Дальспецстрой» мердігерлік компаниясы «1,2 миллиард рубль (17,9 миллион доллар) ақшамызды бермеді» деп «Роскомос» үстінен Мәскеу сотына үш арыз түсірген. Наурыздың 24-і күні басқа бір сот ісі бойынша «Дальспецстрой» мемлекеттік «ВТБ банкке» 3,5 миллиард рубль қарызын қайтарсын» деген шешім шықты.

Наурыздың 22-сі күні Амур облысы Свободный қалалық соты ғарыш айлағындағы мердігер компаниялардың бірінің басшысы Сергей Терентьевті «мемлекет ақшасын мақсатсыз пайдаланып, жұмысшылардың еңбекақысын уақтылы төлемеді» деп айыптап, 11 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол 2015 жылғы сәуірде «Восточныйда» бірнеше ай бойы жалақы алмаған 26 жұмысшы аштық жариялаған соң тұтқынға алынған болатын.

Бұған қоса, «Дальспецстройдың» бұрынғы басшысы Юрий Кризман, оның ұлы Михаил және Хабаровск аймақтық думасы төрағасы Виктор Чудов компанияның 6,1миллион долларын жымқырды деп айыпталып, тергеліп жатыр. Юрий Кризман құрылыстың жоспардан кеш жүріп жатқанын үкіметке ескертпегені үшін 2013 жылы қызметінен босатылған.

Оның үстіне биыл наурыз айында премьер-министр Дмитрий Медведев үкіметі «Роскосмостың» 2016-25 жылдарға арналған бюджетін 2 триллион рубльден (29,2 миллиард доллар)1,4 триллионға дейін, яғни 30 пайызға қысқарту туралы шешім қабылдады. Сөйтіп Ресейдің Айға адам ұшыру жоспары 2035 жылдан 2060 жылға дейін шегерілді, ал қайта пайдалануға болатын әуе кемесін әзірлеу жобасы тоқтатылды.

Ресей президенті Владимир Путин сол жақтан екінші) мен "Роскосмос" басшысы Олег Остапенко. "Восточный" ғарыш айлағы, 2014 жылдың қыркүйегі.
Ресей президенті Владимир Путин сол жақтан екінші) мен "Роскосмос" басшысы Олег Остапенко. "Восточный" ғарыш айлағы, 2014 жылдың қыркүйегі.

МЫҢ ҚҰБЫЛҒАН РОГОЗИН

Ресейдің ғарыш бағдарламасына басшылық жасайтын премьер-министрдің орынбасары Дмитрий Рогозиннің де пікірі жыл өткен сайын өзгеріп келеді. 2011 жылы «Российская газетада» шыққан мақаласында ол «Ресейдің ғарыш жүйесі – халқымыздың ерекше даралығының көрінісі, әрі ол - «Орыс әлемі» («Русский мир») сөзінің синонимі» деген еді. Ол Ресейдің ғарыштағы амбициясының күшеюін елдің Совет одағы құлағаннан кейінгі қайта бас көтеруінің белгісі ретінде бағалаған.
2012 жылы Рогозин «Восточный» ғарыш айлағы 2015 жылдың соңына дейін салынып бітеді» деп уәде берген. 2014 жылдың қыркүйегінде айлаққа Путин барып, оны «ұлттың басты жобасы» деп атаған әрі алғашқы зымыран 2015 жылы ұшырылады деп мәлімдеген.

Ал 2015 жылдың тамызында «Восточный» туралы пікір білдірген Рогозин алдыңғысынан мүлде басқа адам сияқты әсер қалдырады. «Азаматтық ғарыш бағдарламасының басты мақсаты не?» десеңіздер, оның көздегені Ай немесе Марс емес. Басты көздегені – қолжетімді ғарыш» деді ол.

Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымы жақында Рогозиннің өзіне қатысты зерттеу жүргізді. Ұйым мәліметтері бойынша, премьер орынбасары 2013 жылы Мәскеуден құны 500 миллион рубль (7,4 миллион доллар) тұратын пәтер сатып алған.

Бұл жөнінде Facebook парақшасында пост жазған Рогозин мұны «америкалықтар мен олардың агенттерінің өтірігі» деп атап, «Ресей үкіметіне жұмыс істеген кезімде ешқандай пәтер сатып алған жоқпын» деп мәлімдеді.

Наурыздың 31-і күні мемлекеттік ИТАР-ТАСС ақпарат агенттігі Восточный ғарыш айлағы құрылысының соңғы кезеңі басталғанын, қазір алғашқы ұшырылымға қажетті бақылау қондырғылары орнатылып жатқанын хабарлады. Бұдан бес күн бұрын ғана дәл осы агенттік құрылыс директоры орынбасары міндетін атқарушы Александр Мордовецтің сөзін келтірген. Оның айтуынша, «ұшыру алаңы техникалық тұрғыдан дайын болғанымен, жобалық-сметалық құжаттардағы 200-ге тарта қателік пен өзгеріс кесірінен жұмыс кейінге қалдырылып жатыр».

«Осының кесірінен жұмыстың көп бөлігін аяқтап, нысанды өткізіп беруге мүмкіндік болмай тұр» дейді Мордовец.

Владимир Воронов пен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG