Accessibility links

Доку Умаров кім?


Доку Умаров 2011 жылы қаңтар айында жасалған Домодедово әуежайындағы жарылысты ұйымдастырғанын мәлімдеп отыр. 7 ақпан 2011 жыл.
Доку Умаров 2011 жылы қаңтар айында жасалған Домодедово әуежайындағы жарылысты ұйымдастырғанын мәлімдеп отыр. 7 ақпан 2011 жыл.

Ресейдегі қарулы исламшылдарға жақын веб-сайттың бірі шешен бүлікшілерінің басшысы Доку Умаровтың қаза тапқанын хабарлады. Шын-өтірігі әлі белгісіз. Ресей билігі де ақпаратты растамай отыр.

Азаттық осыған дейін талай мәрте өлдіге саналған Ресейдің «бас терроршысының» өмір жолын шолып шықты.

ӘККІ УМАРОВ

Солтүстік Кавказдағы исламшыл бүлікшілердің басшысы саналатын Доку Умаровтың Ресей іздеу жариялаған адамдар тізімін бастап тұрғанына бірталай жыл болды.

Совет Одағы тарағаннан соң, 1994 жылы, алғашқы шешен соғысы кезінде ол Ресейдегі талай қанды терактілерді мойнына алған «Кавказ әмірлігі» («Имарат Кавказ») тобының көсеміне айналды.

1964 жылы сәуір айында Шешенстанның оңтүстігіндегі Шатой аймағында, Харсеной ауылында дүниеге келген Доку Умаров Грозныйдағы Мұнай институтының құрылыс факультетін бітірген.

Ол 1994-96 және 1999-2000 жылдары болған Мәскеуге қарсы екі соғысқа да белсене қатысып, тәжірибелі әрі ержүрек қолбасшы ретінде көрінді.

Тәуелсіз Шешенстан президенті деп жарияланған Аслан Масхадов. АҚШ, Вашингтон, 1997 жылдың қарашасы.
Тәуелсіз Шешенстан президенті деп жарияланған Аслан Масхадов. АҚШ, Вашингтон, 1997 жылдың қарашасы.
2005 жылы Азаттық радиосының Орыс қызметіне сұхбат берген ол алғашқы орыс-шешен соғысы басталғанда Мәскеуден қайтып келіп, Шешенстанды қорғау үшін соғысқа аттанғанын айтқан.

Бірінші соғыстан соң президент Аслан Масхадов Умаровты ғұмыры қысқа болған тәуелсіз Шешенстанның Қауіпсіздік кеңесі басшысы етіп тағайындады. Екінші соғыс кезінде ол сепаратистердің оңтүстік-батыс жасақтарының қолбасшысы болды.

2005 жылы шешен сепаратистік үкіметінің вице-президенті болған ол 2006 жылы маусым айында Масхадовтан кейін президент деп жарияланған Хаким Садуллаев (Шешенстан – Ичкерия республикасының президенті деп жарияланған – ред.) қайтыс болған соң, мойындалмаған үкіметтің президенті әрі қарсыласушы жасақтардың командирі болды.

УМАРОВҚА ТАҢЫЛҒАН ЖӘНЕ ӨЗІ МОЙНЫНА АЛҒАН ШАБУЫЛДАР

2004 жылы қыркүйек айында Бесландағы мектепте болған жүздеген адамды кепілге алу шарасын ұйымдастырған да осы Доку Умаров деген ақпарат бар. Ол жолы 334 адам қаза тапты, көпшілігі – балалар. Алайда 2005 жылы Азаттыққа берген сұхбатында ол мектепті басып алғандарды айыптап, күрес әдісі ретінде террорды пайдаланбайтынын айтқан.

2007 жылы қазан айында Доку Умаров өзін Солтүстік Кавказда құрылатын Кавказ әмірлігінің басшысымын деп жариялап, шешен бүлікшілерінің арасына жік салды.

Доку Умаров (ортада) жауынгерлерімен бірге отыр.
Доку Умаров (ортада) жауынгерлерімен бірге отыр.
​Солтүстік Кавказ аймағындағы жағдайды жақсы білетін журналист Иван Суховтың айтуынша, Умаров кейіннен өзін «ғаламдық жиһадшылар қозғалысының бір бөлігі» ретінде көрсете бастаған.

- 1990 жылдардан 2000 жылдардың басына дейін Шешенстанның Ресейден тәуелсіздік алуы жолында күрескен Солтүстік Кавказдың сепаратистік қозғалысы діни ұйымға айналды. Осы сәттен бастап бүлікшілердің басшылары ресми түрде өз іс-әрекеттерін діни тұрғыдан түсіндіруге көшті, - дейді Иван Сухов.

Умаровқа «Солтүстік Кавказдағы қауіпсіздік күштеріне және Кремль саясатын қолдайтын ресми тұлғаларға ондаған шабуыл ұйымдастырды, кісі ұрлап, ақша бопсалады» деген айыптар тағылған.

Былтыр ол «Алла рұқсат еткен кез келген әдісті пайдаланып Сочи олимпиадасын өткізбей тастаймын» деп мәлімдеді.

2009 жылы Мәскеуден Санкт-Петербургке шыққан «Невский экспресс» пойызын жарып жіберуге де Доку Умаровтың қатысы бар деген ақпараттар бар. Ол жарылыстан 26 адам өлді.

Мәскеу метросындағы жарылыстан кейін шашылып жатқан мәйіттер. Мәскеу, 29 наурыз 2010 жыл.
Мәскеу метросындағы жарылыстан кейін шашылып жатқан мәйіттер. Мәскеу, 29 наурыз 2010 жыл.
Умаров 2010 жылы наурыз айында болған Мәскеу метросындағы жарылысты да (39 адам өлді), 2011 жылы қаңтар айында жасалған Домодедово әуежайындағы жарылысты да (36 адам қаза тапты) мойнына алды.

Интернетте жарияланған видеода Умаров әуежайдағы шабуылды «Ресейдің Кавказдағы қылмысына берілген жауап» деп атайды.

Ол видео-жолдауында «Бұл арнайы операция менің бұйрығыммен орындалды. Құдай бұйыртса, мұндай операциялар жалғаса береді» деді. Ресей қауіпсіздік мекемелері Умаровты бірнеше рет өлді деп жариялады.

«УМАРОВ ҮМІТТІ АҚТАМАДЫ»

Доку Умаров үйленген, алты баласы бар. Оның екі бауыры соғыста қаза тапты, тағы бірнеше туысын белгісіз қарулы адамдар ұрлап әкетті. 2007 жылы әкесінің беймәлім жағдайда қаза тапқаны хабарланды.

Азаттықтың «Кавказ репортажы» хабарының авторы, сарапшы Лиз Фуллердің сөзімен айтсақ, Доку Умаров «өзіне артылған сенім мен үмітті саяси тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да ақтай алмады».

Фуллердің айтуынша, «тәуелсіз шешен мемлекетін құру мақсатын тәрк етіп, Ресейдегі бейбіт халыққа қарсы террорлық әрекеттерді қолдаған Умаров Шешенстанның тәуелсіздік алу үмітін жермен-жексен етті».

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG