Accessibility links

Ішінара мобилизация жариялаған Ресей Орталық Азия мигранттарына көз тігіп отыр ма?


Мәскеу әуежайында ұшақ күтіп отырған тәжік мигранттары.
Мәскеу әуежайында ұшақ күтіп отырған тәжік мигранттары.

Мәскеу Ресей армиясымен келісімшарт жасаған мигранттардың азаматтық алуын жеңілдетті. Ал Орталық Азия елдері шетелдегі әскери қимылдарға қатысқан азаматтарының қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертіп жатыр.

Ресейдегі Орталық Азия мигранттары қара жұмыс істеп үйренген.

Жыл сайын осы аймақтың жүздеген мың азаматы Мәскеу мен басқа да ірі қалаларға барып, аула сыпырушы, үй тазалаушы, құрылысшы болып жұмысқа орналасады. Олар көбіне ресейліктер қашқақтайтын қызмет көрсету саласында еңбек етеді.

Енді Ресей Орталық Азия мигранттарын да Украинадағы соғысқа жіберуі мүмкін. 20 қыркүйекте мемлекеттік дума Ресей армиясымен кемінде бір жылға келісімшартқа отырған мигранттардың азаматтық алуын жеңілдететін заң жобасын қабылдады.

Заңды өзгерту себебі ертеңінде түсінікті болды. 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты қолдау үшін ішінара мобилизация жариялады.

Путиннің мәлімдемесі мен президент жарлығы байбалам туғызып, Ресейден ұшатын рейстерге сұраныс күрт артты.

21 қыркүйекте Ресейдің отыздан астам қаласында наразылық акциялары өтіп, 1300-ден астам адам ұсталды. Митингіге қатысқандардың көбі қолына Украина туына ұқсайтын сары-көк түсті плакаттар ұстап, «Мобилизацияға қарсымыз», «Путин орнынан кетсін» деп ұрандатты.

Желіде мобилизация науқаны «могилизация» ("қабір" сөзінен шыққан) деп аталып кетті.

Ресейдің мигранттарға көзқарасы да осыған саятындай.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украинадағы соғыста 5937 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Бұған дейін қаза тапқандар туралы дерек наурызда жарияланған еді.

Ал Батыс елдері Ресей әскерилерінің шығыны 15-30 мың адам болады деген дерек келтіреді.

Мәскеу секілді қалаларда соғысқа тарту аса кең тарамағандықтан, соғысқа көбіне «елдің кедей және алыс аудандарынан шыққан ұлты орыс емес азаматтар» кетіп жатыр дейді көші-қон процестерін зерттейтін Ян Матрусевич.

«Мигранттарға қатысты заңды да осы тенденцияның бір бөлігі ретінде қарастыру керек» деді Матусевич Азаттыққа. «Путиннің жарлығын [Мәскеу мен Санкт-Петербургтің] дәулетті тұрғындарын қамтымай-ақ ірі қалалардан адам тарту мүмкіндігі деп қарастыру керек»

Мәскеуде қала мэрі Сергей Собянин бастаған қала билігі қарап қалмады. 20 қыркүйекте қала басшысының сайтында Собянин «Сахарово» миграциялық орталығында Ресей қорғаныс министрлігіне шетел азаматтарын әскери қызметке алуға көмектесу мақсатында арнайы инфрақұрылым жасақталғанын айтты.

Путин мен Шойгу мобилизацияға әскери тәжірибесі бар резервтегі азаматтар ілінетінін мәлімдеді. Бірақ бұл соғысқа әскери дайындығы жоқ адамдарды да жібереді ме деген қауіпті сейілте алған жоқ.

Кремль Украинаға әскери борышын өтеп жатқандарды жібермейтінін де бірнеше рет айтқан еді. Бірақ соғысқа мерзімді әскери қызметтегілердің де жіберілгеніне біршама дәлел бар.

Ресейдегі қырғыз диаспорасының лидері, кәсіпкер Азамат Әділғазиев отандастарының, әсіресе жастардың үрейі қашып, кейбірінің елден кету үшін кез келген бағада билет алуға дайын отырғанын айтты.

Ол кетіп жатқандардың көбі Ресей азаматтығын алған қырғыздар дейді.

Мигранттарға азаматтық алу үшін екі жыл бойы құжат жинап, құзырлы органдарды аралап жүргеннен гөрі әскери қызметте болған жақсы таңдау көрінуі мүмкін дейді Әділғазиев.

«Қанша адам жазылады? «Сахароводағы» кезекті көрмейінше, айту мүмкін емес. Бірақ қызығушылық бар, салдарын түсінбей отырған адамдар да көп» дейді ол.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ЕСКЕРТУІ

Ресейдегі Орталық Азия мигранттарының көбі – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары.

ТМД-ның басқа елдерінен келген еңбек мигранттары анағұрлым аз. Ол елдердің экономикасы да Ресейден аударылатын ақшаға соншалық тәуелді емес.

Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан билігі шетелде соғысқа қатысқан азаматтардың қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертіп жатыр. Бұл үш ел де Ресей мен оның жақын одақтасы Беларуське салынған санкциялар туралы білсе де, Ресейді қолдап келеді.

Көше сыпырып жүрген мигранттар.
Көше сыпырып жүрген мигранттар.

22 қыркүйекте Өзбекстан бас прокуроры басқа елдің шекарасындағы соғысқа қатысқандар бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын мәлімдеді.

Мәскеудің ресми дерегінше, биылғы жылдың екінші тоқсанында Ресейге жұмыс істеуге келгендердің жартысы – өзбектер.

Мәскеудегі Қырғызстан елшілігі шетелде соғысқа қатысқаны үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтып, соғыс тарту әрекеті туралы дипломаттарға хабарлауды сұрады.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Феликс Кулов Facebook’те жазба жариялап, ел билігін Ресей азаматтығын алған, мобилизацияға ілініп кетуі мүмкін 500 мың адамға көмектесуге шақырды.

«Мұндай адамдарды әскери қызметке шақыру соларға қарап отырған туыстары мен жақындарына жағымсыз, тіпті, қайғылы әсер етеді» деп жазды Кулов.

Қырғызстан ресми түрде екі азаматтықты мойындамайды. Бірақ іс жүзінде мигранттардың көбінде екі елдің де паспорты болуы мүмкін.

Тәжікстан 22 қыркүйекте мәлімдеме жасап, шетелде соғысқа қатысып жатқан азаматтардың «қылмыстық жауапқа тартылатынын» ескертті.

Ресейдің Украинадағы соғысқа келісімшарт арқылы Орталық Азияның қанша азаматын жібергені белгісіз.

10 қыркүйекте Украина бас штабының баспасөз хатшысы Александр Штупун Мәскеуді әлеуметтік желі арқылы Қырғызстанның отставкадағы әскерилері арасында соғысқа тартуға үгіт-насихат жүргізіп жатыр деп айыптады.

Сол күні әскери тілші Юрий Бутусов тұтқынға түскен сарбаздардың Өзбекстан азаматы екенін айтып жатқан видео жариялады.

Азаттықтың Тәжік және Қырғыз қызметтері Украинада Ресей жағында соғысып жатқан азаматтарының қаза тапқанын хабарлаған еді. Кремльге қатысы бар «ЧВК Вагнер» әскери компаниясы осы аймақтағы азаматтарды соғысқа тартуға тырысып жатқаны да айтылып жүр.

Мәскеудің ішінара мобилизация туралы уәдесіне күмәнданатындай себеп көп. Солардың бірі – Украинаның қарсы шабуыл кезінде Харьков облысының ауылдары мен қалаларын азат еткені де бар.

Мобилизация туралы бұйрыққа жуырда болған қарсы шабуыл әсер еткен болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жағдай Ресейдің қанды соғыста жеңіске жету мүмкіндігіне де күмән туғызды.

Мәскеуге адам күші қатты керек, сондықтан шетелдіктерді соғысқа тарту «ерікті түрде қатыстыру» деген сценарийге сай жүзеге асырылмауы да мүмкін дейді Собянин.

«Ресей билігі қазір мигранттарға арналған орталықта тұратын адамдарды әскери қызметке баруға мәжбүрлеуі мүмкін деп алаңдаймын. Ресей билігі Украинада «ерікті» ретінде соғысудан бас тартқан адамдарды азаматтығынан айырамыз деп те сес көрсетуі мүмкін» дейді ол.

Өзбекстан мигранттарының құқығын қорғаумен айналысатын Валентина Чупик Facebook’тегі жазбасында мигранттардың «құлға айналатынына» немесе құрбан болатынына алаңдайтынын жазды.

«Ресейлік туысы бар немесе ақымақтықпен Ресей азаматтығын алған құрметті мигранттар, дереу қашыңыздар! Қалған мигранттарға да кетуге кеңес беремін. Ертең кеш болуы мүмкін» деп жазды ол.

XS
SM
MD
LG