Accessibility links

Пропагандист үшін бе, әлде Путиннің "тоқалы" болғандықтан ба? Алина Кабаева санкцияға ілінді


Көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы әрі бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған ресейлік спортшы Алина Кабаева.
Көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы әрі бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған ресейлік спортшы Алина Кабаева.

Ұлыбритания жариялаған жаңа санкция тізімінде Ресей президенті Владимир Путиннің туыстары бар. Британ үкіметінің хабарламасында осы тізімдегі Алина Кабаеваның Путинмен "жақын қарым-қатынаста" екені айтылған. "Настоящее время" сайты "Навальный тобының" мүшесі Любовь Собольмен санкция жайлы сөйлесті.

Ұлыбритания Ресейге қарсы жаңа санкция тізімін жариялады. Оған көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы әрі бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған ресейлік спортшы Алина Кабаева, Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Путина, президенттің немере бауырлары мен басқа да туыстары енгізілді.

Британ үкіметінің баспасөзге арналған хабарламасында Алина Кабаеваның Владимир Путинмен "жақын қарым-қатынаста" екені айтылған. Әлем басылымдары екеуінің ортақ балалары бар деп хабарлаған.

Санкцияға салынған адамдардың Ұлыбританияға кіруіне тыйым салынады және олардың осы елдің аумағындағы барлық дүние-мүлкі бұғатталады. "Настоящее время" сөйлескен "Навальный тобының" мүшесі әрі адвокат Любовь Соболь Владимир Путинге жақын тағы кімдер санкцияға ілінуі мүмкін екенін айтып берді.

Настоящее время: Кабаеваға салынған санкцияның қандай символикалық маңызы бар?

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың командасының мүшесі, адвокат Любовь Соболь.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың командасының мүшесі, адвокат Любовь Соболь.

Любовь Соболь: Бұл санкциялар символикалық мәнге ғана ие деп ойламаймын. Ұлыбритания Путиннің жақын-жуығына қарсы енгізген бұл санкциялар оның отбасы мүшелеріне ғана емес, сонымен бірге Владимир Путиннің "әмияны" аталып кеткен, оның дүние-мүлкі жазылған адамдарға салынып отыр деп есептеймін. Меніңше, бұл санкциялар айтарлықтай маңызды.

Және өзге елдерді де осындай санкциялар енгізуге шақырамын. Бұл жерде мен АҚШ, Еуропа одағын және, әрине, Швейцарияны айтып отырмын. Алина Кабаеваға, оның сіңлісі мен анасына да Швейцарияда санкция салынғанын қалаймын.

Өткен жұма күні мені "шетел агенті" деп таныды, ал Швецарияда Путинге бала тауып берген Кабаеваны "шетел агенті" демейді. Ол санкцияға да ілінбей жүр. Қазір Чехияда Ресей паспортымен жүрген адамдардың проблемаға кезіккенін білемін. Оларды университеттерден қуып жатыр. Олар оқуын жалғастыра алмайды. [Кремльді сынап жүрген ресейлік журналист Александр] Невзоровқа банкте шот ашуына рұқсат бермейді, Дмитрий Гудков та сондай проблемаға тап болды.

Қазір демократия жолында күресіп, басын тәуекелге тігіп жүрген ресейліктерге бұл санкциялар айтарлықтай әсер етіп отыр. Ал бірақ Кабаеваға неге санкция салынбайды? Неліктен Потанин санкцияға ілінбеген?

Путин режимін қорғайтын, сол арқа сүйейтін, Путиннің "әмияны" және оған жақын саналатын нақты адамдарды осындай санкция тізіміне енгізу аса маңызды болмақ. Ұлыбритания осындай қадамға барған алғашқы ел болғандықтан: "Көп рақмет, жарайсыңдар!" деп айтқым келеді.

Настоящее время: Бірақ Кабаева санкция тізіміне Путинмен жақын қарым-қатынаста болғаны үшін ғана енгізіліп отырған жоқ шығар?

Любовь Соболь: Әрине. Мен YouTube-каналда жариялаған үлкен роликте неліктен Кабаева осы тізімде болуы тиіс екенін тәптіштеп баяндағам. Шартты түрде айтар болсақ, Путинмен туыстық қатынасын және жұбайы екенін растайтын ресми ақпарат жоқ. Бірақ расталған басқа нәрселер бар: Кабаева ұзақ уақыт Ресейдегі негізгі пропагандалық ресурс әрі құрылым – "Ұлттық медиатопты" басқарды.

Кабаева Мемлекеттік дума депутаты және Қоғамдық палата мүшесі болды. Оның мұндай қызмет лауазымдары аз емес. Сондықтан пропагандист ретінде оған осындай санкциялар салынуы керек. Және тек соған бола ғана емес екенін бәріміз де түсінеміз.

Настоящее время: Брюссельдегі дерек көздеріміз Еуроодақ дайындап жатқан тізімде Кабаеваның аты-жөні бар дейді. Бірақ ол жақтағылар шешім қабылдауды созып келеді. Швейцариядағы сияқты. Неліктен деп ойлайсыз?

Любовь Соболь: Еуроодақта кей елдер батылдау болса, кейбірі жалтақ. Соғыс әлі жалғасып жатыр, ал Путин болса Еуропаның солқылдақтығын сезіп отыр. Оның үстіне Америка Путиннің ашуына тимес үшін Кабаеваға қарсы санкция салуға батпай отыр-мыс деген сөз шықты.

Меніңше, Путиннің алдында осалдық таныту – өте қауіпті деп санаймын. Еуропа одағында санкцияларды көп елмен талқылап барып қабылдайды, және демократия деген осы, оларда барлық елге бұйыратын жалғыз бастық деген жоқ.

Шешім бірден қабылданбайды, мәмілеге келіп жасалады. Бірақ басқа да жайттар бар: санкциялар бірнеше пакет болып, біртіндеп енгізіледі.

Бақа пісетін суды ақырындап ысытады. Яғни тұңғиыққа батып бара жатқан кемені тастап шыққысы келгендер болса, олардың өз позициясын айқындап, Путин бастаған соғыс қылмысын іс-әрекетімен немесе тым болмағанда сөзімен айыптап, онымен ат құйрығын кесетінін айтып қалуға ара-тұра мүмкіндік береді. Оның қалай әсер ететінін бәріміз байқадық.

Тиньковтың риторикасы, "Газпромбанктің" бұрынғы топ-менеджерінің сөзі қалай өзгергенін көрдік. Санкцияларды бірнеше пакетпен енгізудің мәнісі сол, жұртқа: "Путиннің соғыс қылмысына қатыспауға және Еуропа мен еуропалық құндылықтардан өмір бақи ажырап қалмауыңызға әлі де мүмкіндігіңіз бар" дегенді жеткізу.

Настоящее время: Журналистер де, сіз де әлгі Путиннің "әмияндары" жайлы жиі сөз қозғайсыз. Ресей президенті осы адамдардың атына жазылған дүние-мүлікке иелік етеді деп айтылып жүр. Оларға да санкция салу жалғаса бере ме, қалай ойлайсыз? Келесі кім болуы мүмкін?

Любовь Соболь: Абрамович, әрине. Потанин. Оған санкция салу оңайға түспейді, өйткені никель нарығында өте көп үлесі бар. Қазір ол Тиньковтың үлесін ресми түрде сатып алып жатыр, өзгелердің қолынан келмейтін нәрсені жасай алады. Ресейлік Forbes тізімінде екінші болып тұр. Санкция мәшинесі біртіндеп соларға қарай бұрылып жатыр. Қазір, әрине, жұрттың бәрі талқылап жатқан мұнай-газ саласындағы эмбарго маңызды.

Навальный командасы ретінде біз санкция салынуы тиіс алты мың адамның аты-жөні енгізілген тізім дайындадық. Бұл адамдардың бәрі Путин режимінің әлгіндей бенефициары, сол сүйеніш қылатын тірек, соның әр саладағы "қолы", "қармауы" саналады. Оларға да санкция салу уақыт еншісіндегі нәрсе деп ойлаймын.

Настоящее время: Дәл осы алты мың адам жайлы сұрағым келген еді, нақты бір адамның шоты бұғатталуы тиіс деп, әлгіндей тізімге қосуға қандай заңды себеп келтіріп, айғақ-дәлелді қалай жинадыңыздар?

Любовь Соболь: Тізім жарияланды. Бұл жұмысқа ең әуелі Леонид Волков жауапты. Ол өз ресурсында осы санкциялар Еуроодақта талқыланғаны туралы ақпаратты жариялады. Енді жақын уақытта оның міндеті – Америкада сондай талқылау өткізу. Біз Путинді қолдап, оның коррупциялық саясат пен Украинаға басқыншылық соғыс жүргізуіне жәрдемдесіп, қылмысқа барып отырған нақты осы адамдарға қарсы санкция енгізуді ұсынамыз. Сондықтан бұл мәселеде әрбіріне қатысты айғақ-дәлел жиналып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG