Accessibility links

"Сатқындыққа бейім". Ресей әскерінде Украинадағы соғысқа қатысқысы келмейтіндер көбейіп барады


Украинадағы соғысқа қатысудан бас тартқан Ресей қарулы күштері сарбазының әскери кітапшасына ол қызмет атқарған әскери бөлім басшылығы "Мемлекетке опасыздық жасауға, өтірік айтып, алдауға бейім" деп жазылған белгі соғып берген.
Украинадағы соғысқа қатысудан бас тартқан Ресей қарулы күштері сарбазының әскери кітапшасына ол қызмет атқарған әскери бөлім басшылығы "Мемлекетке опасыздық жасауға, өтірік айтып, алдауға бейім" деп жазылған белгі соғып берген.

Ресейде Украинадағы соғысқа барудан бас тартқан сарбаздардың әскери кітапшасына арнайы белгі қоятын болған. Бұл олардың жұмысқа тұруына немесе жоғары оқу орнына түсуіне қиындық келтіруі мүмкін. Сарапшылар Украинадағы соғыста Ресейдің қанша адамы қаза тапқаны жайлы деректер жаңарған сайын соғысқа барудан бас тартатындар көбейе беретінін айтады.

"Бір күні таңертең Павлик қызмет еткен Амур облысындағы дивизия командирінің кеңсесінен хабарласты" деді Ресейдің Тамбов облысында тұратын Елена есімді әйел. Ол аты-жөнін толық атамауды сұрады.

"Ер адам "Олардың ұлыңызды іздеп жүргенін, оның әскери қызметтен қашып кеткенін білесіз бе?" деп сұрады. Павлик пойызға отыруы керек болған, бірақ олай істемепті. Қасында тағы бес адам болыпты" дейді Елена.

24 ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кіргенде, Еленаның ұлы Павлик Амур облысындағы Дальневосточный округында әскери қызмет атқарып жүрген. Оның бөлімін бірден соғысқа жіберіп, ол қырық күндей Украинада болған. Сосын оның бөлімін қайта жасақтау үшін Ресейге қайтарған дейді Елена Север.Реалии басылымына. Өзі қызмет атқаратын әскери бөлім Украинаға кеткелі жатқанда, Павлик ол жаққа барудан бас тартқан.

"[Соғысқа] барғысы келмесе, оған "Қаруыңды ал да, кет!" деп, сол жаққа жіберуім керек пе? – деді Елена. – Ол жақта болмағандардың [соғысқа] барып келгендерді сөгуге хақы жоқ".

Еленаның ұлы Украинада соғысудан бас тартқан немесе соғысып келген соң, қайта баруға құлық танытпаған, әскери қызметте келісімшартпен жүрген адамдардың бірі. Ресейде соғысқа барудан нақты қанша адамның бас тартқаны белгісіз.

"АГОРА" ұйымының негізін қалаған заңгер Павел Чиков telegram-арнасында кемінде жеті аудандағы ұлттық гвардия мен әскери бөлімдерде қызмет ететін мыңнан астам адамның Украинаға барудан бас тартқанын жазды.

Украинаның Одесса қаласынан Ресей қалаларына бағыт сілтейтін бірнеше жол белгіcін таптап тұрған украин сарбазы. 14 сәуір 2022 жыл.
Украинаның Одесса қаласынан Ресей қалаларына бағыт сілтейтін бірнеше жол белгіcін таптап тұрған украин сарбазы. 14 сәуір 2022 жыл.

Conflict Intelligence Team тобының негізін қалаған Руслан Левиев "Настоящее время" басылымына мұндай оқиғалардың шын мәнінде бұдан да көп екенін, бұл Ресейге әскери бөлімдерді қайта жасақтап, Украинаның шығысында шабуылды қайта бастауға кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады. Бұл топ Ресей әскерилері туралы ашық дереккөзде тараған ақпараттарды саралаумен айналысады.

"[Соғысқа барудан] бас тарту феномені жүйелі түрде болып жатыр, – дейді Левиев. – Мұндай сарбаздар Украинадан оралған әр бөлімде бар. Біздің пікірімізше, Украинадан келген және сол жаққа қайта кетуі керек болған, келісімшарт бойынша әскери қызметте жүрген сарбаздардың 20-40 пайызы соғысқа барудан бас тартқан".

Левиевтің сөзінше, бұл сарбаздардың көбі дезертир емес, бірақ олар бұйрықты орындаудан бас тартқаны үшін заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Дегенмен, оларға айып тағу үшін прокурорлар бұйрықтың заңды болғанын, оны орындаудан бас тарту әскерилерге "айтарлықтай зардабын тигізгенін" дәлелдеуі керек.

"Бізге белгілі жағдайларда оларды сотқа тартатынын, жағдайды әскери прокурорлар қарастырып жатқанын айтып қорқытып отыр, – деді ол. – Бірақ осы күнге дейін ешкімді жауапқа тартпағанын көрдік".

Құқық қорғаушы заңгерлер биліктің Украинаға басқыншылықты "соғыс" деп атауға тыйым салуы соғысудан бас тартқан әскери қызметкерлерге қиындық туғызуы мүмкін дейді.

Украина күштерімен соғыста күйреген ресейлік әскери техника. Буча қаласы, Киев облысы, 1 наурыз 2022 жыл.
Украина күштерімен соғыста күйреген ресейлік әскери техника. Буча қаласы, Киев облысы, 1 наурыз 2022 жыл.

"Азаматтар шетелдегі соғысқа қатысудан, адам өлтіруден бас тартуға құқылы" деп мәлімдеді "Агора" ұйымының заңгері Михаил Беньяш. Ол соғысудан бас тартқан әскери қызметкерлерге кеңес беріп жүр.

"Ереже бойынша, мұндай операцияларға [арнайы әскери операциялар бойынша] дайындықтан өткен арнайы бөлім сарбаздары ғана жіберіледі" дейді Беньяш.

Украинада соғысудан бас тартқан сарбаздардың біршамасы әскери қызметтегі жұмысынан қуылған деп жазды адам құқықтары жөніндегі заңгер Максим Гребенюк telegram-арнасында.

Ол кейінгі бірнеше аптада "Арнаулы әскери операцияға қатысудан бас тартудың салдары қандай болады?" деген сұрақтың жиі қойылып жүргенін жазған. Мәскеу Украинаға басқыншылығын "арнаулы әскери операция" деп атауды бұйырған еді.

Гребенюк Украинаға барудан бас тартқан жауынгердің әскери кітапшасына соғылған белгінің (штамп) фотосын да жариялады. Аты-жөні көрсетілмеген сарбаз 136-мотоатқыштар гвардиялық бригадасында қызмет еткен.

Ресми штампта "сатқындыққа, өтірік айтып, алдауға бейім" деп жазылған. Бұл жазудың астында кішкентай әріптермен "ЛХР", "ДХР" мен Украинадағы арнаулы әскери операцияға қатысудан бас тартты" деген сөйлем бар. Украинаға басып кірер алдында ресми Мәскеу Украинаның шығысындағы өзі қолдап келе жатқан "Луганск халық республикасы ("ЛХР") мен "Донецк халық республикасы" (ДХР") деп өзін өзі жариялап алған сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" таныған еді.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Киев облысында болған ұрыс кезінде қираған ресейлік әскери техника мен өліп жатқан ресейлік сарбаздар.
Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Киев облысында болған ұрыс кезінде қираған ресейлік әскери техника мен өліп жатқан ресейлік сарбаздар.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Киев облысында болған ұрыс кезінде қираған ресейлік әскери техника мен өліп жатқан ресейлік сарбаздар.

Гребенюк өзіне хабарласқан ресейлік сарбаздардың бірі жеті ай бойы Сирияда болғанын, "тынығып, оңалу үшін демалыс" берілгенін, бірақ Украинаға кетуге бұйрық алған соң демала алмай қалғанын айтты дейді.

Ресей түрмесінде отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың серігі Леонид Волков Twitter-дегі жазбасында "Олар штамп жасады ма? Демек, мұндай жағдай жаппай болып жатыр деген сөз. Бұл жақсы" деп жазды.

Әскери кітапшадағы мұндай белгі әскери қызметкердің жұмысқа тұруына немесе жоғары оқу орнына түсуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Ресей әскери басшылығы Украинадағы соғыс "жоспарға сай" жүріп жатқанын айтумен келеді. Бірақ Батыс сарапшылары қару-жарақ жеткізу, байланыс, дайындық пен басқа да салаларда әскери операцияларға кедергі келтіретін кемшіліктер барын анықтады. Мәскеу соғыс басталғалы 1351 әскери қызметкері қаза тапқанын хабарлаған. Бірақ басқа дереккөздер шын мәнінде қаза тапқандар саны бұдан әлдеқайда көп дейді. Украина әскерилері Ресейдің осы кезге дейін 18 мыңнан астам адамнан айрылғанын айтады.

Киев түбіндегі Дмитровка ауылында ресейлік әскери танкілерді жойғаннан кейін Ресейдің элиталық әскери бөлімінің белгісін көрсетіп тұрған украин сарбазы. 2 сәуір 2022 жыл.
Киев түбіндегі Дмитровка ауылында ресейлік әскери танкілерді жойғаннан кейін Ресейдің элиталық әскери бөлімінің белгісін көрсетіп тұрған украин сарбазы. 2 сәуір 2022 жыл.

"Агора" заңгері Беньяш Ресейде Украинада қаза тапқандар жайлы жаңа деректер жарияланған сайын ол елге соғысқа барудан бас тартатындар көбейеді дейді.

"Украинадан табытқа салынып әкелінетіндер көбейген сайын, Ресейде марқұмның кебін кигісі келмейтін адамдар да арта береді деп ойлаймын" деді ол.

"Мұндай ұстанымды қоғам түсінеді және қабылдайды, – деді ол. – Қоғамның көңіл-күйі өзгеріп жатыр. Бұрын сарбаз мұндай шешімді жалғыз өзі, өз қорқынышы мен басына түскен қауіп-қатерді бағамдап қабылдайтын. Бірақ қазір оларда нақты мысал бар, адамдар [бұл шешімнің] салдарын, оларды атып тастап я сотқа тартып, болмаса түрмеге қамап жатпағанын көріп отыр".

Север.Реалии, Азаттықтың Орыс қызметі мен "Настоящее время" материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG