Accessibility links

Әлихан Бөкейхан өміріндегі «Самар кезеңінің» құпиялары


Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

«Самар кезеңі» - 20-ғасыр басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің аз зерттелген ақтаңдақ тұсы. Әлихан Бөкейхан ең алғаш жер аударылғанда Ресейдің Самар (Самара) қаласына жіберілді. 1907 жылдың аяғынан бастап 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ол Самар қаласында тұрды.


Самар қаласының мұрағаттарынан табылған жаңа құжаттар қазақ халқының ғасыр басындағы саяси көсемі Әлихан Бөкейхан өмірінің беймәлім тұстары туралы көп мағлұматтар береді және бұрыннан белгілі тарихи деректерді толықтырады. Наурыздың 5-і - Әлихан Бөкейханның туған күні. Дүниеге келгеніне 146 жыл толды.

СЫРЫ АШЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР

Азаттық радиосына самарлық журналист әрі өлкетанушы Валерий Ерофеев Самар облысының мемлекеттік мұрағатындағы Әлихан Бөкейхан туралы құжаттар мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан табылған фотосуретін жіберді. Ол суретке Әлихан Бөкейхан Самардағы кадет партиясының мүшелерімен бірге түскен.

Бұл құжаттардың көбі Самар губерниялық жандарм басқармасының құпия

Самар қаласындағы Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының мүшелері. Жоғарғы қатардың сол жақ шетінде тұрған Әлихан Бөкейхан. Самар қаласы, 1915 немесе 1916 жыл. (Фото Самар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы).
Самар қаласындағы Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының мүшелері. Жоғарғы қатардың сол жақ шетінде тұрған Әлихан Бөкейхан. Самар қаласы, 1915 немесе 1916 жыл. (Фото Самар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы).

жазбаларынан алынды. Бұл басқарма жансыздар мен сырттай аңду қызметі көмегімен Әлихан туралы мағлұматтар жинап отырған.

Жасырын мәлімет берушілер өздері «қамқорлыққа алған адамдарының» жүріс-тұрысы мен қайда барып, кіммен кездескенін аңдып, арнайы журналға тіркеп отырған.

Журналдың сыртына «Самар қаласы бойынша 1915 жылғы мамырдың 3-інен 1916 жылғы қаңтардың 1-іне дейін әскери тыңшы ретінде күдікке ілінген және жергілікті (қандай ұйым екенін өшіріп тастаған - ред.) ұйымға мүше адамдар үстінен жүргізілген бақылау деректерінің жалпы ақпары» деп жазылған.

Ол жазбаларға қарағанда, аңду қызметі «тыңшы ретінде күдікке ілінген» кісілерге құпия аттар қойған. Бірақ оны «күдіктілердің» өздері білмеген. Жандармерия жазбаларында Әлихан Бөкейханнан бөлек, аңдуға іліккен тағы үш тарихи тұлғаны атап өтуіміз керек. Бұл Александр Керенский — төртінші Мемлекеттік думаның депутаты және «Ресей халықтарының ұлы шығысы» атты масон ложасының мүшесі; Николай Гладиш - сол кездері қалалық думаның депутаты әрі конституциялық-демократиялық немесе кадет партиясының мүшесі; Исидор Рамишвили. Бұл адамдармен Бөкейхан саяси қызметінің түрлі кезеңдерінде бірге жұмыс істеген.

Бізге белгілі болған бір қызық жайт - жандармерияның жасырын агенттерінің есептерінде Керенскийге «Думский»; Гладишке «Гласный», Рамишвилиге «Атаман» деген аттар қойылса, «Алаш» қозғалысының көшбасшысына «Асман» және «Калмык» деген екі бірдей жасырын ат берілген.

МАСОНДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ

Келтірілген деректерді талдамастан бұрын Самар мұрағатынан алынған мағлұматтар мен құжаттардың жаңалықтарын атап өтейік.

Біріншіден, Әлихан Бөкейхан самарлық кадеттер тобының, яғни «Ка-де» немесе «Халық бостандығы» партиясының Самар губерниялық комитетінің көсемі болған.

1917 жылы Петербургте құрылған Ресей уақытша үкіметінің басшысы - Александр Керенский. Маусым 1917 жыл.
1917 жылы Петербургте құрылған Ресей уақытша үкіметінің басшысы - Александр Керенский. Маусым 1917 жыл.

«Әлихан Бөкейхан 1912 жылдан бастап партияның орталық комитетінің мүшесі болып келген» деген дерек те осыны растайды. Бұл жайлы оның өзі 1937 жылы «Бутыркада» толтырған «тұтқын сауалнамасында» да жазған.

Екіншіден, жасырын агенттердің сырттай аңдуына қарамастан, Әлихан Бөкейхан жергілікті кадеттер тобының көсемі ретінде ғана емес, Самар қаласындағы масондар қауымдастығының жетекшісі ретінде де белсенді саяси қызмет атқарған.

Жергілікті өлкетанушы Валерий Ерофеевтің «Әлихан Бөкейхан масон ұйымына Самар қаласында бет бұрды» деген пікіріне дау айтуға болады. Өзге құжаттарға қарағанда, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы масондар қатарына Александр Керенскийден анағұрлым бұрын өткен. Атап айтсақ, Әлихан Бөкейхан масондыққа Петербург қаласындағы «Полярная звезда» ложасында, осы ложаның құрылған кезі - 1906 жылдан бастап қабылданған.

«Полярная звезда» масондық ложасы патшалы Ресейді реакцияшыл премьер-министр Петр Столыпин басқарған тұста «Ресей халықтарының ұлы шығысы» деп атала бастады. Керенскийдің өзі «масон ұйымына кірген жылым» деп 1912 жылды көрсетеді. Бұл жылы ол төртінші думаға депутат болып сайланған еді.

Үшіншіден, агентура мәліметтерінде Бөкейханның Керенскиймен Самарда 1914 және 1915 жылдары үш рет кездескені жазылған. Бұл деректің жаңалығы - Әлихан Бөкейхан самарлық масондардың көсемі саналған және осы қызметі бойынша қауымға жаңа мүшелер қабылдап отырған.

Мәселен, «История Самары» кітабындағы «ка-де» партиясының хатшысы Александр Елшиннің естеліктерінде князь Кугушевті Әлихан Бөкейханның масондар қатарына қабылдағаны суреттеледі. Қауымға қабылдау рәсімі князь

Ату жазасына кесілген Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға қатысты үкім 1937 жылы қыркүйектің 27-і күні Мәскеу қаласында орындалғаны туралы құпия анықтама. Ресей ФСБ-ның мұрағатынан. Ақпан, 1995 жыл.
Ату жазасына кесілген Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға қатысты үкім 1937 жылы қыркүйектің 27-і күні Мәскеу қаласында орындалғаны туралы құпия анықтама. Ресей ФСБ-ның мұрағатынан. Ақпан, 1995 жыл.

Кугушевтің үйінде өткен. Рәсімге масондар қауымдастығының жоғарғы кеңесі делегациясының басшысы ретінде Санкт-Петербургтен келген Керенский де қатысқан.

Ресейде жасырын құрылған масон ложасының негізгі мақсаты - патшалық самодержавиені құлату және Александр Елшиннің жазуы бойынша, «Ленин-Бронштейн тобына» қарсы тұру үшін Ресейдегі барлық демократиялық партиялардың күшін біріктіру. Мұндағы «Ленин-Бронштейн тобы» – қоғамды басқару жөніндегі құпия ілімді білетін, бірақ оны адамзатқа қарсы пайдаланатын Ресейдің дұшпандары қызметке жалдаған сатанистер».

Төртіншіден, көңіл аударуға лайық тағы бір дерек - патша тыңшыларының жасырын агенттерінің есептерінде көрсетілген Әлихан Бөкейханның Самардағы нақты мекен-жайы. Елшиннің берген куәлігі бойынша бұл - жергілікті князь В. Г. Кугушевтың Казанская көшесінде орналасқан үйі. Үй нөмірі - 30.

Айтуға тұрарлық тағы бір маңызды жайт - Әлихан Бөкейхан өмірінің «Самар кезеңінде» қазақ ұлтының өзін-өзі басқаруын көксеген қазақ интеллигенциясы саяси күресінің анағұрлым заманауи және сапалы деңгейге көтерілуі. Мұның шүбәсіз айғағы – «Алаш» қозғалысы жетекшісінің жалпыұлттық алғашқы газет - «Қазақ» басылымының жарыққа шығуы.

Ұлт көсемі «Самар кезеңінде» көптеген ғылыми-публицистикалық еңбектер жазды. Петербургтен шығатын «Сибирские вопросы» журналы, «Речь» және «Слово» газеттеріне мақалалар жариялады. Патшалы Ресей астанасы - Петербургте басылып шыққан Брокгауз бен Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінің» редакция алқасының мүшесі болды.

XS
SM
MD
LG