Accessibility links

Қырым мәселесі Ресей оппозициясын екіге жарды


Сергей Елкиннің карикатурасы.
Сергей Елкиннің карикатурасы.

Ресей оппозиционерлерінің "Кремльдегі билік ауысқан күннің өзінде Қырым Украинаға қайтарылмайды" деген сөзі түбекке қатысты дау-дамайды қайта қоздырды.

Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында «Қырым қай елдің территориясы?» деген сұрақ пен түбектің тағдыры туралы қызу пікірталас қайта қызды. Бұл жолғы дау Владимир Путиннің жақтастары мен қарсыластары арасындағы дау емес.

Пікірталасқа Ресей оппозициясының жетекшілері Алексей Навальный мен Михаил Ходорковскийдің «Елде билік ауысса да, Ресей Қырымды қайтармайды» деген мәлімдемелері түрткі болды. Оппозиционерлердің бұл сөздері Украина мен Ресейдегі саясаткерлер, журналистер, саясаттанушылар мен әлеуметтік желілердегі қарапайым азаматтар тарапынан өткір сынға тап болды.

Сергей Удальцов.
Сергей Удальцов.

Ресей оппозициясы өкілдері арасында Қырымды аннекциялау мәселесіне қатысты бірыңғай пікір әуелден болмаған еді. Қырым статусы туралы «референдум» кезінде «Левый фронт» ұйымының үйлестірушісі Сергей Удальцов «түбектің Ресей құрамына енгенін» үйқамақта отырып қолдаған.

Үйқамақтағы саясаткер: «Тура демократияны дамытуды жақтайтын адаммын, сондықтан Қырымда референдум өткізуді нағыз халық билігін орнатудың келешекте өнеге етуге болатын өте жағымды әрі тамаша үлгісі ретінде бағалаймын. Қырым тұрғындарының 97 пайызы «автоматтың дүмімен» дауыс берді деген байбаламды құр сандырақ демеске лаж жоқ. Қырым тұрғындарының таңдауын құрметтеуге тиіспіз, ал қалғаны екіжүзділік пен демагогия екеніне сенімдімін» деп жазған.

Илья Пономарев.
Илья Пономарев.

Бірақ «Левый фронттың» екінші үйлестірушісі Илья Пономарев – Кремльдің әрекетін айыптаған әрі мемлекеттік думаның Қырымды «қосып алуды» қолдап дауыс бермеген жалғыз депутаты.

Пономарев мамыр айында Крым.Реалии сайтына берген сұхбатында: «Ресейден тым көп ақталмайтын үміт күтеді, мұның соңы Қырымдағы наразылыққа міндетті түрде ұласады. Қандай жағдайға тап болғанына көзі жеткен соң жұрт биліктен түңіледі. Бұған еш күмәнім жоқ. Жалақы, зейнетақы, баға, инфляция, туризм саласындағы қиындықтар, орталық пен шеткері аймақтар арасындағы кикілжің сияқты проблемалар Қырым тұрғындарына ұнай қоймас» деген.

«ҚЫРЫМ БУТЕРБРОД ЕМЕС»

Ресей оппозициясының либерал бөлігінің басым көпшілігі де Қырымды аннекциялауды айыптады. Бірақ мәскеулік либералдардың кейбірі оккупацияланған түбекті Украинаға қайтаруды қолдамайтыны белгілі болды.

Жуырда «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында Ресей оппозициясы жетекшілерінің бірі Алексей Навальный «әділдік орнату үшін Қырымда тағы бір референдум өткізу керек» деп мәлімдеді.

Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

«Әлгі сияқты емес, жөні түзу референдум өткізу керек. Халық қалай шешсе, солай болуы тиіс. Бұл референдумның нәтижелері қандай болатынын бәріміз де шамалап біліп отырмыз. Енді тоқетерін халық шешсін. Меніңше, қазіргі өкпе-ренішіне қарамастан Украина бұған қуануы тиіс. Халқы ескішіл әрі ресейшіл, антикорупциялық революцияны мойындағысы келмейтін, Еуропамен жақындасуды қаламайтын Қырымның кеткені дұрыс болды емес пе. Енді, міне, бұл қозғалысты тежеген 2 миллион сайлаушыдан құтылды» дейді Навальный.

Бірақ опппозиционер «Ресей президенті болсаңыз, Қырымды Украинаға қайтарып берер ме едіңіз?» деген сұраққа: «Ары-бері қайтарып беретіндей Қырым шұжық қосылған бутерброд емес қой» деп жауап берді.

Навальныйға іле-шала Путиннің тағы бір оппоненті, «ЮКОС» корпорациясының экс-басшысы Михаил Ходорковский де осыған ұқсас мәлімдеме жасады.

Михаил Ходорковский.
Михаил Ходорковский.

Ол Twitter желісіндегі блогында: «Ресей президенті болсам, Қырымды Украинаға қайтармас едім» деп жазды.

«Қырым проблемасы ондаған жылдарға созылады. Жалғыз жол – Еуропадағы шекараларды ашу, муниципализация. Мен оған дейін өмір сүрмеймін» деп мәлімдейді Ходорковский.

Ресей мен Украинада бұл екі мәлімдеме әрқилы бағаланды. Либералдардың бір бөлігі оппозиция жетекшілері жариялаған позицияны қолдайды. Мысалы, сатирик жазушы Виктор Шендерович: «Қырымда демократиялық референдумды қайта өткізу қажет деп Навальный дұрыс айтады» деп мәлімдеді.

Виктор Шендерович.
Виктор Шендерович.

«Жұрттың көбі Навальныйға дүрсе қоя берді. Оның айтқаны дұрыс, бірақ жұрт оның сұхбатын оқымаған сияқты көрінеді. Кейбір позициялары мен бағалаулары бойынша онымен келіспейтін тұстарым бар, бірақ негізгі нәрселерді өте дұрыс айтты» дейді Шендерович «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында.

Ал оппозициядағы саясаткерлердің кейбірі Ходорковский мен Навальныйдың позициясын керісінше жаңсақ пікір деп санайды. Мысалы, РПР-ПАРНАС партиясының («Ресей республикалық партиясы – Халық азаттығы партиясы») жетекшісі Борис Немцов оппозициялық әріптестерін «мұндай сөздерімен Ресей халқының Қырымды аннекциялауды қолдайтын бөлігіне жағынғысы келеді» деп айыптайды.

Борис Немцов.
Борис Немцов.

Немцов «Гордон» сайтына берген комментарийінде: «Ресейдегі қоғамдық пікір азаматтардың 90 пайызы аннекцияны қолдайтынын көрсетті. Саясаткерлер - әдетте прагматик әрі конъюктуралық адамдар. Бұл жағынан алғанда, мен саясаткер емес сияқтымын. Жұрттың көбіне ұнамаса да, әділ позиция ұстану керек деп есептеймін» дейді.

«ПУТИННІҢ ЖАУЫ – УКРАИНАНЫҢ ДОСЫ» ДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Бірақ қазір Ходорковский мен Навальныйды әсіресе Украинада көп сынап жатыр. Азаттық радиосының шолушысы Виталий Портниковтың Facebook желісіндегі парақшасында пікірталас қызды.

Виталий Портников.
Виталий Портников.

Журналист «Ходорковский де, Навальный да енді елімізге аяқ баспайтын болар деп үміттенемін. Владимир Путиннің қазіргі сыбайластарынан айырмасы шамалы екеуі «Орыс марштары» мен Швейцария мейрамханаларында, тіпті Кремльде өздерін демократ көрсетіп жүре берсін» деп жазады.

Бұдан кейін Ходорковский Украинаны құрметтейтінін айтып, "бірақ Қырымның тағдырын түбек тұрғындарының пікірін ескере отырып шешу керек" деп ақтала бастады.

«ЮКОС» компаниясының бұрынғы басшысы Портниковтың пікіріне жазғанына комментарийінде: «Қырымды Украинаға таяу он жылдықтар көлемінде тек диктатор ғана қайтара алады. Ешбір заң мәжбүрлеусіз жұмыс істемейді, ал қоғамды қаламайтын және қолдамайтын нәрсесін істеуге күшпен мәжбүрлейтін президент – диктатор. Ал диктаторсыз елде муниципалды биліктің өкілеттігін кеңейту (мұнымен бірге татарлардың да проблемасын шеше бастаймыз), еркін экономикалық аймақ құру, шекараны ашу (біріккен Еуропа аясында) сияқты компромисс жолдармен жүреміз. Халық мұны құптайды» деп жазады.

Ходорковский мен Навальныйдың сөздері Украина әлеуметі ғана емес, ресми тұлғалардың да реакциясын тудырды.

Андрей Лысенко.
Андрей Лысенко.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі штабының ақпарат-сараптамалық штабы басшысы Андрей Лысенко 112 арна эфирінен: «Екеуі (Навальный мен Ходорковский – ред.) Ресейді басқарамыз дегенше Қырым да біздікі болатынына кәміл сенемін. Екеуі оны қайтарып әуреге түспейді» деп мәлімдеді.

Украиналық саясаткерлер Ресей оппозиционерлерінің мәлімдемесін көрші мемлекеттің проблемасына империялық пиғыл танытуы ретінде бағалайды. Саяси технолог, Berta Communications компаниясы директоры Тарас Березовец «мына жағдай Путиннің ресейлік оппоненттерінің ақыл-санасын Украина асыра бағалап жібергенін көрсетеді» дейді.

Саяси технолог Крым.Реалии сайтындағы комментарийінде: «Біз оларды дос санадық, бірақ шындығында олар бізге ешқашан дос болған емес. Олар Путиннің жауы болу дегенді Путиннің орнына Путин болу деп түсінеді» дейді.

Тарас Березовец.
Тарас Березовец.

Березовецтің пікірінше, бұл жағдай Қырым проблемасын Украина өз күшімен, Ресей саясаткерлерінің қолдауынсыз шешуге мәжбүр болатынын көрсетеді. «Кремльдегі билік ауысқан жағдайда Ресей өз еркімен Қырымды қайтарып береді деген үміт жоқтың қасы» дейді ол.

Таяу Шығыс мәселелерін зерттеу орталығы директоры Игорь Семиволос оның бұл пікірімен келіспейді. Оның пікірінше, Ходорковский мен Навальныйдың мәлімдемелері Путин режимі құлағаннан кейін Украина Қырымға қайта бақылау орнатады дегенді терістемейді.

Крым.Реалии сайтындағы комментарийінде Семиволос «Ресейде мемлекеттік билікті жоғарыдан төменге дейінгі нығайту, яғни билік вертикалі орнаған. Биліктің бүкіл институттары мен функциялары осы жүйемен жұмыс істейді. Сондықтан бұл режим құлаған кезде не болатыны белгілі. Қазіргі вертикаль түп-тамырымен жойылады да, мемлекет ретінде Ресейдің келешегіне қатысты мәселе туады. Сол кезде Украинаға өз территорияларын қайтарып алу мүмкіндігі туады» дейді.

Игорь Семиволос.
Игорь Семиволос.

Оның айтуынша, Ресей оппозиционерлерінің Қырым туралы айтқандары құр сөз ғана, қазіргі сәтте бұл саясаткерлердің билік басына келуге ешқандай мүмкіндігі жоқ болғандықтан, таяу арада оны іске асыра алмайды.

Саясаттанушы: «Бір жағынан, қазіргі билікке бүйрегі бұратын ресейліктер мен ұлтшылдарды екеуі өз жағына тартқысы келеді. Бірақ бұлай тыраштану олардың болашақтағы саяси карьерасын қиындатып жібереді. Өйткені олар Ресейде қалған демократиялық күштерді халықтың қолдауынан айырып отыр» дейді.

«Ходорковский мен Навальныйдың мәлімдемелері екеуін Украина әлеуметі мен Ресейдегі демократиялық қозғалыстың бір бөлігінің сенімінен айырды» деп есептейді Семиволос.

Алексей Арунянның мақаласын орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазы.

XS
SM
MD
LG