Accessibility links

Ресейдің тролльдерге арналған сайты


вштабе.рф сайтының скриншоты.
вштабе.рф сайтының скриншоты.

Кремльшіл интернет-тролльдер Батыс пен Украина жетекшілерін мұқату үшін арнайы сайттағы суреттерді пайдаланады. Бұл сайт әлгіндей мақсатпен құрылған.

МАЗАҚ CУРЕТТЕР ҚОРЫ

Орыс тілді интернет-тролльдер Батыс пен Украина басшыларын кекетіп-мұқатуға қажетті карикатуралық мақсаттағы кескін іздесе көп қиналмайды - ондай суреттер артығымен табылатын арнайы сайтқа кірсе жетіп жатыр.

Ұлыбританиялық Guardian газеті сәуірдің 2-сі күні «вштабе.рф сайты кекесін мен әжуаға толы дайын демотиваторларды қабылдайды, кейін оны интернеттегі арандатушылар өз мақсатына қолданады» деп жазды. Бұл тролльдер Санкт-Петербургтегі жасырын ұйымда қызмет етуге жалданған.

Көбіне өзгертіліп жасалған немесе шенеуніктердің елге белгілі фотоларынан құралған суреттерге қарабайыр кекесіндер, әжуалар жазылады. Олар негізінен батыс пен украиналық жетекшілерді жерден алып, жерге салса, Ресей президенті Владимир Путинді «халықаралық алаңдағы жүрек жұтқан ер» ретінде сипаттауға тырысады.

АҚШ президенті Барак Обаманы маймылға теңеп, қасына бананның суретін салып қою сияқты нәсілшілдік сипаттағы суреттер де кездеседі. Украина президенті Петр Порошенконы әйелдің киімін киген немесе секс-ойыншық ұстаған күйде бейнелейді.

Сәуірдің 2-сі күні жасалған бір суретте Порошенконы әйелдің іш киімін киіп, Обаманың келбеті көрінген монитор алдында оны эротикалық бейне-чатқа кіруге шақырған кейіпте бейнелеген. Бұл суреттің астына «Украинаға жаңа несие алуға арналған бейнеконференция» деп жазып қойған.

«ТРОЛЛЬДЕР ҚҰПИЯ ЗАУЫТЫ»

Guardian журналисі Шон Уолкерге сұхбат берген, өзін Марат деп таныстырған адам Санкт-Петербургтегі «тролльдер құпия зауытында» қызмет істепті. Ол жерде екі ай жұмыс атқарған жігіт еңбек шартының масқара екенін айтады.

Марат қызметтен кешіккені үшін айыппұл төлеген және батысқа қарсы материалдарды бастықтардың тапсырысымен жасаған. Өткен айда Азаттыққа сұхбат берген Марат демотиватор деп аталатын әжуа графикалар Санкт-Петербургте әзірленетінін де әшкереледі. «Онда LiveJournal бөлімі, жаңалықтар бөлімі бар және демотиваторлар бөлімі бар» дейді ол.

Онда LiveJournal бөлімі, жаңалықтар бөлімі бар және демотиваторлар бөлімі бар

Вштабе. рф сайты Ресейде тіркелген, бірақ нақты бір ұйымға тиесілі деп көрсетілмеген. Интернеттегі дерекқорлардың біріндегі мәлімет бұл сайт 2014 жылы наурыздың 29-ы күні – Қырымды аннексия жасаған Ресейге қарсы АҚШ пен Еуропа Одағы санкция жариялаған кезде пайда болғанын көрсетеді.

Мараттың Азаттыққа айтуынша, Санкт-Петербургтегі тролльдер зауытында істейтіндер мен олардың бастықтары «бүкіл күшін Украинаға қарсы жұмылдырған». Олардың кейбірі баспасөзге берген сұхбатында саяси тапсырыстың арсыздығынан шаршағандарын айтқан.

Guardian басылымы Уокердің мақаласын жариялағаннан кейін бірнеше сағат өтісімен вштабе.рф сайтында Владимир Путин мен Барак Обаманың фотошоппен өңделген суреттері шықты. Онда екі президент те газет оқып отыр.

«Guardian сендердің тролльдерің жасаған мен туралы комиксті басыпты. Ұялмайсыңдар ма?» деп сұрайды Обама. Оған Путин: «Барак, тек сіз үшін ғана!» деп жауап береді.

Карл Шректің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG