Accessibility links

Меккеде жүздеген адам тапталып өлді


Мекке маңындағы Мина алабындағы құтқарушылар. 24 қыркүйек 2015 жыл
Мекке маңындағы Мина алабындағы құтқарушылар. 24 қыркүйек 2015 жыл

Қыркүйектің 24-і күні Мекке маңындағы Мина алабында қажылық қылуға келген кем дегенде 717 адамның тапталып өлгені хабарланды.

Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі қыркүйектің 24-і күні Мекке түбіндегі Мина алабында діни парыздарын өтеу кезінде кем дегенде 717 қажының аяқ астында қалып, тапталып өлгенін мәлімдеді. Жараланған адамдар саны 863 төңірегінде. Бұл қайғылы жағдай мұсылмандардың Құрбан Айт мейрамының алғашқы күніне тап келді. Минаға 200 жедел жәрдем көлігі, төрт мың құтқарушы жеткізілді. Соңғы ширек ғасырда Меккедегі қажылық кезінде мұнша көп адам өлген оқиға болмаған.

Биыл қыркүйектің 21-26 күндері арасында өтіп жатқан мұсылмандардың қажылық діни рәсіміне қатысу үшін Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына 1 миллион 400 мыңға жуық адам жиналған.

Қазақстаннан биыл қажылыққа төрт мың адам аттанған. Елдің сыртқы істер министрлігі әзірге зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтардың бар-жоғын анықтап жатқанын хабарлады.

Мұсылмандық шарттарына сәйкес қажылықтың соңғы күндерінің бірінде қажылар Мекке маңындағы Мина алабына барып түнге дейін құлшылық қылады. Сол жерде Ібілісті бейнелейтін бағанаға тас лақтыру ғұрпын жасайды.

Биылғы қажылық алдында Меккеде және бір қайғылы оқиға болған еді. Қыркүйектің 11-і күні Әл-Харам мешітіне қатты желден шайқалған құрылыс краны құлап, 107 адам мерт болып, 200-ден аса адам жараланған.

Сауд Арабиясының ішкі істер министрлігі биылғы қажылық кезінде қауіпсіздік шараларын ерекше күшейтіп, антитеррористік қызмет, азаматтық қорғаныс пен полиция күштерінен 100 мың күзетші тартқанын мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG