Семейде шыршаны безендіру кезінде зардап шеккен мұғалім Қуат Айтқалиев ауруханадан шықты. Бұл жөнінде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет брифингісі кезінде мәлімдеді.
Оның сөзінше, мұғалім жұмысқа оралуға дайындалып жатыр. Министр білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаментке мұғалімнің мәртебесі туралы заңнаманың бұзылуына қатысты қосымша мониторинг жүргізуді тапсырған.
"Нақты бір мұғалімге қатысты мәселе ғана шешілмеуі керек. Мұндай жайт қайталанбас үшін [мониторингті] жалғастырамыз" деді Бейсембаев.
Ол сонымен бірге денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті басқарма мұғалімнің емделуін ерекше бақылауға алғанын айтты.
21 желтоқсанда Семей қаласында жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде №49 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлаған. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді өзінің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту "Мұғалімнің мәртебесі туралы" заңға қайшы келетінін мәлімдеген. Ақпарат құралдарының жазуынша, Қуат Айтқалиев бас жарақатын алып, миына қан құйылған. Нейрохирургтар ісік миға шаппас үшін оның бас сүйегінің бір бөлігін алып тастаған.
Осы оқиға белгілі болған шақта Семей қаласының әкімі ауысты. Нұрбол Нұрсағатовтың орнына Талғат Мұратов келді. Әкімдіктің баспасөз қызметі әкімнің ауысуы оқиғаға қатысы жоқ деп айтқан.
Мұндай жайттар Семейде бұрын да болған. 2021 жылы күзде Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген шенеуніктер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол кездегі Семей әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков және білім басқармасының жетекшісі Наталия Фесенко әкімшілік жауапкершілікке тартылған.