Accessibility links

Өзбекстан «жылымық» кезеңіне қадам басты


Барша сайлаушыны желтоқсанның 4-і күні өтетін Өзбекстан президенті сайлауына қатысуға шақырған жарнама. Ташкент, 1 желтоқсан 2016 жыл.
Барша сайлаушыны желтоқсанның 4-і күні өтетін Өзбекстан президенті сайлауына қатысуға шақырған жарнама. Ташкент, 1 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстанда бүгін президент сайлауы өтіп жатыр. Сарапшылар бұл сайлау айтарлықтай ірі өзгеріс әкелмейді десе, тағы бірі Каримов кезінде ресми Ташкент қана емес, елден шеттеп қалған оппозиция да оқшаулануға ұшырап, халық қолдауынан айрылды дейді.

Өзбекстанда бүгін мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп жатыр. Президент бес жылға сайланады.

ӨЗБЕКТЕРГЕ ІРІ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛМЕЙТІН САЙЛАУ

Өзбекстандағы қазір жағдайды қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали «уақытша жылымық» деп бағалайды. Оның айтуынша, елде аздаған либералдану жүріп жатыр.

Бұрынғы қатаң талаптар жұмсарғанымен, жаңа жағдайда тағы да басқа сылтаулар пайда болып, авторитаризм күш алып кетуі ғажап емес.

- Сайлаудан кейін де мемлекет пен қоғам тұтастай либералданып, нарықтық институттар керемет дамып кетеді деп айта алмаймын. Жартыкеш либерализм, жартыкеш нарықтық қатынастар болады, - дейді Әзімбай Ғали Азаттыққа. Алайда ол елде авторитаризм күш алып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

- Бұрынғы қатаң талаптар жұмсарғанымен, жаңа жағдайда тағы да басқа сылтаулар пайда болып, авторитаризм күш алып кетуі ғажап емес, - дейді саясаттанушы.

Түркиялық саяси сарапшы Эседулла Огуз да Өзбекстандағы президент сайлауы өзбектер үшін айтарлықтай үлкен өзгеріс әкелмейді деп есептейді.

- Халыққа экономикалық жағынан мүмкіндіктер ашылғанымен, саяси жағынан үлкен өзгерістер бола қоймайды, - дейді Эседулла Огуз Азаттыққа.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Өзбекстан президент сайлауы қарсаңында

ОППОЗИЦИЯ ОРАЛА МА?

«Өзбекстанда ашық түрдегі репрессия кемиді» деген Әзімбай Ғалидың айтуынша, кейбір ашынбаған, өздерін күрескер ретінде көрсетпеген адамдардың елге оралуы жиілей түседі.

- Олар туралы ресми билік дабырлатып айтады. Ал Мұхаммад Салих тәрізді оппозициялық саясаткерлер елге қайтпайды. Өйткені оппозицияның қорқынышы әлі сейілген жоқ, - дейді Әзімбай Ғали.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих.
«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих.

Мұхаммад Салих 1989 жылы «Ерік» демократиялық партиясын құрып, 1991 жылы алғашқы президент сайлауында Ислам Каримовке балама кандидат болған. Соңынан Салихтың 12,5 пайыз дауыс жинады деп жариялануы дауға айналған. Осыдан кейін билік Мұхаммад Салихты 1993 жылы «сатқындық жасады» деп айыптады. Өзбекстаннан қашып кеткен соң оны Өзбекстан билігі «мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті» деген айыппен 1999 жылы сырттай соттады. Билік «Өзбекстан ислам қозғалысын» құрған исламшыл экстремистерді сыбайластарына жатқызған Мұхаммад Салих қазір Түркияда тұрады. Ол бұл күндері «Өзбекстанның халық қозғалысын» басқарады.

Түркиялық сарапшы Эседулла Огуздың айтуынша, қазір Стамбулда тұрып жатқан өзбек оппозициясының елмен қатынасы кеміп, оқшауланып қалған.

- Түркияда жүрген өзбек оппозициясының елден кеткеніне 20-25 жыл болды. Олардың Өзбекстанмен тікелей, нақты байланысы жоқ. Тіпті байланысы үзіліп қалды деуге де болады. Олар қайта қалды деген күннің өзінде халықтың қолдауына ие болуы екіталай. Өйткені олар Өзбекстанда тұратын халықтың ғана емес, елден сыртта да қолдауға ие емес, - дейді Эседулла Огуз Азаттыққа.

КӨРШІЛЕРМЕН ҚАТЫНАС

Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан көршілерімен қатынасқа мүдделі екенін көрсетті. Бүгінгі президент сайлауы осындай мүдденің айрықша танылған кезінде өтіп жатыр.

- Жаңа жағдайда Өзбекстан бұрынғыдай көрші елдердің барлығымен араз болып қалмайтыны анық, - дейді қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) және Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) және Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев.

Түркиялық сарапшы Эседулла Огуздың пікірінше, Каримов тұсында Өзбекстан тіпті өзіне ең жақын деген Тәжікстан және Қырғызстан тәрізді елдермен де оңды қатынас орната алған жоқ.

- Өзбекстанның қазіргі көрші елдермен делегация алмасып, қатынасты оңдауғы тырысуы жақсы. Бұл көрші елдерге ғана емес, Өзбекстанның өзіне де тиімді болады, - дейді ол.

ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫНСЫЗ РЕСЕЙМЕН ҚАТЫНАС

Өзбекстан президент сайлауы қарсаңында, қарашаның 29-ы күні ел үкіметі Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіру жоспары жоқ екенін мәлімдеген. Сыртқы экономикалық байланыс министрінің орынбасары Шавкат Толаганов өзбек сарапшылары ЕАЭО-ға кіру «Өзбекстанға ешқандай артықшылықтар әпермейді, тіпті кейбір тұстарда зиян шектіреді» деген қорытынды жасағанын айтқан.

Өзбекстан қазір еркін сайлау өткізіп жатырмыз деп өзін демократиялық ел ретінде көрсеткісі келеді.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Өзбекстанның осы одақтан бас тартуын Батыстың алдында ұпай жинау ретінде бағалайды.

- Өзбекстан қазір еркін сайлау өткізіп жатырмыз деп өзін демократиялық ел ретінде көрсеткісі келеді. Осы арқылы Ташкент Ислам Каримов кезінде қалыптасқан оқшауланудан шығуға әрекет етпек, - дейді ол Азаттыққа.

Саяси сарапшы Эседулла Огуздың айтуынша, Өзбекстан ЕАЭО-ға қосылмайтынын жариялау арқылы өзінің дербес саясат ұстануға тырысатынын көрсетеді. Бірақ бұл Ресеймен қатынаспау дегенді білдірмейді.

- Өзбекстан терроризммен күресте Батыс елдерімен және аймақ елдерімен ынтымақтасқаны жөн. Әсіресе, Қытай және Ресеймен тізе қосып әрекет еткені абзал. ЕАЭО-ға қосылмаса да Ресеймен осы бағытта байланыс қалыптастырғаны жөн, - дейді саяси сарапшы Эседулла Огуз Азаттыққа.

ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕС

Эседулла Огуздың пікірінше, терроризммен күресте Өзбекстан - желдің өтінде, шекараның шебінде тұрған ел. 40 жылға жуық терроризм мен соғыс әлі жалғасып жатқан Ауғанстанмен шекаралас келуі Өзбекстанға кәдімгідей міндет жүктейді.

Өзбекстандық Бабур Исраиловтың (Жафар әл Таййар) Сирияда өзін жарып жіберер алдында бомбаға толы БТР-де жылап отырған соңғы сәті. 2015 жылы қыркүйекте интернетте жарияланған видеодан скриншот.
Өзбекстандық Бабур Исраиловтың (Жафар әл Таййар) Сирияда өзін жарып жіберер алдында бомбаға толы БТР-де жылап отырған соңғы сәті. 2015 жылы қыркүйекте интернетте жарияланған видеодан скриншот.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Ислам Каримов терроризммен күресте әсіре сілтеп жіберсе де, жалпы дұрыс саясат ұстанды деп есептейді және осы бағыттағы саясат бұрынғыдай жалғаса береді деп санайды.

- Өзбекстан жағдайында басқаша саясат болуы мүмкін емес. Терроризммен күрес бұрынғыдай жалғаса береді. Өйткені АҚШ-тың да ұстанымы осындай, - дейді ол.

Әзімбай Ғали Азаттыққа Өзбекстандағы терроризммен күрестің елдегі діндарларды қысымға алу құралына айналып кетуі жөн емес екенін де айтты.

ӨЗБЕКСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ СЕРКЕСІ БОЛА АЛА МА?

Өзбекстан Совет Одағы кезінде Орта Азияның кіндігі саналды. Сол кезде қазіргі Орталық Азия аймағы «Қазақстан және Орта Азия» деп аталды. СССР-дің аймақтағы әскери округінен бастап халықаралық әуежай тәрізді нысандардың барлығы әуелде Ташкентке шоғырландырылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстанның бәсекелестігі жайлы жиі айтылатын болды. Біршама уақыт ұмытыла бастаған бұл мәселе Өзбекстандағы сайлаумен қарайлас қайтадан көтерілгендей әсерде қалдырады.

Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали Өзбекстанның аймақта «серке» ататуына күмәнмен қарайтындығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстанның экономикалық потенциалы төмен.

- Өзбекстанның аймақта лидер бола алмайтындығының тағы бір себебі – бұл елде авторитаризм Қазақстандағы авторитаризмнен де күшті, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Өзбекстанның аймақта лидер бола алмайтындығының тағы бір себебі – бұл елде авторитаризм Қазақстандағы авторитаризмнен де күшті.

Түркиялық саяси сарапшы Эседулла Огуз да Өзбекстан аймақ лидері бола алады дегенге күмәнмен қарайтынын айтады.

- 500 жыл бұрынғы хандықтар дәуірінде ғана өзбектер аймақта күшке ие болатын. Алайда Өзбекстан жаңа тәуелсіздік дәуірінде аймақта іс жүзінде ешқандай ілгері өзгеріс әкеле алмады. Каримов кезінде Өзбекстан толықтай болмаса да, дүние жүзімен байланысын тоқтатты деуге болады. Қазақстан сияқты әлемдегі және аймақтағы державалармен жан-жақты қатынасқа түсе алмады, - дейді Эседулла Огуз.

Өзбекстан азаматтары бүгін дауыс беріп жатқан президент сайлауына кандидат ретінде қазіргі премьер-министр Шавкат Мирзияев, Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы атынан Хатомжон Кетмонов, «Миллий Тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) партиясынан Сарвар Отамуратов және «Адолат» партиясынан Нариман Умаров түсіп отыр.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG