Сирияны бақылауына алған топтың лидері Ахмед әш-Шараа үш жылда елдің жаңа Конституциясын дайындап шығаруға және төрт жыл ішінде сайлау өткізуге уәде етті. Бұл туралы ол "Әл-Арабия" арнасына берген сұхбатында айтты.
Әбу Мұхаммед әл-Жулани деген лақап атымен танылған әш-Шараа – "Хайат Тахрир әш-Шам" қарулы тобының жетекшісі. Бұл топты БҰҰ, АҚШ, Түркия және өзге елдер "террористік ұйым" деп таныған.
Биыл желтоқсанның басында "Хайат Тахрир әш-Шам" тобы бақылайтын күштер тұтқиылдан шабуылға шығып, Дамаск қаласын алып, елді жарты ғасырдан астам уақыт басқарған Асад әулетінің режимін биліктен тайдырды. Сирияны ширек ғасырға жуық басқарып келген президенті Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашты.
Ахмед әш-Шараа Сириядағы сайлау халық санағынан кейін өтуі мүмкін деді. Санақ әлі жүргізілген жоқ.
Ол "Әл-Арабия" арнасына берген сұхбатында ұлттық диалог жөнінде дайындалып жатқан конференция барысында "Хайат Тахрир әш-Шам" тобын таратуға уәде берді. Ахмед әш-Шараа АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамптың жаңа әкімшілігі Сирияға салынған санкцияларды алып тастайды деп үміттенетінін айтып, БҰҰ-ның елдегі әрекеті селқос күйде деп сынға алды.
Бұдан бөлек, Ахмед әш-Шараа Асад режимін қолдаған Тегеранмен және Мәскеумен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді жақтап сөйледі. "Хайат Тахрир әш-Шам" жетекшісі Ресейді "әлемдегі екінші қуатты ел" деп атады. Оның сөзінше, Дамаск пен Мәскеудің ортақ мүдделері бар. "Ресейдің Сириядан біздің қарым-қатынасымызға нұқсан келтіретін жолмен шыққанын қаламаймыз", – деді ол.
Сириядағы қақтығыстарға көп жылдан бері қатысып келе жатқан бұл ұйым 2011 жылы "Жебхат ән-Нусра" деген атпен "Әл-Қаида" террористік ұйымының бір бөлімі ретінде құрылған.
ДАИШ тобының (өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың арабша атауының қысқартылған нұсқасы – ред.) жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади да оның құрылуына атсалысқан деп айтылады. Қарулы топ президент Башар Асад режиміне қарсы қатты қарсыласқан әрі онымен ең тиімді күрескен топ саналады.
Дегенмен сарапшылар "Жебхат ән-Нусра" тобы революциядан гөрі жиһад идеологиясына көбірек берілгенін және бұл көтерілісшілер коалициясының "Еркін Сирия" ұранына қайшы келетінін айтқан-ды.
2016 жылы топтың жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жулани (шын аты-жөні Ахмед әш-Шараа) "Жебхат ән-Нусраны" таратып, жария түрде "Әл-Қаидамен" "ат құйрығын кесіскен". Ізінше "Хайат Тахрир әш-Шам" деген атпен қайта құрылып, өзге топтармен біріккен.
Біраз уақыттан бері "Хайат Тахрир әш-Шам" елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында шоғырланып келді. Бұл аумақ топтың де-факто жергілікті әкімшілігі саналады. "Әл-Қаидадан" қол үзгелі бері оның мақсаты біраз "тарылып", Сирияда фундаменталистік діни бағыт ұстанатын билікті орнатуға күш салып келеді.
ПІКІРЛЕР