Пхенчхандағы екі сағатқа созылған Қысқы олимпиаданың ашылу салтанатын 58 миллион АҚШ долларына салынған Олимпиада стадионында 35 мың адам жақыннан тамашалады. Олардың ішінде спортшылар, жанкүйерлер мен мемлекет басшылары болды.
Ашылу салтанатына бірнеше сағат қалғанда Арбитраж соты жарысқа қатысуға тыйым салынған 45 ресейлік спортшының шағымын қабылдамай тастады.
Оқи отырыңыз: Ресей туы бар суретке "лайк" басуға болмайды
Спорттық арбитраж сотының (CAS) шешімі допинг дауына ұшыраған Ресей құрамасына салмақ жүктей түсті. Бұл даудың кесірінен жолдама алған ресейлік 169 спортшы жарысқа тәуелсіз және бейтарап түрде қатысуға мәжбүр. Ресей ұлттық олимпиада құрамасы "Ресейлік олимпиада спортшылары" деген топ ретінде олимпиада туының астында жүлдеге таласады.
Дәл осы олимпиада кезінде Оңтүстік пен Солтүстік Кореяның арасы жылығандай болып, екі елдің құрамасы бірлесе бәсекеге түсетін болды. Ашылу салтанаты кезінде екі елдің құрамасы бірге сап түзеп жүріп өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Ажғалиев ұстап шықты. Олимпиадаға 46 қазақстандық спортшы қатысып жатыр.
Ақпанның 9-ында CAS 45 ресейлік спортшы мен екі бапкердің апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастаған. Арызданушылар өздеріне салынған тыйымды "дискриминациялық әрекет" деп тануды сұраған еді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің бұл шешімге өкініш білдіретінін, спортшыларының құқықтарын қорғауларына көмек қылатынын мәлімдеген.
Көре отырыңыз: ХОК Ресей құрамасына неге тыйым салды?
Халықаралық олимпиада комитеті Ресей билігін допинг сынамаларына қатысты "бұрын-соңды болмаған алаяқтық жасағаны" үшін жазалап, елдің олимпиада құрамасының Пхенчханда ұлттық құрама мәртебесімен қатысуына тыйым салған еді. Мұндай қатаң шектеуге Ресейдің 2014 жылғы Сочи олимпиадасы кезінде спортшыларының допинг сынамаларын қолдан жасау әрекеттерінің әшкереленуі себеп болған. Мұның соңы кінәратты спортшыларды жаппай олимпиада жүлделерінен айыруға ұласқан.
Кейін ХОК арнайы допинг сынақтан өткен ресейлік 169 спортшыға Пхенчханда олимпиада туының астында тәуелсіз спортшылар тобы ретінде жарысқа қатысуды ұсынған.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Қысқы олимпиадаға қатысатын Қазақстан спортшылары
Мәскеу бұл шектеудің "саяси себебі бар" деп түсіндіріп келеді. Ал Ресейдің мемлекет құрған допинг орталықтарындағы заңсыздықтарды көпке жариялаған жергілікті мамандар сынға ұшырағасын Батысқа қашқан.
Қысқы олимпиада ақпанның 25-іне дейін жалғасады. Олимпиаданың соңғы жаңалықтарын Пхенчхандағы Азаттықтың арнайы тілшісі Руслан Меделбектің репортаждарынан біліп отырыңыздар.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ашылу салтанаты