«Спутник V»: Ресейдің қайшылыққа толы Covid вакцинасы

«Спутник V»: Ресейдің қайшылыққа толы Covid вакцинасы

Кристина Фолтынова 11 наурыз 2021 жыл

1957 жылы адам жасаған алғашқы аппарат Жер орбитасына жетті. Жобаны жүзеге асырған Совет одағы оны «Спутник» деп атады. Одақтың мұрагері саналатын Ресей араға 60 жыл салып, тағы бір «Спутникті» – «Спутник V» екпесін шығарып отыр. Ол да – тұңғыш. Коронавирусқа қарсы вакциналардың ішінде бірінші болып тіркелген.

Екпенің сынақтан толық өтпей егілуі сарапшыларды алаңдатқанымен, қазірге дейін 40-тан аса ел тәуекел деп «Спутник V» вакцинасын мақұлдады. Ресейлік екпенің ерекшелігі неде? Түсіндіреміз.

«Спутник V» қалай жұмыс істейді?

«Спутник V» – вирус векторынан тұратын вакцина. «Спутник V» респираторлық жұқпалы ауру тудыратын аденовирустар негізінде әзірленген.

Демек, бұл екпеде басқа вирустың өзгертілген түрі бар. Өзгерген вирус генетикалық материалды адамның жасушасына жеткізеді. «Спутник V» екпесінде адамда ЖРВИ, конъюнктивит және гастроэнтерит тудыратын аденовирустар қолданылады (Кейбір екпелерде пневмония және қызылша тудыратын аденовирустар пайдаланылады).

Екпеде вектор ретінде қолданылатын вирус ауру тудырмайтындай етіп өзгертіледі. Вектор көзделген вирустың генімен бірге егіледі. Covid-ке қарсы вакцинада бұл ген жасушаға тікен пішінді ақуыз қалыптастыруға көмектеседі. Бұл ақуыз – коронавирустың қабығындағы ақуызға ұқсайды.

Адамға екпе салынғанда, вектор адам жасушасына енеді. Ал жасуша тікен пішінді ақуыз шығарады. Иммундық жүйе тікен пішінді ақуызды байқаған сәтте бірден антиденелерді өндіре бастап, ағзадағы өзге де иммундық процестерді іске қосады. Сөйтіп ағзаға вирус түскенде иммундық жүйе тойтарыс беруге дайын тұрады.

«Спутник V» вакцинасы қалай әзірленді?

Ресей Covid вакцинасының клиникалық сынағын 2020 жылы маусымда бастады.

Екі айға жетер-жетпес уақытта Ресей президенті Владимир Путин Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институтының әлемде бірінші болып Covid вакцинасын тіркегенін мәлімдеді. Бұл кезде клиникалық сынақтың алғашқы кезеңіне мыңдаған адам қатысып, бірнеше айға созылатын 3-кезеңі әлі басталмаған еді. Сол себепті көптеген сарапшылар вакцина жөніндегі деректің толық емесін айтып, оның қауіпсіздігіне күмән келтірді.

Көп ұзамай Ресей вакцина сынағының ауқымын кеңейтіп, 40 мың еріктіге салынатынын мәлімдеді. Сөйтіп 2020 жылы қыркүйекте сынақтың 3-кезеңі басталды.

Алғашында медицина қызметкерлерінің шектеулі тобына салып, 2020 жылы желтоқсанда вакциналау ауқымын кеңейтті. Бұл уақытта сынақ әлі жүріп жатты. Екі аптадан соң, Беларусь ресейлік вакцинаны мақұлдаған алғашқы шет мемлекет болды.

2021 жылы ақпанда Lancet журналы «Спутник V» вакцинасының тиімділігі 91,6 пайыз дейтін зерттеу жариялады. Зерттеуде вакцинаның қауіпсіз екені және оның коронавирустан қорған бола алатыны туралы айтылды.

«Спутник V» вакцинасын 40-тан астам ел мақұлдағанымен (түрлі деңгейде), оны Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі (EMA) әлі мақұлдай қоймады.

Бұған қарамастан, Венгрия 21 қаңтар күні вакцинаны тіркеуден өткізіп, Еуроодақ аумағында ресейлік екпені мақұлдаған алғашқы ел атанды. Наурыздың басында Еуроодақтың тағы бір мүшесі Словакия ресейлік вакцинаның 2 миллион дозасын сатып алу жөнінде келісімге келді.

2021 жылғы 4 наурызда EMA «Спутник V» вакцинасын тексере бастағанын мәлімдеді.

«Спутник V» вакцинасының өзге екпелерден ерекшелігі қандай?

«Спутник V» вакцинасын тоңазытқышта Цельсий бағаны бойынша 2-8 градуста сақтауға болады. Яғни, оны сақтау жеңілдеу. Мәселен, Pfizer/BioNTech вакцинасы -70 градуста, Moderna вакцинасы -20 градуста сақталуы тиіс.

Lancet журналының мәлімдеуінше, ресейлік екпенің тиімділігі – 91,6 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша ол Pfizer/BioNTech және Moderna вакциналарынан артта, бірақ AstraZeneca және Johnson & Johnson вакциналарынан алда. Дегенмен кей ғалымдар вакциналардың тиімділігін салыстыру қиын дейді. Олар вакциналардың пандемияның түрлі кезеңінде әзірленгенін және вирусқа қарсы сыналып көрмегенін айтады.

Басқа вакциналарға қарағанда, «Спутник V» екпесінің екінші дозасы біріншісін қайталамайды. Оларда вектор ретінде екі түрлі вирус пайдаланылады. Біріншісінде Ad26 аденовирусы, екіншісінде Ad5 аденовирусы. Гамалея орталығы мұның иммундық реакцияны күшейтетінін айтады.

Вакциналардың бағасын салыстыру да оңай емес. Өйткені ол импорттаушы елге қарай құбылады. Мәселен, Еуроодақ AstraZeneca вакцинасының әрбір дозасын 2,16 долларға алатын болды. Кей ақпаратқа қарағанда, Оңтүстік Африка Республикасында осы вакцинаның құны бұдан екі есе жоғары.

Жалпы алғанда, Pfizer/BioNTech пен Moderna екпелері қымбатырақ. Ал Johnson & Johnson екпесі тек бір дозадан тұратындықтан, арзанға түседі. «Спутник V» вакцинасының орташа құны – 10 доллар шамасында.

«Спутник V» екпесін қай елдер қолданғысы келеді?

2021 жылғы 10 наурызға дейін «Спутник V» вакцинасын төтенше жағдайда қолдануды 40-тан астам ел мақұлдады. Олардың арасында Латын Америка елдері көп. Африка мен Азия елдері де бар. Еуропада вакцинаны Беларусь, Босния және Герцеговина құрамындағы Српска республикасы, Венгрия, Молдова, Черногория, Сан-Марино, Сербия және Словакия елдері мақұлдады.

Еуроодақ елдерінің көбі Еуропа дәрі-дәрмек агенттігінің мақұлдауын күтіп отыр. Бірақ кейбірі екпені тезірек сатып алудың жолын қарастырып жатыр. Венгрия мен Словакия алғашқы дозаларын алып үлгерді. Ал Украина 10 ақпанда «агрессор елдердің» вакциналарын тіркеуге тыйым салатынын мәлімдеді. Ресми Киев 2015 жылдан бастап «агрессор ел» ұғымын Ресейге қарата қолданады.

Әлемде осы күнге дейін Ресей вакцинасының 1,2 миллиард дозасына тапсырыс берілген. «Спутник V» вакцинасын мақұлдаушы елдер қатары артып келе жатқандықтан, Ресей вакциналарды уақтылы тапсырып үлгере ме деген сұрақ туып отыр. Бірқатар вакцина өндіруші тапсырысты орындауда кешігіп жатыр. Бұл мәселемен Гамалея орталығы да бетпе-бет келуі мүмкін. Мәселен, қаңтарда Ресей Аргентина және Мексика сияқты Латын Америка елдеріне вакцина кешігіп жететінін ескертті.

«Спутник V» вакцинасын өндіруді Ресей мен Қазақстаннан бөлек алты ел жоспарлап отыр. Олардың қатарында Үндістан, Оңтүстік Корея және Бразилия бар.

«Спутник V» екпесін пайдаланып жатқан елдер
(2021 жылдың 10 наурызындағы дерек)

Ресейліктер «Спутник V» жайлы не ойлайды?

Ресейліктер жалпы вакцинаға күдікпен қарайды. 2020 жылы қыркүйекте The Lancet журналы жариялаған зерттеудегі дерекке сай, ресейіктердің 21 пайызы ғана екпе қауіпсіз деп санайды. Ал 35 пайызы вакцина тиімді деп есептейді. The Lancet зерттеуі бойынша, Қазақстан халқының 39 пайызы вакцина тиімді деп санаса, 36 пайызы екпе қауіпсіз деп есептейді.

Зерттеудегі деректерге қарасақ, Ресей екпеге аз сенетін елдердің қатарында тұр. Сондықтан Ресейде Covid-19 екпесіне деген көзқарас та төмен.

2021 жылы қаңтарда Ipsos зерттеу қызметі зерттеу жүргізіп, ресейліктерден «коронавирус екпесін салдырасыз ба?» деп сұрағанда жұрттың 41 пайызы салдыратынын айтқан. Бұл – Ipsos зерттеу жүргізген елдердің ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.

2021 жылы ақпанда «Левада-центр» орталығы жүргізген зерттеуде ресейліктердің 30 пайызы ғана «Спутник V» екпесін ектіретінін айтқан. Халықтың көбі екпенің толық зерттелмегенін, кері әсері барын алға тартқан.

2021 жылы қаңтарда YouGov 17 елдің халқынан «қай елде шыққан екпеге сенесіз?» деп сұраған. Зерттеуге сай, жұрттың көбі Германия, Канада және Ұлыбританияда шыққан екпеге сенеді. Ал Ресей, Үндістан, Қытай және Ираннан шығатын екпелерге сенім аз.

Қай елде шығатын вакцинаға жұрт көп сенеді?
(Көрсеткіш жоғары болса сенім де соғұрлым жоғары)

Ресейде вакцинация науқаны қалай жүріп жатыр?

Ресей де, Қазақстан да елде күнде қанша адам екпе алғанын жарияламайды. 2021 жылдың 10 ақпанындағы дерекке сай, Ресей халқының 1,5 пайызы «Спутник V» екпесінің бір дозасын болса да алған.

Ресей екпе салуды бірінші болып бастаса да, әлемнің басқа елдерінен артта қалып қойды. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «елде екпе науқаны жақсы жүріп жатыр» деген. Бірақ ақпанда Ресей билігі елде екпе салу АҚШ-пен салыстырғанда төрт есе баяу жүріп жатқанын мойындаған.

Екпенің бір дозасын болса да алғандардың үлесі
(10 ақпан 2021 жылғы дерек, елдер таңдалып алынды)

Еуропа елдері ресейлік «Спутник V» екпесін сатып алғысы келеді. Бірақ Еуропа одағының бұл екпеге деген сұрағы көп.

«Ресей миллиондаған доза екпе ұсынып отыр, бірақ елдің ішінде екпе салуда прогресс жоқ. Осы бізді таң қалдырып отыр» деді Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула Фон дер Ляйен 17 ақпандағы баспасөз мәслихатында.

Ресей биыл 68 миллион адамға екпе салмақ. Бірақ елде күдік көп, оның үстіне президент Путиннің өзі әлі екпе салдырмай отыр.

Вакцина дипломатия құралы ма?

Ресей вакцинасының тиімді екені түбі дәлелденгенімен, кей сарапшылар оның асығыс жасалғанын, басымдықтың қауіпсіздіктен гөрі патриоттық сезімді оятуға берілгенін айтады. Кейбірі вакцинаның дипломатия құралына айналғанын, Ресейдің сол арқылы геосаяси ықпалға қол жетізгісі келетінін ескертеді.

«Спутник V» вакцинасы Еуроодақ ішінде жік тудырып үлгерді. Жік Венгрияның Ресей вакцинасын EMA шешімін күтпей мақұлдап жіберуінен басталды. Ресей сондай-ақ вакцинасын Украинаның шығысындағы сепаратистік аумаққа да жеткізген. Сонымен қатар Ресейді Латын Америкасындағы испан тілді елдерде өз вакцинасының пайдасына жалған ақпарат таратты деп айыптайтындар да бар. Олар мұның Ресей вакцинасы АҚШ-тың екпесінен тиімдірек деген көзқарас қалыптастыру үшін жасалып отырғанын айтады.

«Спутник V» вакцинасының болашағы қандай?

Батыс елдері өндіретін Covid вакцинасының тапшылығына қарай Ресей вакцинасына бет бұрып жатқан елдер қатары артып келеді. Олар Ресей тарабынан ашықтықтың болмауына, вакцинаның Еуропа дәрі-дәрмек агенттігінің мақұлдауын алып үлгермегеніне, өндіріс барысында тууы мүмкін қиындықтарға, вакцинаға деген сенім Ресейдің өзінде төмен екеніне қарап отырған жоқ.

Ресей Covid науқастарының саны жөнінен алғашқы бес елдің қатарына кіреді. Басты сұрақ: Ол «Спутник V» екпесін экспорттай отырып, өз халқын вакциналай ала ма?

«Спутник V» екпесін Қазақстан қалай шығарып жатыр?

Қазақстан – «Спутник V» екпесін мақұлдаған 27-ел. 15 ақпанда коронавируспен күрес үшін құрылған үкіметаралық комиссия Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілетін «Спутник V» екпесі тіркеуден өткенін мәлімдеді.

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің иелерінің қатарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, бизнесмен Қайрат Боранбаев бар. Азаттық осы кешен жайлы бірнеше мақала жариялаған.

Боранбаев Азаттық тілшісін Қарағандыдағы кешенге шақырып, мемлекеттен екпе шығаруға тапсырыс алуына Назарбаевпен құдалығы әсер етпегенін айтқан. Ол жобаны «әлеуметтік» деп атап, екпе шығарудан коммерциялық пайда таппайтынын мәлімдеген.

Ресми дерекке сай, Қарағандыдағы кешенде екпе шығаруға бюджеттен 15 млрд 175 млн теңге бөлінген. Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой екі дозаның құны 26 доллар деген. Кейін Ресей екпе бағасын арзандатқаны жайлы ақпарат шықты.

23 ақпанда Қарағандыдағы кешен 90 мың дозаны дайындағанын жариялады. Жоспар бойынша, кешен наурызда 150 мың доза шығаруы тиіс. Ал сәуірден бастап айына 600 мың доза дайындамақ.

Бұдан бөлек, Қазақстан Ресейден «Спутник V» екпесін сатып алып жатыр. Ақпанның соңында екі миллион доза сатып алынатыны айтылған. Цойдың сөзінше, екпе өндіруге және оны Ресейден сатып алуға бюджеттен 18 млрд теңге бөлінбек.

Қазақстанда екпе егу қалай жүріп жатыр?

Қазақстан өз аймағында «Спутник V» екпесін қолдануды ресми тіркемей жатып вакцина науқанын бастап кетті. Алғашқы екпе 1 ақпанда салынды. Денсаулық сақтау министрлігі «Спутник V» вакцинасын ел аумағына кіргізуге екпе басталып кеткен соң, 11 ақпанда рұқсат берді. 15 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылған «Спутник V» екпесі ресми тіркеуден өтті.

>

Ақпанда денсаулық сақтау министрлігі ақпанда 100 мың, наурызда 150 мың, сәуірде 600 мың адамға екпе салатынын жариялаған. 9 наурыздағы ресми дерекке сай, елде 33 мың адам бірінші дозаны, 15 мың адам екі дозаны алған.

Екпені алғашқылардың бірі болып, инфекциялық ауруханалардың, жедел жәрдем қызметкерлері, санэпид қызметкерлер алды. Министрлік дерегінше, 9 наурызға дейін 30,4 мың медқызметкер екпе алған (бірінші я екінші доза).

24 ақпанда елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов 20 мыңнан аса адамға екпе салынғанын айтты. Оның басым бөлігі – медқызметкер.

Наурызда мұғалімдерге екпе егіле бастады. Жоспар бойынша, наурызда полицейлер мен әскери қызметкерлер де екпе алуы тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салу жоспар бойынша жүріп жатыр деп мәлімдеді. Үкімет сәуірдің соңында екпені қалаған адам сала алады дейді. Қазақстан жыл соңына дейін 10 млн адамға екпе егуді жоспарлайды.