Солтүстік-атлантикалық әскери альянс (НАТО) Финляндия мен Швецияның өтінішін орындап, қатарына қабылдайтын болса, бұл екі мемлекет одақ күштеріне қандай қару-жарақ пен әскери техника беруі мүмкін?
CV 90 – соғыс техникасы
Швецияның беренді автомобилі тербелісті басатын арнайы аспамен жабдықталған. Ойлы-қырлы жерде көлік тербелісін реттейтін жоғары технологиялық бұл аспап негізі "Формула-1" жарысына арнап жасалған. Базалық үлгідегі CV90 соғыс мәшинесіне секундына 40 миллиметрлік бес снаряд ататын зеңбірек орнатылған.
Bandvagn Skyddad 10 – жол талғамайтын шынжыр табанды көлік
Швед-британ мәшинесінің жалпақ шынжыр табаны әскери көліктердің көбі батып қалатын омбы қар мен батпақтан кідірмей өтуге мүмкіндік береді. Беренді болғанымен жеңіл қозғалатын бұл техника шынжыр табанындағы ескектің көмегімен су бетінде ақырындап "жүзе" де алады. Бұған қоса ірі калибрлі пулемет, жарықшақты граната атуға арналған қару (суретте әйнектің үстіңгі жағында) орнатылған.
155 GH 52 APU – тіркелмелі гаубица
Финляндияның жаппай қолданыстағы ауыр зеңбірегі 155 миллиметрлік снаряд атуға арналған. Салмағы 13,5 тонна тартатын гаубицаны әдетте басқа көлікке тіркеп жүреді, алайда соғыс жағдайында жақын жерге өздігінен жылжуға мүмкіндік беретін шағын қозғалтқышпен де жабдықталған. Кейбір деректерге қарағанда, гаубицаның "елеулі техникалық олқылықтары" да бар, бірақ Финляндия бұл қаруын Египетке сатқан кезде ол жөнінде айтылмаған. Египет – Финляндиядан тыс жерде осы қаруды пайдаланған жалғыз мемлекет.
AMOS миномет жүйесі
Фин-швед бірлескен миномет жүйесі (суретте финнің Patria AMV беренді техникасының корпусына орналастырылған) – екі ұңғылы қару. Ол компьютердің көмегімен нысананы көздеп бір мезетте он снаряд атады. Бірінші атқан снарядтар аса ұшқыр бастапқы жылдамдықпен доға тәрізді траекториямен ұшып барып нысанаға тиеді. Одан кейінгі снарядтар алғашқыдан бәсеңдеу жылдамдықпен және төменірек траекториямен ұшып, тағы да сол нысанаға түседі.
Patria AMV – беренді транспортер
Финнің бұл беренді әскери техникасы қарудың көп түріне платформа ретінде пайдалануға болады. Әсіресе қашықтан басқарылатын қару орнатылған мұндай техника онда адам болуын қажет етпейді, яғни жауынгерлерді аман-есен сақтап қалуға мүмкіндік береді. 12 адам алып жүре алатын бұл техникаға сұраныс көп, қазірге дейін экспортқа жүздеп шығарылған. Польша күштері Ауғанстанда әскери кезекшілікте жүргенде осындай AMV беренді техникасы гранатометтен тура дәлдеп атқан снарядқа төтеп бергенін айтады. 2009 жылы Ауғанстанда жол шетіне қойылған минаға түскен әскери техникада отырған бір поляк сарбазы мерт болған.
95 S 58-61 – танкіні жоятын қару
Атқаннан кейін кері серпілмейтін бұл ауыр қару 1950 жылдары Финляндияда жасалған. Танкіге қарсы қолданылатын қазіргі заманғы снарядты осы қарудан атса, қалыңдығы жарты метр сауытты тесіп өтеді. Финляндияда әскери жаттығуда жиі пайдаланылатын, дыбысы қатты шығатын қаруды "мусти" (фин тілінде "қара ит" дегенді білдіреді) деп атап кеткен.
Archer гаубицасы
Швецияның Archer гаубицасының операторына атуға бұйрық алған сәттен бастап техниканы тоқтатып, бекініп, нысананы атуына 30 секундтан аз уақыт кетеді. Ал тапсырманы орындағаннан кейін тағы да сонша уақытта жиналып, жолға шыға алады. Қазіргі заманғы ең озық артиллерия қаруы 155 миллиметрлік снаряд пайдаланады. Солардың арасында АҚШ-та шығарылған, 60 километр қашықтағы нысанаға дәл тиетін, Excalibur деп аталатын қымбат снаряд та бар. Archer ішіндегі жүргізушіні оқ пен жарықшақтан қорғайтын сауыты бар жүк көлігіне орнатылған.