Accessibility links

Нарын мен Сырдария: Су тапшылығынан жоғарғы сағада тұратындар да зардап шегіп отыр


Сырдария өзені. Худжанд, Тәжікстан.
Сырдария өзені. Худжанд, Тәжікстан.

Орталық Азиядағы ең ұзын екі өзеннің мәселелері жағалауда тұратын халықтың өміріне әсер етіп отыр.

Нарын өзені Қырғызстанның шығысындағы биік таулардан ағып, жүздеген шақырымнан кейін Қарадарияға қосылады да, сол жерден Орталық Азиядағы ең ұзын өзен – Сырдария басталады.

Сырдарияның Орталық Азияда тарихында алатын орны зор. Өзеннің бойындағы төрт мемлекет оның суына зәру. Бұл биылғы құрғақшылық кезінде анық көрінді. Егін қурап, мал басы қырылғанда, судың тапшылығы қатты байқалды.

АЙЫРМАШЫЛЫҚТАН ГӨРІ ҰҚСАСТЫҚ КӨП

Нарын мен Сырдария өзендері туралы баяндамаларда әдетте судың көлемі, оның ауыл шаруашылығында қалай қолданылатыны туралы көп жазылады да, өзен бойындағы қауымдар назардан тыс қалып қояды.

"Орталық Азия үкіметтері су қатынастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп, өзен маңында тұратын халықтарды біріктіретін ортақ мүдделерге емес, оларды бөлетін дүниелерге басымдық беріп отыр" дейді Нарын-Сырдария онлайн-жобасының негізін қалаушы қырғызстандық Айбек Самақов.

Аталған көптілді веб-сайтты дайындау кезінде өзен жағасындағы бес елдімекеннің (Қырғызстандағы Нарын қаласы мен Шамалды-Сай ауылы, Өзбекстандағы Ферғана, Тәжікстандағы Худжанд және Қазақстандағы Қазалы қалалары) тәжірибесі негізге алынған.

Самақов өзен алабында тұратын адамдарға Нарын мен Сырдария бойын мекендейтін халықтың бәріне ортақ мәселелерді білу маңызды екенін айтады.

Нарын өзені Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларынан бастау алады.
Нарын өзені Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларынан бастау алады.

Мысалы, су көлемі азайса, өзеннің төменгі сағасында тұратындар жоғары сағаны мекендейтін жұртты кінәлайды. Ал шын мәнінде, өзеннің жоғары жағында тұратын халықтың өзі су тапшылығының зардабын көріп отырады.

Нарын мен Сырдария бойын мекендейтін халық саны өсіп, ауыл-аймақтың шекарасы кеңейген сайын қолданылатын су көлемі де артып келеді.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын шағын елдімекендер өзен суын таза ұстауға тырысады. Ал үлкен қала тұрғындары көбіне өзенге көлігін жуып, су арнасын ластайды.

ЖАЗЫЛМАҒАН ЕРЕЖЕ

Тәжікстанда әйелдерге суға шомылатын киіммен өзенге түсуге болмайды деген жазылмаған заң барын да екінің бірі біле бермейді. Осы бір тыйымның салдарынан тәжік әйелдерінің көбі жүзуді білмейді. Сол себепті Тәжікстанда суға батып өлетін азаматтар қатарында ерлерге қарағанда, әйелдер көп кездеседі.

Сырдария суының шектен тыс қолданылуы Арал теңізінің тартылуына әкеліп соқты. Бұл апаттың экологиялық және экономикалық зардабы көп.

Аралдың тартылуына теңізге құятын өзен суының ылғалды үлкен көлемде қажет ететін мақта, күріш және бидай өсіруге пайдаланылуы себеп болып отыр. 1989-2016 жылдар аралығында бұл өңірде басқа өнім өсірудің орнына, мақта, күріш пен бидай экспорты біршама артқан, ал теңіз суы одан әрі тартыла берген.

Көпір құрылысы да өзен маңындағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер етіп, тұрғындар санының артуына және сауданың дамуына жол ашады.

1960-жылдары Тәжікстандағы ең ірі екінші қала Худжандта екі көпір салынғаннан кейін Сырдарияның бұрын бос жатқан оң жағалауы қарқынды дами бастады.

Худжанд тұрғындары Сырдария өзеніндегі көпірден өтіп барады.
Худжанд тұрғындары Сырдария өзеніндегі көпірден өтіп барады.

Әртүрлі төлемдер мен салықтарға, бір мемлекет билігінің көпірді жабу туралы шешіміне байланысты дау-дамай туындайтын кездер де болады. Мысалы, 2000 жылы Өзбекстан билігі өз аумағындағы Үш қорған және Қырғызстандағы Қызыл жар қалаларының арасын жалғайтын көпірді жапты. Онымен қоймай, "Өзбекстанның Ислам қозғалысы" ұйымының содырларын елге өткізбеу үшін көпірді бұзып тастады.

Кейде өзеннің екі жақ бетінде тұратын, бұрын ұлтаралық жанжалға қатысып, қан төгіскен халық көпір жөндеу жұмыстары кезінде күш біріктіріп, достасып кетеді.

Бұл – өңірдегі ірі өзендердің жағалауында тұратын халық пен Орталық Азия басшылары кез болып отырған күрделі мәселелердің тек бір бөлігі ғана.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG