Accessibility links

Кобаниде өзбектердің де соғысып жүргені расталды


«Ислам мемлекеті» құрамындағы өзбек жасағы үндеуі. (YouTube видеосынан көрініс).
«Ислам мемлекеті» құрамындағы өзбек жасағы үндеуі. (YouTube видеосынан көрініс).

Сирияның Кобани қаласында «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлары тобымен бірге соғысып жатқан өзбек жасағы қала ішінен «патриоттық» үндеу жасады.

Бейне көрініс ұялы телефонға түсіріліп, қазанның 17-сі күні интернетке жүктелгенге ұқсайды. Видеодағы қарулы адам өзін Кобанидегі құқығынан айрылған күрдтердің қорғаушысы әрі азат етуші ретінде сипаттайды. Оның қартаң күрд әйелге көмектесіп, тамақ беріп отырған сәті түсірілген.

ИМ жауынгері камераға араб тілінде сөйлегенімен, басқа екі сарбаз өзара өзбекше сөйлеседі, олардың бірі камераға түсіріп жатқан адам болса керек.

Арабша сөйлеген әскер: «Мына кәрі күрд әйелді балалары ас-сусыз қалдырып кетті. Біз оған су мен азық-түлік беріп, қорғап жатырмыз» дейді. Одан соң екінші адамның өзбек тіліндегі: «Бұны интернетке салып қою керек. Кәпірлер көрсін!» деген сөзі естіледі.

БЕЙБІТ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕТІП КӨРСЕТУ

ИМ-нің басқа үндеулеріне (мысалы, ұлыбританиялық тұтқын Джон Кэнтлидің Кобаниден жасаған бейне репортажына) ұқсамайтын қысқа видео экстремистік ұйымның Сирияның солтүстік қаласында жасаған ресми насихат кампаниясына кірмейді.

Ұлыбританиялық тұтқын Джон Кэнтлидің Кобаниден жасаған репортажынан көрініс. (Көрнекі сурет)
Ұлыбританиялық тұтқын Джон Кэнтлидің Кобаниден жасаған репортажынан көрініс. (Көрнекі сурет)

Бұл видео Ресей мен бұрынғы совет елдерінен барған содырлар таратқан, олардың Кобанидегі қаталдығын бейнелейтін суреттер мен мәлімдемелерден өзгеше. Бұл видеода араб тілінде үндеу жасаушы мен өзбек жауынгерлер өздерін жергілікті бейбіт тұрғындардың қамқоршысы етіп көрсетуге ұмтылған.

Сондай-ақ бұл видео – Кобаниде соғысып жүрген жасақта өзбектердің бар екенін растайтын бірінші айғақ. Басқа видеолар мен суреттер қаланы шабуылдауға шешен мен әзербайжан жасағы да қатысқанын көрсетеді.

Азаттықтың Өзбек қызметі Сирияда жүрген Абу Усман атты өзбек содырымен сөйлескендерін хабарлады. Усманның сөзінше, Сирияда Орталық Азиядан барған жүздеген адам соғысып жүр. Наурыз айында Сириядағы негізгі өзбек ұйымы «Жамаат Сабри» ИМ-ге және оның әскери қолбасшысы, этникалық шешн Умар Шишаниге адалмыз деп ант берді. Өзбектердің осы экстремистік тобында тәжіктер, дағыстандықтар мен шешендер де бар. Өзбекстандағы әсіредіншіл қозғалыстың жетекшісі Усман Гази де ИМ-ді қолдаймын деп уәде етті.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG