Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның туыстар арасындағы неке мен балаға тәжік ұлтына «жат» есімдер қоюға тыйым салатын заңға қол қойғанын наурыздың 15-і күні президент баспасөз қызметі хабарлады.
Отбасы кодексіне енгізілген бұл түзетулерді бұған дейін тәжік парламентінің қос палатасы да мақұлдаған еді.
Енді Тәжікстанда баланың атын тәжік мәдениетіне жат атаулармен, бұйымдармен, жануарлар және құстармен байланыстырып қоюға тыйым салынды. Бұған қоса, адамдарды тапқа бөлетін, басқалардың намысы мен қадірін түсіретін есімдерді де қоюға болмайды. Оларға «молла», «шайх», «төре» (тура) , «хан» (хон) және осы тақілеттес басқа да сөздер жалғанған есімдер жатады.
Жыл басында Тәжікстан үкіметіндегі терминология және тіл жөніндегі комитет тәжік есімдерінің бірыңғай тізімін жасаған. Енді жаңа туған сәбилердің аттары осы тізімнен қойылады. Бұл жұмысқа Тәжікстан ғылым академиясы ғалымдары, ЖОО профессорлары, тіл мамандары, «Тәжікстан ұлттық энциклопедиясы» баспасы қызметкерлері қатысқан.
Тізім шамамен 4-5 мың қазіргі және көне есімдерден тұрады. Терминология және тіл жөніндегі комитет өкілдерінің айтуынша, бұл тізімді перзентханалар мен азаматтық ахуалды тіркеу бөлімі қызметкерлері басшылыққа алуы керек.
Тізімдегі әр есімге жеке түсініктеме беріліп, мағынасы жазылған және оның латын, парсы, араб әліпбиінде қалай жазылатыны көрсетілген. Бірақ заң Тәжікстандағы этникалық азшылық өкілдеріне дәстүрлеріне сай есімдер қоюға рұқсат етеді.
Тәжікстанда енді туыстар некесіне де тыйым салынды. Жастар үйленер алдында міндетті түрде медициналық анықтама алулары керек.
Енді бұл елде немере туыстар, нағашылы-жиендер мен бөлелер, бір омырау емген жігіт пен қыздар некелесе алмайды.
Мамандар пікірінше, мұндай шешім қабылдауға туыстар некесінен туған балалардың көп жағдайда мүгедек болып қалуы түрткі болған. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, елде 18-ге толмаған 26 мың 43 мүгедек бала бар. Сарапшылардың мәліметіне қарағанда, бұл балалардың 35 пайызы туыстар арасындағы некеден туған.
Туыстар некесіне тыйым салу идеясын алғаш бұрынғы депутат Саодат Амиршоева көтерген. Ол кезде ұсынысқа көп ешкім назар аудармаған. Бірақ Эмомали Рахмон мүгедек балаларға арналған интернатқа барғандағы әсерін айтқаннан кейін бұл мәселеге назар аударушылар көбейді. Рахмон барған интернаттағы балалардың көбі туыстар некесінен туған деген ақпарат тараған болатын.
Мұнан соң мемлекеттік телеарнадан туыстар некесіне қарсы насихат науқаны басталып, арнайы үкімет комиссиясы құрылды. Ол комиссия туыстар некесіне заң арқылы тыйым салу жолдарын қарастырды.
Туыстар некесі Тәжікстанда ежелден бар, кейінгі жылдары тіпті көбейе түскен.
Мамандар туыстар некесі көбінесе ауқатты отбасыларда қиылатынын айтады. Байлықтарын сақтау үшін олар қыздарын «жатқа» жібергісі келмей, жақындарына береді. Енді бір әулеттер қыздарының «жат жерде жәбір көргенін» қаламай, күйеубаланы туыстарынан іздейді. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, немере туыстар арасындағы неке мүгедек балалардың көбеюіне әсер еткен.
Бірақ бұл жөнінде молдалар пікірі басқа. Олар ислам діні бір омырау емген балалар арасындағы некеге ғана тыйым салатынын айтады. Дін өкілдері мүгедек балаларды арақ пен есірткі пайдаланатын жұбайлар дүниеге әкеледі деп санайды.
Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.