Президент Эмомали Рахмон мемлекетті 1992-1997 жылдардағы азамат соғысының алғашқы күндерінен бері билеп келеді. Соғыс біткен соң Рахмон елдегі саяси қарсыластарынан біртіндеп құтылды, енді ержетіп қалған балаларын маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындап жатыр.
Қазір бұл елде тәуелсіз БАҚ жұрнағы ғана қалды. Елді сыбайлас жемқорлық жайлаған, мемлекет кедей, жүздеген мың тәжік азаматы өз елінен жұмыс таппай, Ресейде қара жұмыстарға жалданып жүр.
Мұндай жағдайды көрсетіп, «Тәжікстан билігі елді теріс бағытқа бастап барады» деп санайтындар бар. Бақылаушылардың көбі «Тәжік халқы биліктің айтқанымен жүре береді, неге сондай шарасыз?» деп таңданады. Бұл сұрақтың жауабы жұрттың азамат соғысының қайталануынан қорқатыны болса керек.
Соғыс біткеннен бері жаңа ұрпақ өсті. Жастар соғыс туралы әңгімелерді ғана естіген, бірақ атыс-шабысты көзімен көрген адамдар да көп. Олар Тәжікстан қайтадан азамат соғысына ұрынбаса екен деп үкіметтің шектен шыққан әрекеттеріне үнсіз көнеді. Олай болса, Тәжікстанның азамат соғысы қалай болғанын да еске ала кетейік.
Танымал кітаптардың авторлары соғыстың 1992 жылдың көктемінде Душанбедегі қарсылық шеруінен басталғанын жазады. Демократиялық, исламшыл және жергілікті этникалық топтар Біріккен тәжік оппозициясы (БТО) коалициясын құрды, олар үкіметке қарсы соғысты. Соғыстың алғашқы аласапыран айларында үкіметті қолдайтын әскери жетекшілердің көмегімен Рахмон билікке ұмтылды.
Соғыс Комсомолабад, Гарм және Тавил-Дара сияқты елеусіз ауылдар мен қалаларда өтті, Душанбенің шығысындағы таулар атыс-шабыстан көз ашпады. Сол кезде 6 миллион халқы бар мемлекеттің шығыны орасан зор болды. Ұрыстар басталған кезде жүздеген жауынгердің (басым көбі – үкімет сарбаздары) опат болуы сирек кездесетін жайт емес.
Бітім туралы келіссөздер майдан даласынан алыста жүрді, бірақ соғыс шебінде 24 сағат бойы оқ атылып жататын. Қақтығыс қаза тапқандардың денесін алмастыру кезінде ғана аз уақытқа тоқтайтын, оның өзінде бірді-екілі жерлерде ғана қақтығыс саябырлайтын.
Осы сұмдық көрініс бес жыл бойы үздіксіз қайталанды. Соғыс кезінде Тәжікстан тұрғындарының 10-20 пайызы туған жерлерінен кетуге мәжбүр болды.
Тәжікстанның батысындағы көршісі Өзбекстан босқындарды кіргізбей, шекарасын жауып тастады. Солтүстіктегі көршісі Қырғызстан босқындарды өз аумағы арқылы өткізіп жіберуге ғана келісті. Ондаған мың тәжік азаматтары мен Біріккен тәжік оппозициясының қаруланған жасақтары шекара арқылы Ауғанстанға өтті, ол жақта да азамат соғысы жүріп жатқан еді.
Үкіметке ресейлік шекарашылар мен 1991 жылдың соңында СССР құлаған кезде Тәжікстанда қалған Ресейдің 201-дивизиясы көмектесті. Ресейлік шекарашылар Ауғанстаннан Тәжікстанға қайта өтпек болған оппозиция жасақтарымен атысты.
Мәскеу 201-дивизияның Тәжікстан соғысына қатысқанын терістеумен болды – алайда Біріккен тәжік оппозициясы жасақтарына әуеден соққы берген ресейлік жауынгерлер еді. Тәжікстанға кейіннен Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстан да әскер жіберді. Бұл елде бұрыннан тұрған Ресей әскерімен бірігіп олар «ТМД бітімгершілік күштері» деп аталды.
Оппозиция жасақтары үкімет әскері мен бітімгер жауынгерлердің аражігін ажыратып жатпады. Олар бітімгерлер бөлімшелеріне шабуылдап қана қоймай (ауған шекарасы маңындағы бір қақтығыста Қазақстанның 17 жауынгері опат болды), оларға атыс аймағынан тыс жерлерде де, мәселен базарларда оқ атып, қала көшелерінде көліктерін жарып, террорлық әрекеттер ұйымдастарды. Мұндай шабуылдар ел астанасы Душанбеде де жасалды.
Бұл соғысқа үкіметшіл жасақтар да араласты. Әсіресе, «Халық майданы» аталған жасақ ерекше көзге түсті. Олардың жетекшілері әскербасы рөлін атқарды. Душанбенің батысында орналасқан Турсунзаде қаласында (Орталық Азиядағы ең ірі алюминий зауыты орналасқан) қақтығыс жиі болып тұратын, ақырында тәжік армиясының 1-бригадасының жас командирі Махмұд Құдайбердиев бұл аудандағы билікті өз қолына алды.
Құдайбердиевтің отряды өте жақсы жаттыққан және қаруланған болатын, Турсунзаде қаласы үкімет қарауына өткенше Құдайбердиев мұнда билік жүргізіп, тіпті оны бекініс ретінде пайдалана отырып, үкіметтен бірқатар өзгеріс жасауды талап етті. Үкімет билігі әлсіз болғаны соншалық, Рахмон оның талабына көніп, Құдайбердиевті президент гвардиясының қолбасшысы етіп сайлады.
Тәжік армиясының басқа бөлімшелері де тәртіпке бағынбай кетті. 1996 жылдың желтоқсанында Гармге кетіп бара жатқан БҰҰ әскери бақылаушыларының екі тобын үкіметтің бақылау-өткізу бекетінде тоқтатады. Тәжік сарбаздары оларды сөзбен қорлап, алаңға алып келіп, сапқа тұрғызып, төбелерінен оқ атып мазақтайды. Бұл жылдары ағайынды Садировтардың бандасы сияқты топтар да болды.
1997 жылдың ақпанында ағасы мен бұл топтың басқа мүшелерін Ауғанстаннан Тәжікстанға өткізу үшін Бахром Садиров БҰҰ және Қызыл крест қызметкерлерін, Ресей журналистерін, кейін Тәжікстанның қауіпсіздік министрі Сайдимир Зухуровты тұтқынға алды. Үкімет тағы да бүлікшілердің талабын орындады, тұтқындар босатылды, ең таңғаларлығы - Садировтың бандасына қарсы соғысу үшін үкіметшіл күштер мен оппозиция жасақтары күш біріктірді.
Бұл соғыста бейбіт тұрғындар да оққа ұшты. Бас муфти Фатхулло Шарифзода мен оның отбасын 1996 жылдың қаңтарында атып кетті. Душанбе медицина мектебінің ректоры, 65 жасар Юсуф Исхакиді 1996 жылдың мамырында атты. Азамат соғысы кезінде 40-тан астам журналист қаза тапты, көбін қастандықпен өлтірді.
Соғыстың халыққа түсірген ауыртпалығы да орасан еді. Азық-түлік тапшылығы басталды. Солтүстіктегі Соғды облысында, Ферғана алқабының тәжікстандық бөлігінде салыстырмалы түрде тыныштық болды, бірақ азық-түлік жетіспеуінен 1996 жылдың мамырында Ура-Төбе мен Худжандта шерулер өтті.
Ура-Төбедегі шеру кезінде үкімет әскері халыққа оқ атып, бірнеше адам өлді. Сол жылы шілденің соңында Хорог қаласының маңында да бүлік шықты. Ол жолы Тәжікстанның соғыс болып жатқан аймақтарынан қашқан босқындарға келе жатқан гуманитарлық көмекке талас болған. Бүлік кезінде үш адам қаза тапты. Елде сүзек індеті тарап, денсаулық сақтау жүйесі ыдырауға шақ қалды.
Бейбітшілік келісіміне қол қойған соң да ұрыс-керіс болып тұрды, бірақ уақыт өте келе олар да басылды. Тәжікстан халқының көбі бұл жағдайларды ұмытқан жоқ. Соғыс халықты жұтатып жіберді, оның жарасы 20 жыл өтсе де жазылған жоқ. Ұмытқандар болса, үкімет еске салып отырады. Әсіресе сайлау алдында «бізге ризасыңдар ма, әлде азамат соғысы қайта болсын дейсіңдер ме?» деген сыңай танытады.
Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.