Accessibility links

Соғыс жесірлері жаңа пәтуадан жәрдем тапты


Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде ерінен айырылған Давлатмо Ходжаева. Көрнекі сурет
Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде ерінен айырылған Давлатмо Ходжаева. Көрнекі сурет
Тәжікстандағы бес жылға созылған азаматтық соғыс жарасының біржола жазыла қоюы неғайбіл. Қанды қақтығыстан соң 15 жыл өткен кезде соғыстың мыңдаған жесірлері өмірлерін жаңадан бастауға жәрдем берген елдің діни жетекшілері шығарған пәтуаға разы екендерін айтады.

Қанға бөктірген азамат соғысының алғашқы ұрыстары басталғанда қыстың басы болатын. Ол кезде жағдай бұдан да нашарлай түседі деген ой Азиза Саидованың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген.

ДАҒДАРЫС

- Маған бүкіл өмірім күйреп бара жатқандай көрінді, - деп суреттеді ол бес жылға созылған тәжік азамат соғысының алғашқы күндерін. - Қаламыз соғыстан күл-талқан болды. Күйеуімді атып тастады. 26 жасымда екі жасар баламмен жесір қалдым.

Соғыстың соңына қарай Тәжікстанның оңтүстігі мен шығыс аймақтарында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен мыңдаған ер-азаматтар мен жесір қалған 25 мың келіншектің ауыр ахуалы Азизаның да басына түсті.
Тәжікстандағы 1992-1997 жылдары болған азаматтық соғыс кезінде босып кеткендер.
Тәжікстандағы 1992-1997 жылдары болған азаматтық соғыс кезінде босып кеткендер.

Азиза Саидова сияқты әйелдердің көбі әлі де бала көтеретін жаста еді. Жас сәбиі соғыстың кесірінен әкесіз қалған 55 мың жетімнің қатарына қосылды.

Саидова сияқты көптеген әйелдер 1997 жылғы шілденің 27-сінде соғыс ресми аяқталған соң ары қарай өмір сүру жолдарын ойластыра бастады. Куляб қаласының оңтүстік бөлігіндегі мешіттің имамы Хомурад Раджабов елдің діни жетекшілерінен жесірлер халі бойынша кеңес сұрады.

- Азаматтық соғыс біте сала дүние астаң-кестең болды. Көптеген әйелдер күйеулерінің өлі-тірісін білмеді. Бізден ақыл-кеңес сұрап жатты. Айтыс-тартыс көбейді, - деп еске алады молда.

АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

Жесір әйелдер жергілікті үкімет пен халықаралық ұйымдардан гуманитарлық көмектер мен жұмысқа үйрететін бағдарламалар түрінде біраз жәрдем алды. Осы жәрдемнің өзі отбасын асырушы міндетін арқалауға мәжбүр болған әйелдердің халін сәл болсын жақсартты.

Әйелдер құқығын қорғаушы белсенді Хуринисо Чафурованың айтуынша, сол бір кезде жас жесірлердің өмірін қалыпты жағдайға түсіру үшін одан да көбірек жағдай жасау керек екендігі сезілген.

Кейбір әйелдер тағы да тұрмыс құрғысы келген. Бұл ойды отбасы мүшелері қолдағанымен, дәстүршілдер жаратпай тастаған.
Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде түсірілген сурет.
Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде түсірілген сурет.

Ахрори Шариф есімді журналист күйеуі 28 жасында опат болған Азиза Саидова:

- Күйеуім жастай қаза болған соң қайтадан тұрмысқа шығуымның қаншалықты дұрыс боларын біле алмадым, - дейді.

Молла Раджабовтың айтуынша, Тәжікстанның ислам орталығы мұсылмандық аясында әйелдердің өмірін реттеудің жолын іздеу үшін астанада бас қосқан соң бұл мәселе шешілген.

1997 жылы берілген пәтуада ислам орталығы көптеген әйелдерге жаңаша өмір сүруге кедергі болатын шектеулерді азайтып, жұмсартылған пәтуалар шығарып берген.

Әйелдің жұбайы қаза болған жағдайда бұрын бір жыл бойы қара жамылып отыру керек болса, жаңа пәтуа бойынша енді олар 4 ай 10 күн аза тұтуға міндетті болған. Жесір қалған келіншектің алдыңғы күйеуінен бала көтермегендігіне көз жеткізуге осы мерзім жеткілікті, бұдан соң ол тағы да тұрмыс құруға ерікті деп жарияланған.

- Ал егер аяғы ауыр болса, келіншек баланы босанғанша күтуге міндетті. Босанып алған соң, қаласа, тұрмысқа қайтадан шыға алады, - деп түсіндіреді Раджабов.

ІЗ-ТҮЗСІЗ КЕТКЕНДЕРДІҢ ӘЙЕЛДЕРІ

Жаңа пәтуа күйеулері хабар-ошарсыз кеткен әйелдер үшін де қолайлы.

- Кейбір ислам дәстүрі бойынша, күйеулері із-түзсіз жоғалып кеткен әйелдер жұбайының жасы 99-ға толғанша күтуге міндетті. Ал Тәжікстанның ислам орталығы қалыптасқан жағдайды ескеріп, «күйеуі жоғалған әйелдер жұбайларын 4 жыл күтуге міндетті» деп пәтуа берді. Төрт жылдан соң да күйеулерінен ешқандай хабар болмаса, әйелдер қайтадан тұрмыс құруға хақылы, - дейді Раджабов.

Молдалар сонымен қатар қайтадан тұрмысқа шыққысы келетін әйелге «кейінгі күйеуі бұрынғы жұбайының туысы болуға міндетті» деген талап қоймайды. Сондықтан әйелдер ерлерін өздері таңдауға ерікті.
Азиза Саидова, азаматтық соғыс кезінде жесір қап, қайта тұрмыс құрған тәжік әйел. 2012 жыл
Азиза Саидова, азаматтық соғыс кезінде жесір қап, қайта тұрмыс құрған тәжік әйел. 2012 жыл

Әлбетте, көптеген әйелдер қайта тұрмыс құруды қаламаған. Олардың көбісі әлі де күйеуіміз оралады деп күтеді. Кейбір келіншектер дәстүрге берік болып, күйеулерін аза тұтып, қалған өмірлерін балаларына арнап отырғандықтан оларды ел-жұрт мақтап жатады.

Бірақ 32 жасында қайта үйленіп, екінші күйеуінен екі балалы болған Азиза сияқты мыңдаған жас жесірлерге діни тұлғалардың осы мәселеге араласуы көп жәрдем болды. Әйелдер соның арқасында қайтадан отбасылы болды.

- Молдалар бізге не керегін айтып, түсіндіреді. Олар бізге өмір жалғасуға тиіс екенін, аза тұту мерзімі 4 жыл 10 күн екенін, күйеуі өлген әйел осы мерзімде қара жамылып, аза тұтуға міндетті екенін айтты. Осы мерзім біткен соң жесірге өзінің көңілінен шығатын күйеу іздеп табуға әрекет етуге рұқсат екенін ұқтырды, - дейді олар.

(Мақаланы қазақшалаған – Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG