Accessibility links

Түркияда тәжік оппозициялық саясаткерін өлтіріп кетті



Умарали Куватовқа қастандық жасалған көше. Стамбул, 6 наурыз 2015 жыл.
Умарали Куватовқа қастандық жасалған көше. Стамбул, 6 наурыз 2015 жыл.

Стамбулда Тәжікстанның оппозицияшыл "Группа 24" ұйымының жетекшісі Умарали Куватов қастандықтан қаза тапты

"Стамбулда, наурыздың 6-сына қараған түні, Тәжікстанның "24 тобы" (Group24) оппозициялық ұйымының жетекшісі, қуғындағы кәсіпкер Умарали Куватовты атып кетті" деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі.

Түркия билігінің ақпаратына қарағанда, 47 жастағы Куватовты Стамбулдың Фатих ауданында белгісіз біреу атып кеткен. Куватовтың серіктерінің бірі Шарофиддин Гадоевтің Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, "Куватов басына тиген оқтан оқиға орнында жан тапсырған".

Түркияның haberler.com порталында оппозициялық саясаткерге қастандық жасалған жерден түсірілген видео жарияланды. Онда жедел жәрдем көлігі марқұмның денесін әкетіп бара жатқаны түсірілген.

Haberler.com Умарали Куватовқа қастандық жергілікті уақыт бойынша сағат 22.30-да Стамбулдың Фатих ауданында бір танысымен кешкі ас ішіп, көшеге шыққан кезінде жасалғанын жазады. Сайт "белгісіз біреу оның басынан атып, ізін суытқанын" айтады. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Куватовпен бірге тамақтанған Сулейман есімді адам жоғалып кеткен. Саясаткердің өлімін Стамбул полициясының терроризммен күрес бөлімі тергеп жатыр.

Умарали Куватов.
Умарали Куватов.

Шарофиддин Гадоев "қастандыққа дейін Тәжікстанда белгісіз біреулердің Куватовты уламақ болғанын" айтады.

"24 тобы" ұйымының жетекшісі Куватов пен оның үш серігі 2014 жылы желтоқсан айының ортасында Стамбулда белгісіз адамның шағымы бойынша ұсталып, биыл ақпан айының басында босатылған еді.

Бұған дейін Тәжікстан ішкі істер министрлігі Түркия билігінен Куватовты экстрадициялауды сұрағаны хабарлаған еді. Қаңтардың 16-сы күні Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода "тәжік билігінің Куватовты "экономикалық қылмыстар жасады" деген айыппен сұратып отырғанын" айтқан. Умарали Куватов құрған «24 тобы» Тәжікстанда экстремистік деп танылып, оған тыйым салынған.

Тіркелмеген "24 тобы" саяси ұйымы төрт жыл бұрын Мәскеуде, Куватов Тәжікстаннан осы қалаға кетіп қалғанда құрылған. Ұйым жетекшілері өздерін президент Эмомали Рахмон режиміне наразылар ретінде сипаттайды.

Мәскеудегі Біріккен Араб Әмірлігі елшілігі алдында Умарали Куватовтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп тұр. Ресей, 25 желтоқсан 2012 жыл.
Мәскеудегі Біріккен Араб Әмірлігі елшілігі алдында Умарали Куватовтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп тұр. Ресей, 25 желтоқсан 2012 жыл.

Куватов бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның туыстарының сауда әріптесі болған. Коммерциялық мәселелер бойынша туындаған келіспеушіліктен соң ол елден кетіп, "24 тобы" ұйымын құрды. Куватов БАҚ пен әлеуметтік желілерде Тәжікстан үкіметін қатаң сынаған соң Душанбенің ресми сұрауы бойынша 2012 жылдың аяғында Дубайда да ұсталып, біраз уақыттан соң босатылған.

Умарали Куватов 2014 жылы қазанның 10-ы күні Душанбе тұрғындарын митингіге шығуға үндеп, осыған байланысты қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қала маңына әскери техникаларға дейін қойылған еді. Кейін Тәжікстан билігі оның Шарофиддин Гадоевпен және «24 тобындағы» басқа да серіктерімен "телефон арқылы сөйлескен әңгімелерін" жариялаған. Тәжікстан билігі жариялаған жазбада "Соғды облысының орталығы Ходженд қаласына қарулы шабуыл жасауға дайындық" жайы "айтылады".

XS
SM
MD
LG