Accessibility links

Араб толқуынан соң тәжік билігі қозғалақтай бастады


Тәжікстанда өткен бірінші флэш-мобтан көрініс. Душанбе, 8 сәуір 2011 жыл
Тәжікстанда өткен бірінші флэш-мобтан көрініс. Душанбе, 8 сәуір 2011 жыл

Егер араб елдеріндегі демократияны талап еткен шерулер Орталық Азияға тарайтын болса, халық толқуы бірінші Тәжікстанда болуы мүмкін деп болжайды жергілікті тәуелсіз сарапшылар мен журналистер.


Таяуда Душанбеде әлеуметтік проблемаларға назар аудару үшін өткен бірінші флэш-моб көпшілікке ой салып, азаматтық қоғам мен демократияның дамуына қатысты түрлі пікірлерге түрткі болды.

БЕЛСЕНДІ ТӘЖІК БЛОГШЫЛАРЫ

Орталық Азия елдерінің блогшылары мен тәуелсіз ақпарат құралдарының араб елдеріндегі халықтық толқулардың осы аймаққа жету мүмкіндігі туралы мақалалары мен пікірсайыстары көбейіп келеді.

Бұл тұрғыда кейбір сарапшылар жаппай наразылық шаралары тууы мүмкін ел ретінде Тәжікстанды қарастырып отыр.

Билік елдегі жағдай нашар дегенді жоққа шығарғанымен де, соңғы апталарда кейбір әлеуметтік топтардың наразылығын басу үшін қоғамдық ахуалды жақсартуға тырысты.

Тәжікстанда бірінші рет интернет қолданушылардың шағын жиыны флэш-моб өткізіліп, аздаған наразы топ Facebook («Фэйсбук») арқылы айтылып жатқан пікірлерін ортаға салды.
Шам жағып отырған үйдің көрінісі. Хатлон ауданы, 11 сәуір 2011 жыл
Сәуірдің 8-де 30 шақты адам Душанбедегі мемлекеттік энергетика агенттігінің алдына барып, елдегі электр қуатының тапшылығына наразы екенін білдірді. Олар үкіметтегі непотизм мен коррупциялық істерді айыптады.

Наразылық шарасына шыққандардың көбі негізінен 20-лар шамасындағы жастар болды. Олар елдегі азаматтардың қазіргі көңіл күйін билікке жеткізгісі келді. Тәжік үкіметінің соңғы кездегі электр қуатын пайдалануды шектеу шаралары елдегі белең алған жұмыссыздық пен азаматтық еркіндіктердің тұсауланып отырғанына наразы кейбір отбасыларға қосымша салмақ боп түсті.

ЕЛДІҢ ЖАРТЫСЫ КЕДЕЙЛІК ТАУҚЫМЕТІН ТАРТЫП ОТЫР

Ресми көрсеткіштерге қарағанда, Тәжікстандағы кедейлік деңгейі 50 пайызды құрап отыр.

Жергілікті тәуелсіз ақпарат құралдары билікті халықтың жағдайына қажетті түрде мән бермей отырғанын ескертіп, араб елдеріндегі толқуларды үкіметтің есіне салды.

Билік тым кеш болмай тұрғанда, қарапайым халықтың проблемасына көбірек назар аударуы тиіс. Әйтпесе, электр қуатының тапшылығы сияқты мәселелер мың күн сынбайтын шөлмекті бір күнде сындыруы мүмкін деп жазды Озодагон апталығы.
Раджаб Мирзо, тәуелсіз тәжік журналисі
Тәжікстандық тәуелсіз журналист Раджаб Мирзоның айтуынша, қазіргі заманда интернет пен әлеуметтік желілер арқылы адамдар еркін пікір бөлісетін кеңістік ұлғайған сайын Орталық Азияның өктемшіл жетекшілеріне оңай бола қоймайды.

Google-мен өскен жас толқын өзгерістерді, алғабасу мен жаңа мүмкіндіктерді талап ете береді дейді Мирзо. Facebook, Twitter және осы сияқты әлеуметтік желілер жастардың байланыс орнатып, ақпарат алмасуына зор мүмкіндік беріп отыр.

АРАБ ӘЛЕМІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ДА ТӘН

Араб жастарын көшеге шығарған әлеуметтік мәселелер Орталық Азияда да толып жатыр. Аймақтағы табиғи ресурстарға бай, бірақ демократиялық реформалары жоқ, коррупция мен кедейлік жайлаған елдердің жетекшілері билікте ұзақ жылдар бойы отыр.

Орталық Азияда ондай көтеріліс Қырғызстанда болып, бұрынғы советтік екі президентті шерушілер биліктен кетірген.

Тәжікстан билігі елде ондай көтерілістер бола қоймайды деген сенімде. Елдің сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи өткен аптада журналистерге берген сұқбатында, Орталық Азияда осындай көтерілістерге әкеліп соқтыратын жағдайлар жоқ деді.

Бірақ журналист Мирзо Ливия жетекшісі Муаммар Каддафи де нақ осылай деп айтқан, бірақ бүгін онда болып жатқан жайттарға қараңызшы дейді.

- Таяу Шығыста болып жатқан жағдайлар тез басталып кетті. Ешкім оны алдын-ала болжай алмады. Тунистегі оқиғалардан соң Каддафи немесе аймақтағы басқа да жетекшілер толқулардың өз елдеріне жететінін білмеді, - деді ол.

ТӘЖІК БИЛІГІНІҢ ІС-ӘРЕКЕТІ

Тәжік билігі соңғы апталарда қоғамдағы ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар реформалар мен өзгерістер жасап, рақымшылықтар жариялады. Мұны тәуелсіз ақпарат құралдары үкіметтің өзіне қатысты сынды азайту үшін жасаған әрекеті деп бағалап отыр.

Қамауда отырған оппозицияның бұрынғы жетекшілері Фатулло Хариддинов пен Назар Йормухаммадов өткен айда түрмеден шығарылды.

Тәжік соты 2009 жылы Тавилдара ауданындағы қауіпсіздік операциясынан кейін қамауға алынған оппозицияны қолдаушы ондаған адамның ісін қайта қарай бастады.
Тавилдара ауданы кезінде исламшыл оппозицияның бақылауында болған аймақ. Бұл жерде қауіпсіздік күштерінің оппозиция жетекшілерін қамауға алуы наразылық шарасына түрткі болған. Бұрынғы төтенше жағдайлар министрі, оппозиция жетекшісі марқұм Мирзо Зиоевтың бірнеше туысы қамауға алынғандар қатарында болды.
Тавилдарадағы қақтығыс кезінен көрініс
Экс-министрдің бауыры Абдулсамад Зиоев пен оның көршісі Махсиддин Мухиддинов үкіметті құлатпақ болды деген айыппен абақтыға жабылған. Ол екеуі де өткен аптада бостандыққа шығарылды. Мирзо Зиоевтің екі баласына берілген жаза мерзімі екі есе қысқарды.

Президент Эмомали Рахмон 1990 жылы үкіметке қарсы бірінші шерулерден кейін-ақ қабылдаған әлеуметтік және саяси жағдайды тұрақсыздандырғандар үшін қолданылатын қылмыстық жауапкершілік заңының күшін жойды.

Ол заң бойынша оппозициялық шерулерге жол берілмей, қоғамдық жиындарды ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын.

Эмомали Рахмонның мұрагері ретінде айтылып жүрген үлкен ұлы Рустам биліктегі Халықтық демократиялық партия құрамынан шығып кетті.

Бірақ биліктің мұндай өзгеріс жасауы елдегі наразылық акцияларына тосқауыл бола ала ма?

Зафар Суфи, тәжік журналисі. 2 ақпан 2010 жыл
«ЕЛДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫ ЖАҒДАЙ ЖОҚ»


Тәуелсіз тәжік журналисі Зафар Суфидің сөзіне қарағанда, адамдар жеткілікті жалақысы бар жұмыс орнын құру, сыбайлас жемқорлық мен непотизмге қарсы күрес, сөз еркіндігінің шектелуі сияқты өз проблемаларын шешетін нақты шаралардың жасалуын қалайды.

- Бізде жұмыс істеп тұрған үлкен фабрика-зауыттар жоқ. Совет одағы кезіндегі фабрикалар, алюминий зауытынан басқасы, түгел жабылды. Бізде Душанбеде өте үлкен мақта-мата фабрикасы болған. Бүгін ол жерде енді тіпті шұлық та шығармайды. Оның бәрі Қытай мен Өзбекстаннан келеді, - дейді Суфи.

Тәжікстандық тәуелсіз журналист Раджаб Мирзоның ойынша билік елдің көңілін табамын десе сөз еркіндігі мен саяси ашықтық жариялауы тиіс.

- Үкіметтің ақпарат құралдарындағы сөз еркіндігі мен саяси оппоненттерін басып тастау әрекеттері кері әсерін тигізеді. Ақпарат өкілдерінің аузын жабу арқылы билік елдегі шынайы жағдайдан бейхабар қалып отыр. Адамдардың ойында не бар екенін білмеген ел жетекшілері терезе сыртынан оқ атылғанша күтіп отырмай, халықты тыңдауы тиіс, - дейді тәуелсіз журналист.
XS
SM
MD
LG