Accessibility links

Халимовтың аты-жөні Интерполдың сайтынан жоғалып кетті


Тәжікстандық арнайы жасақтың бұрынғы командирі, қазір «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының мүшесі Гулмурод Халимов.
Тәжікстандық арнайы жасақтың бұрынғы командирі, қазір «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының мүшесі Гулмурод Халимов.

Тәжікстандық арнайы жасақтың бұрынғы командирі, қазір «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының мүшесі Гулмурод Халимовтың есімі Интерполдың ресми сайтындағы іздеуде жүрген адамдар тізімінен табылмады.

Интерпол полковник Гулмурод Халимовты 2015 жылдан бері іздеуге берген еді. Онымен бірге ондаған тәжік азаматтары терроризм мен қылмыстық топтарды құрды деген айыппен халықаралық іздеуде жүрген.

Интерполдың сайтында шілденің 16-сы, жексенбі күні «Тәжікстан» деген бөлімінен 100 шақты тәжікстандықтың есімі тұрды. Олардың 16-сы адам зорлау, есірткіні заңсыз сату және терроризм бойынша айыпталады.

Интерполдың деректері бойынша, бұл адамдардың барлығы Тәжікстанның өтініші бойынша ізделіп жатыр. Олардың арасында елде тыйым салынған Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясының жетекшісі Мұхиддин Кабири де бар. Билік оны терроризммен айналысты, қылмыстық топ құрып, алаяқтық жасады деп айыптайды. Кабири мен оның жақтастары тағылған айыпты мойындамайды.

Интерпол сайтындағы Мұхиддин Кабириге іздеу жарияланған хабарландыру.
Интерпол сайтындағы Мұхиддин Кабириге іздеу жарияланған хабарландыру.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары «авторитарлық режимдер саяси қарсыластары мен басқаша ойлайтындарды қудалау үшін Интерполды жиі қолдана бастады» деп мәлімдеген еді.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі шілденің 16-сы күні «Гулмурод Халимов әлі де іздеуде жүр» деп мәлімдеді, Интерполдың қандай себеппен оның есімін тізімнен өшіргенін білмейтінін хабарлады. Министрліктің ресми сайтында Халимовтың аты-жөні жазылған суреті әлі тұр, олар бұрынғы командирді тұтқынға алғанша немесе оның қазасы расталғанша іздеуден алмайды.

Тәжікстандағы Интерпол өкілі де халықаралық полиция тізімінен Халимовтың есімі кенеттен өшірілгеніне таң қалатынын айтты. «Басқа ондаған тәжіктер тәрізді ол да іздеуде жүр, оның өлгенін немесе қолға түскенін ешкім ресми растамады. Бұл жерде техникалық қате кеткен болар» деді ол.

Интерпол осы мәселеге қатысты Азаттықтың ресми сауалына жауап бермеді. Бір жыл бұрын Тәжікстан билігі елдің 342 азаматы Интерпол арқылы іздеуде екенін айтқан. Оның 275-і экстремизм мен терроризм бойынша айыпталған.

Кейде Интерполдың нұсқауымен қазіргі тәжік билігінің саяси қарсыластары да тұтқындалған. Тәжікстанның бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдуллажанов 2013 жылы Интерполдың өтінішімен украиналық Борисполь әуежайында ұсталып, екі ай қамауда отырған соң оны босату туралы шешім шықты.

Тәжікстанның бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдуллажанов Борисполь сотында тұр. Украина, 2 шілде 2013 жыл.
Тәжікстанның бұрынғы премьер-министрі Абдумалик Абдуллажанов Борисполь сотында тұр. Украина, 2 шілде 2013 жыл.

«Группа 24» тобының бұрынғы жетекшісі Умарали Кувватов та Интерполдың сұрауы бойынша екі мәрте – 2013 және 2014 жылдары Дубай мен Стамбулда қолға түскен. 2015 жылдың тамызында Собир Валиев те Интерполдың іздеуі бойынша Молдавияның астанасы Кишиневте әуежайда тұтқындалып, 40 күн қамауда отырған соң босатылған.

Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылдың сәуірінде кенеттен жоғалып кетті, мамырдың соңында ИМ жасағына қосылғанын мәлімдеген. Сирияда түсірілгенге ұқсайтын бейнебаянда Халимов биліктің саясатына наразылық ретінде әсіредіншілдерге қосылғанын айтады. Халимов былтыр жазда ИМ әскери министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.

Тәжікстан билігі полковникті «отанына опасыздық жасады» деп айыптап, Интерпол арқылы іздестіріп жатыр. АҚШ Гулмурод Халимовтың орналасқан жері туралы ақпарат берген адамға 3 миллион доллар сый тікті.

Ал Times журналы биыл сәуірдің 15-і күні «Гулмурод Халимов Мосулдың батысындағы авиасоққы кезінде қаза тапты» деп жазды. Бірақ Душанбе бұрынғы командирдің қазасы туралы ақпарат алмағандарын айтады.

Гулиурод Халимов (сол жақтан екінші) пен өзге тәжік "жиһадшылары".
Гулиурод Халимов (сол жақтан екінші) пен өзге тәжік "жиһадшылары".

Маусым айының соңында Гулмурод Халимовтың 18 жасар ұлы Бехруз Гулмурод ИМ қатарына қосылуға әрекет жасағаны үшін 10 жылға сотталды. Шілденің 5-іне қараған түнде жасалған арнайы операция кезінде Тәжікстанның арнайы қызметі Восе ауданының Ибрати қышлағында Гулмурод Халимовтың бауырлары Султонмурод және Фозил Халимов, жиені Афзал Абдурашидов пен алыс туысқаны Наим Рахмоновты өлтірді. Али Халимов (Султонмурод Халимовтың ұлы), Комил Халимов пен Назир Халимов қолға түсті.

XS
SM
MD
LG