Accessibility links

Интерпол тәжік саясаткеріне іздеу салды


«Тәжікстанның ислам өркендеу партиясының» төрағасы Мухиддин Кабири. Душанбе, 28 қаңтар 2010 жыл.
«Тәжікстанның ислам өркендеу партиясының» төрағасы Мухиддин Кабири. Душанбе, 28 қаңтар 2010 жыл.

Тәжікстанда тыйым салынған «Тәжікстанның ислам қайта өрлеу партиясының» (ТИҚП) төрағасы Мухиддин Кабириге Интерпол іздеу жариялады.

Интерполдың сайтында Мухиддин Кабиридің екі фотосуреті және қысқаша өмірбаяны шықты. Кабириге «терроризммен айналысты, қылмыстық және алаяқтық топ құрды» деген айыптар тағылған.

2015 жылдың наурыз айынан бері шетелде қашып жүрген 51 жастағы Мухиддин Кабири былтыр парламент сайлауында партиясы депутаттық екі орыннан айырылғаннан кейін елден кеткен еді. Ол 2015 жылдың қыркүйегінде жақтастары тұтқындалғанға дейін Түркияда бой тасалаған.

Тәжік билігі Мухиддин Кабири еуропалық елдердің бірінде тығылып жүр деп есептейді. Душанбедегі Еуропа Одағының өкілдігі мен АҚШ елшілігі ғимаратының алдында әйелдер мен жастар бірнеше рет жиналып, оны Тәжікстанға қайтаруды талап етіп акция өткізген.

2016 жылдың маусым айында Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазон Рахимзодо Интерполмен келіссөз жүргізіп, Мухиддин Кабириді тұтқындау мен экстрадициялау жолында жұмыс істеп жатқандарын мәлімдеген болатын. Ол жолы ішкі істер министрлігі басшысы Кабириге қандай айып тағылып отырғанын ашып айтпаған еді.

Интерполдың Мухиддин Кабириге іздеу салуы.
Интерполдың Мухиддин Кабириге іздеу салуы.

Өткен жылдың 17-і қыркүйегінде Тәжікстанның бас прокуратурасы «ТИҚП-тің қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзода жасаған былтырғы бүлікке байланысы бар» деп мәлімдеген. Ол мәлімдемеде «Мухиддин Кабиридің тікелей тапсырмасымен Абдухалим Назарзодо 20 дан астам шағын қылмыстық топ құрып, оларға басшылық еткен. Қарулы шабуыл жасау жөніндегі тапсырма тамызда түсіп, ол үшін әртүрлі қорлардан көлемді қаражат берілген» делінеді.

Мухиддин Кабири Тәжікстан бас прокуратурасының ол мәлімдемесін мойындаған жоқ. «Менің және менің партиямның ол оқиғаға еш байланысымыз жоқ. Халықаралық іздеу жариялап, қолға түсіру үшін түк қатысымыз болмаса да билік бізді осы шабуылы жасады деп жала жауып отыр» дейді Кабири.

2015 жылы қыркүйектің 4-і күні Тәжікстанда Вахдат қаласының полиция бөлімшесі мен Душанбе әуежайы маңындағы полиция бекеттеріне қарулы шабуыл болған. Оны қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Абдухалим Назарзода мен оппозиция күштері ұйымдастырды делінген. Сол күні Душанбеден 50 шақырым қашықтағы Рамит шатқалына барып бекінген қарулы топқа қарсы билік операциясы 12 күнге созылған. Арнайы операция нәтижесінде, Назарзода мен оның 30 шақты жақтасы және билік тарапынан 14 сарбаз оққа ұшты деп жарияланған. Оқиғадан соң ресми мәлімет бойынша, 150 адам тұтқындалды, 200 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды делінген.

Генерал-майор Абдухалим Назарзода.
Генерал-майор Абдухалим Назарзода.

Мухиддин Кабири ТИҚП ұйымына 2006 жылдан бері жетекшілік етеді. Оған дейін партияны Саид Абдулло Нури басқарған. Кабири осы партияға тыйым салынған 2015 жылға дейін Тәжікстан парламентіне екі рет депутат болып сайланған.

Қазіргі уақытта Интерпол желісі бойынша Тәжікстанның 342 азаматына іздеу жарияланған. Олардың арасынан 275 адамға экстремизм мен терроризм айыбы тағылған.

Мухиддин Кабириге Интерпол бойынша іздеу жарияланып жатқан шақта осыдан тура бір жыл бұрын қарулы шабуыл жасап, Рамит шатқалында қаза болған Абдухалим Назарзоданың туыстарымен Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілері тілдескен. Назарзодоның жиені Фируз Назаров тергеуге шақырылғандарын айтады. «Құдайға шүкір, бәрі өтті. Бір үзім нан болса жеткілікті екен. Енді тек болашақты ойлау керек» дейді ол.

Былтырғы қыркүйек оқиғасынан соң Абдухалим Назарзоданың 100-ден астам туыстары тергеуге алынып, 10 шақтысы түрмеге қамалған.

«ТИҚП ұйымына қатысы бар және былтырғы қарулы шабуылмен байланысы бар» делінген азаматтарды Интерпол арқылы іздеуге құқық қорғау ұйымдары оларды айыптаудың астарында «саяси себеп» бар деп есептейді. Украина, БАӘ, Түркия және Молдова бұған дейін Тәжікстан айыптап, экстрадициялауды сұраған тұлғаларды Душанбеге бермеген.

Азаттықтың Тәжік қызметі материалдары негізінде әзірленді.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG