Келіншек енді уайым-қайғыға салынып, жалғыз баласын жесір күйінде өсіргісі келмейді.
Гулкадах ауылдас жігіт Кудратулло Гуловқа 2008 жылы тұрмысқа шыққан. Екеуінің отбасылық бақыты тура алты жылға - ері Сириядағы ИМ содырларының бірімен байланысқан кез - 2014 жылғы қазанға дейін жалғасты.
МИГРАЦИЯДА ЖҮРІП СИРИЯҒА КЕТКЕН
Тамыздың 15-інде Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісімен сұхбатында келіншек күйеуінің ақша табу үшін Ресейге үйленгенге дейін де кетіп жүргенін, ал тойдан кейін сөмкесін жинап, тағы миграцияға аттанғанын айтты. Ол Мәскеудегі жеміс-көкөністі қайта өңдеу кәсіпорнында бес жерлес жігітпен бірге жұмыс істеген.
Гулкадахтың сөзінше, ерінің жат жердегі тыныс-тіршілігінен оның онша хабары болмаған. Онымен телефон арқылы оңаша сөйлесуге де ешқашан мүмкіндік болмаған.
Кудратуллоның Ресейдегі өмірі жайлы ол қайын енесінің әңгімелерінен ғана біліп отырған. Оның Ресейде емес екенін, ИМ ұйымына қосылу үшін Сирияға кеткенін де телефон арқылы баласымен қысқа сөйлескен енесінен естіген. Бұл 2014 жылы болған оқиға. Шамамен бір жылдан кейін билік Кудратуллоның қаза тапқанын хабарлап, дәлел ретінде марқұмның фотосуретін көрсеткен.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚ
Гулкадах Гаффорованың айтуынша, ерінің қазасы жайлы хабардан кейін ол күйініштен төсек тартып жатып қала жаздаған. Бауырының ескі дерті қозып, былтыр операция жасатуына тура келген. «Күйеуім бәрін – үйін, отбасын, баласын тастап, күдікті жолға түсіп, неге адасты?» деген сұрақ оны әлі мазалайды.
Кудратуллоның қазасынан кейін Гулкадах бір жыл ата-енесімен бірге тұрған, ал кейін 8 жастағы қызын алып әкесінің шаңырағына оралған. «Марқұм күйеуімнің үйінде қалу тіпті қиын болып кетті. Көршілер «жихадшының» әйелі деп көзіме шұқитын болды. Вахша ауданындағы Таджикабад қышлағындағы әкемнің үйінде тұрып жатқаныма бір жылдан асты. Ара-тұра іс тігіп тапқан нәпақамның арқасында күнелтіп отырмын» дейді ол.
«СӨЗ САЛҒАН ЖІГІТІМ БАР»
Гулкадах енді қайғыға салына бермей, жаңа өмір бастағысы келеді. «Әлі жаспын ғой, жуырда 28-ге толдым. Тұрмысқа шығамын, бір жас жігіт сөз салып жүр. Марқұм күйеуім бізді тастап, Сирияға соғысқа кеткенін оған жасырмай айтып бердім. Соның кесірінен қилы дертке шалдықтым. Енді бәрі бітті, «Жетер! Өзімді, бақытымды ойлауым керек!» деп ұйғардым» дейді ол.
Келіншек «сөз салып жүрген жігіт - өте қамқор, сондықтан нағыз сүйенішіме айналатын шығар» деп үміттенеді.
МАВДЖИДІҢ ТАҒДЫРЫ
Ері Сирияда өлгеннен кейін жеке өмірін күйттеуді ұйғарған жалғыз Гулкадах емес. Бохтар ауданы Гулзор қышлағының тұрғыны Мавджи Хокимова да Сирияға кеткен ерінің сол жақта қаза тапқанын екі жыл бұрын естіген.
Мавджидің күйеуі Мәскеуде Кудратулломен бірге жұмыс істеген. Әйел «тым жастай жесір қалдым» дейді. Ол ИМ содырларының жесірлерінің тағдырын сан-саққа жүгірткен жұрттан кейде жақтырмаған сөздер де естіп қалады.
«...АЛ АЗАБЫН БІЗ ТАРТЫП ЖАТЫРМЫЗ»
Талай жыл мектепте мұғалім әрі махалла төрағасы болып жұмыс істеген Кубодиён ауданының тұрғыны Азимджон Алимардоновтың айтуынша, отбасының бес мүшесі – екі ұлы, келіні, қызы мен күйеубаласы Сирияға кеткен 2014 жылы оның да өмірі күрт өзгерген. Ақыры ауылдастарына көрінуден ұялып, мектептегі жұмысын тастауына тура келген.
«Күйеуімен Мәскеуде тұрып жатқан қызым аяқастынан хабарласуды қойып кетті. Ресей астанасында жұмыс істейтін ұлым да хабарсыз кетті. Құқық қорғау органдары олардың іздері Сириядан табылғанын айтты» дейді ол.
Душанбе ішінде әйелдер мен балалар да бар 1100-ден астам тәжікстандық азаматтың соғысқа қатысу үшін Таяу Шығысқа кеткенін және олардың жартысына жуығы – Хатлон облысының тұрғындары екенін бірнеше мәрте хабарлаған. Қазіргі кезде Сирия мен Иракта Хатлонның 60 тұрғыны мерт болғаны мәлім болып отыр. Қалған отбасылар туғандарының амандығын біле алмай, үмітпен өмір сүріп жатыр.
(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды).