Ресми дерекке сәйкес, Сирия мен Иракта 200-ге жуық тәжік әйелі жүр әрі көбінің күйеуі шайқаста қаза тауып, жесір қалған.
Тамыздың 9-ы күні әйелдер комитетінің өкілі Махбуба Азимованың Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, отбасында әлгі әйелдердің қадірі болмаған, олар отбасы мүшелеріне күң сияқты қызмет етіп, қорғансыздың күйін кешкен.
«Соғыс жүріп жатқан аймақтарға жалған үгіт-насихатқа еріп немесе алдау-арбау арқылы барған әйелдер аз. Бірақ өзге әйелдер ері мен аға-бауырларының ырқынан шыға алмай кеткен. Ал қазір - күйеулері қайтыс болғаннан кейін олардың көбінің басына қиын-қыстау заман туған. Олар соғыс болып жатқан жерден кеткісі келеді, бірақ енді оның амалын табу қиынға түседі» дейді ол.
Тәжік әйелдерінің көбі Таяу Шығысқа Хатлон және Соғды облыстарынан кеткені анықталды. Мысалы, Таяу Шығысқа Соғды облысынан кеткен 73 отбасының ішінде 80 әйел мен 32 бойжеткен қыз бар. Ал «Ислам мемлекеті» ұйымына Хатлон облысынан қосылған 43 отбасының ішіндегі 47 әйелдің 23-і - бойжеткен қыз.
Екі жыл бұрын Сирияға ерімен бірге кеткен жас келіншектердің бірінің анасы Джамолби Сафарова Әйелдер ісі комитеті деректерімен келіседі. Оның айтуынша, Фархор ауданында тұрған 28 жастағы қызы озбыр күйеуінің теперішінде өмір сүрген. Күйеуі Сирияға кетіп, бір айдан кейін келіншегін шақырып алған. Бірақ 9 ай бұрын ері шайқаста мерт болып, жас келіншек пен екі баласы қиын жағдайға тап болған.
Джамолби Сафарованың айтуынша, күйеубаласы қызына әуелі «Түркияға жұмыс істеуге кетеміз, бірақ мұны кім көрінгенге айта берме» деп ескерткен. «Бірақ қызым Түркиядан Сирияға кететінін түсініп, қарсыласа бастаған кезде күйеуі соққыға жыққан. Қазір ол айына 1-2 рет телефон соғып, жылайды. Бірақ енді елге келе алмайды» дейді ол.
Енді Джамолби Сафарова ел билігінен қызы мен жиендерінің Сириядан оралуына көмектесуді сұрап жүр.
Бохтар ауданында тұратын Ашурмо Саидалиева отбасындағы жағдайды айтып берді. Оның бауыры Махмадшариф әйелі мен үш баласын алып, Сирияға былтыр кеткен. Бірақ оның келіні күйеуінен өзі қалмай қойған. «Келінім Сириядағы жағдай туралы ештеңе білген жоқ, дені дұрыс жерге бара жатырмын деп ойлаған. Олар әуелі Түркияға, кейін ол жақтан Сирияға кеткен» дейді ол. Ол жігіт те Сирияда қаза тапқан, ал әйелі мен бала-шағасының тағдырынан хабар жоқ.
Тәжікстандық әлеуметтанушы Мәриям Давлатова тәжік отбасыларының көбінде қыз бала мен әйелдердің отбасындағы ересек ер кісілерге толық тәуелді болатынын айтады. Ол осының кесірінен тәжік қыз-келіншектері тәуелсіз өмір сүруге дағдыланбайды деп санайды.
«Біздің әйелдерді ер адамға күң сияқты бағынуға тәрбиелейді. Оларға әйел шешім қабылдап немесе біреуге кеңес бере алмайды деген ойды сіңіріп тастайды. Мұның екі қыры бар. Біріншісі – әйел шаңырағын шайқалтпауы, екіншісі – оның өзіндік пікірі болмауы тиіс. Сондықтан әйелдің таңдау еркі жоқ. Бір жаққа бару-бармау жағын ол шешпейді. Қаласын, қаламасын, ерінің айтқанын қалт етпей орындауы тиіс, ер адамдар әйелдерге тіпті қайда бара жатқанын айтпауы мүмкін. Ал ол ерінен мұны тіпті сұрай да алмайды» дейді әлеуметтанушы.
Әйелдер ісі жөніндегі комитет дерегінше, Таяу Шығысқа ерімен бірге кеткен әйелдердің көбінің жоғары білімі жоқ.
«Ислам мемлекеті» ұйымы бақылауындағы елдерге бір мыңнан көп тәжікстандық кеткен, оның әр бесіншісі – әйел. Туыстарының айтуынша, көбінің күйеуі қаза тапқан, ал оның артында қалған әйел, бала-шағасының тағдыры беймәлім.
Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісі Мумин Ахмадидің мақаласы орыс тілінен аударылды.