Резина қолғап киіп, қолдан жасалған маска таққан орта жастағы Зиода есімді әйел Орталық Азиядағы ең көне шаһарларлың бірі – Худжанд қаласының маңындағы базарда көк-сөк сатып тұр.
Ежелгі Жібек жолында ғасырлардан келе жатқан дәстүр бойынша ол алушылармен саудаласады, кейбіреулері жай әңгіме-дүкен құрса, енді бірі Зиоданың сөресінде тұрған бұрыш, пияз, сарымсақтан таңдап алып кетеді. Алушылардың кейбірі ғана маска тағады, көпшілігінде ол да жоқ.
“Ығы-жығы базарда коронавирус жұқтырам деп қорықпайсыз ба?” деген сұраққа ол жай иығын қиқаң еткізіп жауап береді.
– Үкімет бізде коронавирус жоқ дейді. Өткенде [жақын жердегі] Расулов ауданында бір кісі қайтыс болыпты деген өсек шыққанда үйде отырсам ба деп бір ойлағам. Бірақ басшылар “ол коронавирус емес, мұндай жалған өсекке сенбеңдер” деген еді, – дейді Зиода.
COVID-19 індеті шыққан Қытаймен шекаралас Тәжікстан басшылығы елде коронавирус жұқтырған бірде-бір адам жоқ деп отыр. Дегенмен аурухана қызметкерлері мен басқа да адамдардың түсініксіз пневмония мен тыныс жолдарының ауруларынан көз жұмып жатқаны туралы хабар жиі тарайды.
Хлор иісі шығатын матамен оралған мәйіттерді туыстарына беріп жіберген жағдайлар болған, әрі жақындарына матаны ашуға рұқсат бермеген. Бір тұрғын Азаттық радиосының Тәжік қызметіне мәйітті алмастан, туысының жаназасын шығарғанын айтқан.
Тағы бір жағдай кезінде жедел жәрдем көлігі мәйітті бірден бейітке апарып, қайтыс болған кісінің туыстарына көліктен бірер метр жерде тұрып қысқа жаназа шығаруға рұқсат берген.
Жерлеуге қатысты мұндай түсініксіз жайттар тәжіктердің арасында “бізге коронавирус келді, үкімет мұны мойындамай отыр” деген күдікті арттырып жіберді. Оның үстіне ел арасында үкімет “бұрынғы қалыпта өмір сүре беріңдер” деу арқылы халық денсаулығын ойыншық етіп отыр ма деген үрейлі ой да қылаң береді.
БҰЛ ЖАЛҒАН ҮРЕЙ МЕ?
Ресми статистикаға сенсек, 27 сәуірдегі жағдай бойынша 9 миллиондай халқы бар Тәжікстанда тек 4100 адам коронавирус сынамасын тапсырған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Тәжікстан Ресей, Қытай және Германиядан жалпы саны 46900 тест сатып алған.
Елде коронавирус сынамасын тексеретін жалғыз зертхана бар, ол Душанбе қаласында орналасқан. Дегенмен вирустың таралуын болдырмау үшін 19 наурызда халықаралық рейстердің келуіне тыйым салынғалы бұл тексеру де тоқтап қалған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Душанбедегі кеңсесінің басшысы Галина Перфилева басында тәжік үкіметінің елде коронавирус жоқ деген сөзін растап келген. Бірақ кейінгі уақытта Перфилеваның сарыны өзгере бастады.
Ресейдің “Коммерсант” газетіне берген сұхбатында ол Тәжікстанның “диагноз қою және емдеу мүмкіндіктерінің шектеулі екенін ескерсек”, шын ахуалдың қандай екенін білу мүмкін емес деген.
– Тәжікстанда коронавирус жоқ деп кесіп айту қиын. COVID-19 дерті кейбір адамда симптомсыз болады. Тәжікстанда да оларды анықтау үшін бүкіл халықтан зертханалық сынама алу мүмкін емес, – деді ол.
Жалпы ахуалды бағалау үшін ДДСҰ жақында Тәжікстанға мамандар жібереді деген жоспар бар.
БАСПАСӨЗГЕ ҚЫСЫМ
Күтпеген жерден Тәжікстан үкіметі үшін қоғамдық денсаулық мәселесі – ең шетін тақырыптың біріне айналды.
Денсаулық сақтау саласының шенеуніктері ақпарат құралдарын пандемия кезінде “жалған ақпарат таратты”, “елді дүрліктірді” деп жиі айыптауға көшті.
Сәуірдің басында өткен баспасөз мәслихаты кезінде шенеуніктердің сөзіне күмән келтіргені үшін екі журналисті полиция бөлімшесіне апарып тергеген.
Күмәнді дертке шалдығып, қайтыс болғандардың көбейгені жайлы ауқымды репортаж жариялаған “Ахбор” ақпарат сайты 22 сәуірде бұғатталып қалған.
Тәжік билігі бұған дейін де БАҚ-қа көп қысым көрсетеді, сөз бостандығын шектейді жиі сыналатын. “Ал коронавирус дағдарысы Тәжікстанда ақпарат таратуды тіпті қиындатып жіберді” деп санайды журналистердің құқықтарын қорғайтын “Шекарасыз репортерлар” ұйымы.
Жаббор Расулов ауданында бір науқас түсінксіз өкпе қабынуынан қайтыс болғаннан соң ауруханада кенеттен карантин енгізілгені туралы Азаттық радиосының Тәжік қызметі хабар таратқаннан кейін журналистерге қысым күшейген.
Сол оқиғадан соң аз ғана уақыт ауырып, карантинде жатып көз жұмған денсаулық сақтау қызметкерлері мен басқа адамдар саны артты.
Сәуірде елдің оңтүстігіндегі Бохтар ауданында әртүрлі екі ауруханада істейтін тазалықшы мен дәрігер араларына бірнеше күн салып қайтыс болды.
Ресми органдар бұл адамдардың туберкулез бен пневмониядан көз жұмғанын, олардың COVID-19 жұқтырмағанын айтып сендірді.
Бұған қоса, ресми органдар дерттің алдын алу мақсатында өте көп адамды карантинге жауып жатыр.
17 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері “Тәжікстанда пневмония дертінің өршуіне салқын ауа райы кінәлі” деді.
Азаматтық белсенділер талап қойған соң министрлік Тәжікстанда 2015 жылдан бері қарай қаңтар-сәуір айларында пневмонияға шалдыққандардың деректерін беруге уәде еткен. БІРАҚ үкімет берген статистикаға сенсек, биыл өкпе дертіне ұшырағандар саны алдыңғы көрсеткіштерден аз болып шыққан. Елдің түкпір-түкпірінен ауырғандардың көп шығып жатқаны және үкіметтің “бұл дерттің өршуіне ауа райы кінәлі” деген мәлімдемесі деректердің растығына күмән туғызады.
ШЕТЕЛДЕН КӨМЕККЕ ЕСІК АШЫҚ
Коронавирус жұқтырған адам мүлде тіркелмесе де, Тәжікстан індеттің алдын алу мақсатында жіберіліп жатқан көмекті қуана қабылдайды. Жылу ақша түрінде немесе азық-түлік, медициналық құрал-жабдық күйінде келіп жатыр.
13 сәуірде Еуропа одағы коронавирус пандемиясының салдарымен күресу үшін Тәжікстанға 48 миллион еуро (53 миллион доллар) бөлуге уәде етті. Ал Дүниежүзілік банк 2 сәуірде Тәжікстанның COVID-19 бойынша төтенше жағдай жобасына 11,3 миллион доллар грантты мақұлдады. Бірнеше күннен соң АҚШ үкіметі Тәжікстанның пандемиямен күресіне деп 866 мың доллар бөлетінін хабарлады.
Тәжікстанға Орталық Азиядағы көршілері – Қазақстан мен Өзбекстан да гуманитарлық көмек жіберді. Ал Халықаралық валюта қоры “Тәжікстан пандемия кесірінен жағдайы нашарлаған 25 елдің қатарында көмек алатындардың тізімінде” деді.
Коронавирус Тәжікстанға жетпесе де, Орталық Азияның кедей елі пандемияның экономикалық салдарынан жапа шегіп жатыр. Елде жұмыс табу қиын болғандықтан, 1 миллионға жуық тәжік азаматы Ресейде мигрант жұмысшы болып нәпақа тауып жүр. Шекара жабылғандықтан, Тәжікстанда қалып қойған олардың көбі әрі қарай қалай күн көрерін білмей әрі-сәрі күйде отыр.
Басқа елдің үкіметтері миллиондаған доллар көмек қаржыдан басқа қандай да бір жәрдем де, ел азаматтарының табыс көзін арттыру жолдарын да ұсынған жоқ.
ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС
27 сәуірдегі жағдай бойынша, Тәжікстандағы университеттер мен базарлар ашық, оларда кісі қарасы көп. Бірақ ресми түрде коронавирус жоқ дегенімен, Тәжікстандағы жағдай дәл бұрынғыдай емес.
25 сәуірде ресми орындар “халық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында” мектептер мен балабақшалардың екі аптаға жабылатынын кенеттен жариялады.
Сол күні Денсаулық сақтау министрлігі спорт жарысы, концерт сияқты жұрт көп қатысатын жиындардың барлығына тыйым салды. Тәжікстанның жоғарғы деңгейдегі футбол лигасы жанкүйерсіз матчтарын жалғасырып жатқаны үшін әлемге танылып, телетрансляцияны футболды сүйіп көретін Испания, Сербия, Украина сияқты елдерге сатқан. Сондықтан бұл Тәжікстан үшін үлкен жаңалық болды.
Душанбе мен басқа елдімекендерде ресми ғимараттар, базарлар және қоғамдық көліктер жиі дезинфекцияланып тұрады. Базар сатушылары қолғап киюі, ал қоғамдық көлік жүргізушілері маска тағуы тиіс. Дегенмен әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережесі енгізілген жоқ.
Худжанд базарында көк-сөк сататын Зиода үлкен отбасын асырау үшін күні бойы сауда жасауға мәжбүр. Оның үстіне, ол әр таңда жеткізушілерді аралап, жаңа тауар, көк-сөк алып қайтады. Маскадан байқау қиын болса да, күні бойы еңбектеніп, үйіне қайтып бара жатқан Зиоданың қуана күлімсірегенін сезуге болады.
ПІКІРЛЕР