Accessibility links

Хиджапқа қарсылық. Тәліптер бейбіт шеруге шыққандардың соңына түсіп, журналистерге шабуылдайды


Әйелдерді хиджап киюді мндеттейтін тәртіпке қарсы бейбіт акцияға қатысушылар.
Әйелдерді хиджап киюді мндеттейтін тәртіпке қарсы бейбіт акцияға қатысушылар.

Кейінгі апталарда Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы бейбіт наразылықтар мен сөз бостандығын басып-жаншуды жиілетті. Кабулдағы үйінде шабуылға ұшыраған журналист мұны содырлардан көріп отыр. Сондай-ақ тәліптердің бейбіт наразылыққа қатысқан екі әйелді тұтқындағаны жайлы хабар тарады.

Ауғанстанда тәліптердің билікке келуі сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін тасада қалдырды. Ал жуырда белсенділер мен журналистерге жасалған шабуылдар жағдайдың әлі де нашарлай түсетінін сездіргендей болды.

Өткен аптада жағдай тіпті ушығып кетті: бір журналист үйінде шабуылға ұшырап, әйелдер құқығын талап етіп наразылыққа шыққандар қамауға алынды.

Тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда билікті басып алғанда, 20 жыл бойы журналист болған Зәки Қайс Khawar TV тәуелсіз телеарнасындағы жұмысынан кетуге мәжбүр болған. Ол 15 қаңтарда соққыға жығылып, басы мен мойны көгерген.

"Біреу шашымнан ұстап, тағы бір адам қақпаны маған қарай итерді" деді ол Азаттықтың Ауған қызметі – Азади радиосына. Қарулы адамдар оны үйінің жанында күтіп тұрған.

"Олар басымды қақпаға қысты" дейді журналист.

Кабул көшесінде келе жатқан әйелдер. Ауғанстан, 3 қаңтар 2022 жыл.
Кабул көшесінде келе жатқан әйелдер. Ауғанстан, 3 қаңтар 2022 жыл.

Қайс өзін әлгі адамдардың белгісіз затпен басынан ұрғанын, қақпаны ашпас бұрын пышаққа түсе жаздап, әрең аман қалғанын айтады.

Ол "Талибан" билігі мен жақтастары бірнеше рет соңына түсіп, ұрып-соққанын, қорыққаннан отбасымен тығылып жүретінін айтып, шабуыл жасаған адамдарды танымайтынын жеткізді.

Тәліптер бұл шабуыл жайлы ешқандай пікір білдірмеді. Ал сарапшылар зерттеу жүргізуді талап етті.

"Ауғанстандағы "Талибан" билігі Зәки Қайсқа шабуыл жасағандарды анықтап, жауапқа тарту үшін дереу тергеу бастауы керек" деді 19 қаңтарда Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитетінің" (CPJ) Азиядағы бағдарламаларының үйлестірушісі Стивен Батлер.

Мұндай жағдайға ұшыраған жалғыз Қайс емес. Өткен аптада қарулы адамдар еркіндік талап етіп наразылыққа шыққан әйелдерге де шабуыл жасаған.

"Талибан" өкілдері әйел құқығын қорғау акциясына шыққан адамның кеудесінен итеріп, тоқтатып тұр. Кабул, 21 қазан 2021 жыл.
"Талибан" өкілдері әйел құқығын қорғау акциясына шыққан адамның кеудесінен итеріп, тоқтатып тұр. Кабул, 21 қазан 2021 жыл.

Қамауға алынбағандардың көбі бассауғалап, үйін тастап қашып кеткендер. Наразылыққа шыққан әйелдердің бірі Азаттық радиосына 19 қаңтарда тәліптер кей әйелді "далада және қарда" қалдырғанын, сол түні бірнеше әйелдің үйін тастап кетуге мәжбүр болғанын айтты.

Тамана Зарияби Париани мен Парвана Ибрахихелді сол түні өздерін тәліптердің барлау агентіміз деп таныстырған адамдар қамауға алған. Ол екеуі Кабулдағы наразылықтарға қатысқан, оның ішінде 16 қаңтарда тәліп полициясы аэрозоль шашып таратқан "хиджабқа қарсы" акцияға да барған.

Үш күннен соң әлеуметтік желіде жарияланған видеода Париани біреулер есік қағып тұрғанын айтып, көмек сұраған.

"Көмектесіңіздер, өтінемін, тәліптер үйіме келді, – дейді ол. – Үйде сіңлілерім ғана бар".

Париани мен Ибрахихелдің одан кейінгі тағдыры жайлы әртүрлі ақпарат бар. Кей баспасөз құралдары тәліптердің оларды босатқанын, ал кейбірі қайда екені белгісіз екенін айтады. Парианидің үш сіңлісі де қамауға алынған.

"Талибан" полициясының баспасөз хатшысы Тамана Зарияби Парианидің видеосын жария түрде жоққа шығарып, "қолдан жасалған қойылым" деп атады. Бірақ Азаттық радиосының осы іс жайлы қойған сауалына жауап бермеді.

"Талибан" барлау қызметінің баспасөз қызметі Париани мен Ибрахимхелдің қамауға алынғанын жоққа да шығармады, растаған да жоқ. Бірақ Твиттерде екіұшты жауап берді.

"Ауғандардың діни ұлттық құндылықтарын қорлауға енді жол берілмейді" деп жазды Халид Хамраз наразылық кезінде пәренжені жағып жібергенін меңзеп. Тәліптер діни полициясы барша әйелді жамылғы киіп жүруге міндеттейді.

Хамраз "шетелден пана алғысы кеп жүрген адам құқығын қорғаушылар тәліптерге жала жабады" деп айыптай сөйледі.

1996-2001 жылдары Ауғанстанда билікте болған кезде "Талибан" қозғалысы репрессияшыл заңдарымен танылған. Тәліптер әйелдердің жұмыс істеуіне, қыздардың білім алуына тыйым салған. Былтыр жазда Ауғанстанда билікке қайта келгенде бұл топ "ислам ұстанымдары мен ұлттық мүддеге қайшы келмейтін ой еркіндігін шектемейміз" деп мәлімдеген.

"Талибан" қозғалысы өкілдері Кабул маңындағы жотада тұр. 10 қаңтар 2022 жыл.
"Талибан" қозғалысы өкілдері Кабул маңындағы жотада тұр. 10 қаңтар 2022 жыл.

Бірақ тәліптер әйел құқығын шектейтін заңдарды қайта енгізуге қарсы адамдарға жиі күш қолданып жүр. Олар әйелдердің бәрін пәренжі киюге міндеттеп, ер адамсыз далаға жалғыз шығуына, қыздардың білім алуына тыйым салды.

Әйелдер наразылығынан хабар таратқан журналистер де қамауға алынды. Бұл олардың қауіпсіздігіне, Ауғанстандағы тәуелсіз баспасөз құралдарының болашағына алаңдаушылықты күшейтіп отыр.

Елде 2021 жылғы тамыздан бері ондаған баспасөз құралы жабылды. Он журналистің сегізі басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Жұмысын жалғастырып жатқандар қысымға ұшырап, цензураға тап болған.

"Талибан" өкілдері әйелдер құқығын шектеуге қарсы бейбіт акцияға шыққан қыз-келіншектерді тарату үшін әскери қарудан әуеге оқ атып тұр. Кабул, 28 желтоқсан 2021 жыл.
"Талибан" өкілдері әйелдер құқығын шектеуге қарсы бейбіт акцияға шыққан қыз-келіншектерді тарату үшін әскери қарудан әуеге оқ атып тұр. Кабул, 28 желтоқсан 2021 жыл.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 2022 жылғы баяндамасында Ауғанстандағы баспасөз құралдарына тәліптер ғана емес, бірнеше журналисті өлтірген "Ислам мемлекеті" экстремист тобының содырлары да қауіп төндіріп тұрғанын жазды.

Бірақ түптеп келгенде тәліптер журналистерді қорғауы керек дейді Ауғанстан медиасын қолдау агенттігінің адвокаты Насира Ахмад Нури.

"Тәліптер Ауғанстанда не болып жатқанының бәрін бақылап отыр, – деді Нури Азаттық радиосына. – Егер олар есеп бермей, жағдай осылай жалғаса берсе, баспасөз құралдары қорғаусыз қалып, бірінен соң бірі жабылады".

Азаттықтың Ауған қызметі – Азади радиосы материалынан дайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG